Жұмысшы мамандықтары жылы

Колледж студенттері Ақтөбе металл құрастыру зауытының жұмысымен танысты

Ақтөбе облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының бастамасымен колледж студенттеріне арналған өндірістік экскурсия өтті. Іс-шара аясында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің 30-дан астам студенті Ақтөбе металл құрастыру зауытына барып, өндірістік цехтармен, өнім дайындау технологиясымен және техникалармен танысты.

Aқтөбе металл құрастыру зауы 1968 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда қазір 86 адам еңбек етіп жатыр. Ал зауыттың қуаты артқан кезде 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорында айына 2000 тонна құрылыс металл конструкциялары және тағы басқа өнім өндіріледі. Жастар әр жұмысшының қызметін жіті бақылап, зауыт жұмысшысы болу жауапкершілігі жоғары мамандық екенін түсінді.

-Экскурсия біз үшін қызықты әрі пайдалы болды. Зауытта құрылысқа қажетті металл бұйымдарының қалай шығарылатынын өз көзімізбен көріп, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу барысын бақыладық. Мұндағы мамандар әр цехты жеке-жеке таныстырып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша теория жүзінде алған білімімді тәжірибемен ұштастырып, кәсіби бағытыма қызығушылығым арта түсті. Болашақта дәл осындай ірі өндіріс орнында еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді,  – деді Азиз Анваров.

«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе облысында ауқымды шаралар қолға алынып, 1000-ға жуық адам қамтылған.

-Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Осы орайда біз жұмысшы мамандықтарға қызығушылықты арттыру мақсатында әртүрлі шараларды жүзеге асырып келеміз. Оның ішінде жұмысшы мамандық өкілдерімен кездесулер және осындай танымдық экскурсиялар бар. Бұған дейін Ақтөбе ферроқорытпа зауытына экскурсия өткіздік, – деді «Жастар Рухы» Жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Әлішер Тыныштық.

        Меңтай Бектұрсынова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button