Басты жаңалықтар

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ —  МҰҒАЛІМНІҢ КӨМЕКШІСІ

Жолдау

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісі ретінде» тақырыбында жиын өтті.

Іс-шараға «Amanat» партиясы облыстық филиалының өкілдері, облыстық білім басқармасының қызметкерлері, әдістемелік орталықтардың мамандары, «Daryn Ustaz» орталығының өкілдері, мектеп және колледж басшылары қатысты.

Модератор Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі Дархан Шаңбаев басқосудың негізгі мақсаты жасанды интеллектінің білім берудегі әлеуетін, атап айтқанда, оның педагогтің күнделікті жұмысын жеңілдетудегі, оқыту сапасын арттырудағы рөлін жан-жақты талқылау екенін атап өтті.

Алғашқы сөзді «Аmanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Әсел Сарманова айтты.

— Біз бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көрсетілген стратегиялық міндеттерді, оның ішінде білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесін талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл — еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Amanat» партиясы осы тапсырмаларды іске асыру үшін «Цифрлық қоғам» жобасын бастады. Пилоттық жоба қазірдің өзінде бірнеше өңірде  оң нәтиже көрсетіп отыр. Оның мақсаты — халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және жасанды интеллектіні  білім беру процесіне енгізуге негіз қалау.

Бүгін біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, «Daryn Ustaz» орталығы әзірлеген «Жасанды интеллект мұғалімнің көмекшісі ретінде» жаңа курсын таныстырып отырмыз. Бұл курс мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, сабақ дайындауды тиімді етуге және жасанды интеллектіні дұрыс қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ Daryn.ai платформасы ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсететін маңызды құралға айналды. «Amanat» партиясы білім саласын әрдайым басты назарда ұстайды. Жаңа мектептер салу, апатты мектептерді жою, педагог мәртебесін сақтау, білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізу — партия жүйелі түрде атқарып келе жатқан жұмыстың бір бөлігі.

17 қарашада қабылданған «Жасанды интеллект туралы» Заң бұл бағыттың стратегиялық маңызын тағы да айқындап берді. Біз осы тарихи кезеңде ұстаздармен бірге жұмыс істеп, жаңа білім беру парадигмасын қалыптастыруға атсалысамыз. Жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысын мектеп жасынан қалыптастыру —  уақыт талабы. Бұл ретте мұғалімдердің жаңа технологияларды меңгеруі ерекше маңызды. Бүгінде партия мүшелерінің үштен бірі — ұстаздар. Бұл — сіздердің ел дамуына қосып отырған зор үлесіңіздің айғағы, — деді Әсел Сарманова.

Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Облыс көлемінде бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалардың барлығы облыс педагогтерінің технологияны тұтынушы ғана емес, сонымен қатар оны оқу процесін жақсарту үшін тиімді қолданатын кәсіби маман ретінде қалыптасуына негіз болады. Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізу — әр пән бойынша оқытуды оңтайландырып, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға жол ашатынын айтты.

— Бүгінде Ақтөбе облысында 3 мыңнан астам педагог сабақтарында жасанды интеллект элементтерін қолданады. Бұл қатарда мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері де бар. 600-ден астам мұғалім өз тәжірибесін облыс көлемінде таратуды бастап кетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және өңірдің білім беру жүйесін стратегиялық тұрғыда дамыту мақсатында Ақтөбе облысының білім ұйымдарына жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңмен енгізу жөніндегі арнайы Жол картасы әзірленді. Бұл құжат оқыту сапасын арттыруға, басқару тиімділігін күшейтуге, оқушылардың заманауи цифрлық құзыреттерін дамытуға және информатиканы басқа пәндермен кіріктіріп оқытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр, — деді Бұлбұл  Күзембаева.

Осы жиынға Астана қаласынан арнайы келген «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының жетекшісі Айбек Қуатбай:

— Біздің орталық «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Цифрлық қоғам» бастамасы аясында мұғалімдерді жасанды интеллект курсынан тегін өткізуді ұйымдастырып жатыр. Бұл курс желтоқсан айының соңына дейін қарастырылған. Мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта оқи алады. Курс Daryn.ai платформасында тәулік бойы қолжетімді. Дәл қазіргі таңда бізде 24 күннің ішінде курсқа республика көлемінде 200 мыңнан астам мұғалім тіркелді.

Ақтөбе облысының педагогтері де «Жасанды интеллект: мұғалімнің көмекшісі ретінде» атты біліктілікті арттыру курсын тегін өтеді. Курсты сәтті аяқтаған ұстаздар Астанада өтетін хакатонға өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Байқаудың 20 жеңімпазы Оңтүстік Кореяда тегін тәжірибеден өтуге жолдама иеленбек, — деді.

Осылайша бұл бастама педагогтердің цифрлық сауатын арттырып, оқу үдерісін тиімді жаңғыртуға жол ашпақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button