Жұмысшы мамандықтары жылы

Еңбек адамдарын жырға қосты

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жас ақындардың жыр бәйгесі өтті. «Еңбектің даңқы — елдің мақтанышы» атты қалалық мүшәйраға 17-24 жас аралығындағы қыз-жігіттер қатысқан.

Жас ақындардың әрқайсысы мүшәйраға  екі өлеңнен ұсынды. Оның бірі  — еркін тақырып, екіншісі — еңбек адамы арқау болған жырлар.Жастардың шығармашылығын бағалаған қазылар құрамында Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов, жеке шығармашылықты дамыту орталығының жетекшісі Гүлжайнар Калдина, сондай-ақ қаладағы жастар ресурстық орталығының басшысы Әлішер Садық болды.

Ел дамуы үшін күн сайын маңдай терін төгіп жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні — осы жандардың мәртебесін айшықтайтын мереке. Сондықтан біз жас ақындардың өлеңі арқылы еңбектің даңқын дәріптеп, жастардың бойына адал еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңіргіміз келеді,— деді Ә.Садық.

Мүшәйраға қатысушының бірі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 4-курс студенті Александр Мәруаұлыөз шығармашылығы туралы  айтты.

Өлең жазуды мектепте жүріп қолға алдым. Содан бері тәжірибе жинап,  ағалардың жолын көріп, ақыл-кеңесін тыңдап өсіп келеміз.

Менің ойымша, қоғамға қызмет етіп жүрген әрбір жан — еңбек адамы. Өйткені барлығы бір мақсатқа, ел игілігіне үлес қосып жүр. Әрбір еңбек бағалы, — деді ол.

Бәйге қорытындысы бойынша №2 Шұбарқұдық орта мектебінің мұғалімі Диас Тайшыновүздік деп танылып, Іорын иеленді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері Арай Нұрадинмен Александр МәруаұлыІІ орынды, ал СаятМыңбаймен Ернат НұрлыбекІІІ орынды еншіледі.

Жеңімпаздардың бәрі ақшалай сыймен марапатталды.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button