ЖастарЖұмысшы мамандықтары жылы

Тәжірибе және кәсіби бағдар

Жұмысшы мамандықтары жылына және Еңбек күні мерекесіне орай «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек — еңбектің мәні» атты Tedx Talks форматындағы іс-шара өтті. Оны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған.

Шығармашылық академиясында өткен кездесудің мақсаты — жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру, жастарды кәсіби бағдарлау, еңбек құндылығын дәріптеу және Абайдың «Толық адам» концепциясы аясында толыққанды тұлға тәрбиелеу. Сонымен қатар жастарға еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерді таныстыру, табысты еңбек етудің рухани-адамгершілік негіздерін насихаттау көзделді.

Кездесуде түрлі сала мамандары сөз алып, жастарға еңбек пен білімнің маңызын түсіндірді. Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің бөлім меңгерушісі, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы Дархан Шаңбаев мұғалімнің жастар бойына ізденімпаздық пен еңбекқорлықты сіңірудегі рөлі туралы сөз қозғады. Ал Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінің ұстазы Амандық Снабек оқытудың жаңа тәсілдері туралы айтты. Ол заманауи технологияны пайдалана отырып, 3D форматтағы виртуалды көзілдірік арқылы жасалған арнайы жинақтарды, электронды кітаптарды көрсетті.

Сонымен қатар Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкері Әлішер Саматай өндірістегі тәртіп, қауіпсіздік пен еңбек мәдениетінің маңызын атап өтті. Дөң тау-кен байыту комбинатының диспетчері Хакім Сатаев жас мамандарға  тәжірибелік кеңесін жеткізді.Ал eGames студиясының негізін қалаушы Артём Хайрулин «Болашақты біз өзіміз бағдарламалаймыз» тақырыбында сөз сөйлеп, жаңа технологияларды меңгерудің артықшылығына тоқталды.
Іс-шара барысында студенттер мамандарға сұрақ қойып, пікір алмасты.

Кездесуді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Мәди Кемешовқорытындылады. Ол еңбек құндылығы мен заманауи технологиялардың өзара байланысына тоқталып, жасанды интеллектінің мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

Еңбек — жетістікке жетудің басты жолы. Жасанды интеллект қарапайым жұмысты жеңілдеткенімен, ол адам бойындағы адалдық, табандылық және жауапкершілік қасиеттерін алмастыра алмайды. Абай айтқандай, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек — еңбектің шынайы мәні, — деді ол.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button