Ортақ міндет, тың бастама

Нұржан Шаңғытбай, «Атамекен» студенттер отрядының жастар ҚБ төрағасы
БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғаламдық экологиялық мәселелерге ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялау туралы бастама көтерді.
Президент сөзінде климаттың өзгеруі Орталық Азияға айрықша қатер төндіріп отырғанын атап өтті. Соңғы жылдары өңірдегі ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам өсіп жатыр. Бұл мұздықтардың еруіне, су тапшылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етуде. Тоқаев Қазақстанның Арал теңізін сақтап қалу жолында халықаралық ынтымақтастық тәжірибесін алға тартты. Бірақ бүгінде Каспий теңізінің тартылуы бүкіл әлем назарын қажет ететін жаһандық мәселе екенін ескертті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан One Water саммитін ұйымдастырғанын айтып, су ресурстарын сақтау үшін халықаралық деңгейде инвестиция мен бірлескен қадамдар керектігін жеткізді. Алдағы жылы Астанада өңірлік экологиялық саммит өтетінін хабарлады.
Тоқаевтың ұсынысы – тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды қадам. Өйткені көгалдандыру, экологияны қорғау және еріктілер қозғалысын қолдау – әр елдің болашағына әсер ететін ортақ міндет.



