Жастар

ЖАС ЕҢБЕККЕРЛЕРДІҢ МЕРЕЙІ  

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХХІ маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Жастарды еңбекке баулып, әлеуметтік белсенділігін арттыру, сондай-ақ экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарауға ынталандыруға бағытталған аталған бағдарламаға биыл өңір бойынша 3300-ден астам жігіт-қыз тартылған. Облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, олардың арасында жоғары сынып оқушылары, студенттер, 35 жасқа толмаған жұмыссыздар бар.

— Әне-міне дегенше, жастардың кезекті еңбек маусымын аяқтайтын кезге де жетіп қалыппыз. Жаз бойы тынбай еткен еңбегіңіз, өңіріміздің тазалығына қосқан үлесіңіз үшін облыс әкімі атынан ризашылығымызды білдіреміз. Осындай нәтижелі еңбек етіп, жоғары жетістікке жете беріңіздер, — деп лебізін білдірді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Ал «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматов облыс командасының биыл «Жылдың үздік еңбек жасағы» атанғанын хабарлап, диплом мен арнайы мүсіншемен марапаттады.

Салтанатты жиын барысында «Жасыл елде» жұмыс істеген Нұрсәт Құмар, Мирас Бекарыстанов, Любовь Козловалар «Үздік сарбаз»  аталымын иеленсе, студент Мөлдір Сайынова «Үздік командир» деген атаққа лайық деп танылды. Сонымен қатар Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет», Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі «Үздік оқу орны», «АгрофирмаКоквест» ЖШС «Үздік жұмыс беруші», Қобда аудандық жастар ресурстық орталығы «Жыл көшбасшысы», Алға аудандық жастар ресурстық орталығы «Ұйымшыл еңбек жасағы», Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығы «Үздік еңбек жасағы» ретінде құрметке бөленді. Одан бөлек ерекше көзге түскен 150 жасқа Астана қаласына 3 күндік танымдық сапарға жолдама табысталды.

Осы «Жасыл ел» жасағында 3 жылдан бері еңбек етіп жүрмін. Бұл, ең бірінші кезекте, жазғы каникулдағы табыс көзі болса, екіншіден, қатарластарыммен уақытты тиімді әрі қызықты өткізудің амалы деп білемін. Келер жылы да жұмыс істемек ойым бар. Еңбегімнің еленіп, «Үздік сарбаз» атанғаныма қуаныштымын, — дейді Мирас Бекарыстанов.

Мәди Қадыров бастаған эстрада әншілері өнер көрсеткен кеш еңбек жасағының әнұранымен аяқталды.

Шараға атқарушы билік өкілдері, жұмысшы жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, барлығы жүзден астам адам қатысты.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button