Арманым — елге адал қызмет ететін тергеуші болу

Мамандық
Әр азаматтың жүрегінде бала кезден бастап Отанға, халқына қызмет етсем деген үлкен арман болады. Біреу ұшқыш болуды қалайды, енді бірі дәрігер атануға құлшынады. Ал менің бала жүрегімде ел тыныштығын сақтау, әділет пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамға адал қызмет ету арманы ерте тұтанды. Осы арман мені Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына әкелді. Бүгінде осы оқу орнының 1-курс курсантымын.
Полиция формасын алғаш киген сәттен бастап-ақ бойымда ерекше мақтаныш сезімі мен зор жауапкершілік пайда болды. Себебі бұл — жай ғана форма емес, тәртіп пен тұрақтылықтың, сенім мен әділеттіліктің белгісі. Мен үшін полиция болу —ел игілігі үшін адал еңбек ету, қоғам мүддесін қорғау, халық сенімін ақтау.
Қазіргі таңда институт қабырғасында «Заңгер» ғылыми үйірмесі шеңберінде болашақ құқық қорғау қызметкері ретінде заң саласындағы терең білім мен кәсіби дағдыларды меңгеріп жатырмыз.
«Заңгер» ғылыми үйірме жұмысының негізгі мақсаты — курсанттардың құқықтық ой-өрісін кеңейту, заңнамаларды дұрыс түсініп, оны іс жүзінде қолдану қабілетін дамыту. «Заңгер» ғылыми үйірмесіне қатысқаннан бері менің тергеуші болу туралы арманым бұрынғыдан да айқындала түсті. Үйірме жұмыстары мен кездесулер барысында заң саласының күрделілігі мен жауапкершілігін терең түсіндім. «Заңгер» ғылыми үйірме жетекшісі полиция подполковнигі С.Мендыбаеваның сабақтары мен бағыт-бағдары үлкен шабыт береді. Оқытушының әрбір сөзі мен іс-әрекеті арқылы тергеуші мамандығының маңызын, адалдық пен сабырдың, принципшілдік пен табандылықтың мәнін ұғындым.
«Заңгер» ғылыми үйірме аясында ғылыми мақалалар жазып, құқықтық тақырыптарда пікірталастар өткіземіз, нақты істерді талдап, заң нормаларын тәжірибеде қолдануға машықтанамыз. Сонымен қатар болашақ тергеуші, прокурор немесе сот қызметкері ретінде әділдік, адалдық, жауапкершілік пен адамгершілік қағидаларын ұстануды үйренеміз.Әрбір өткен күн арманыма жақындататынын айқын түсінемін.
Тергеуші болу — жай ғана мамандық емес, әділдік жолындағы күрес, ел сенімін арқалау, қоғамдағы тыныштық пен заңдылықтың қорғаны болу. Бұл жолда мен өзіме артылған сенімді ақтауға, елімнің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін адал еңбек етуге дайынмын. Себебі менің жүрегімде бір ғана мақсат бар — халқыма адал қызмет ететін, заңға берік, әділет жолында тайсалмайтын нағыз тергеуші болу.
Мадина ӘДІЛХАН,
Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының
1-курс 106-оқу тобының курсанты.



