Пікір

Мақсатқа жету жолында…

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Ұлы бабаларымыз «Талаптыға нұр жауар» дегенде, алға мақсат қойып, оған ұмтылудың маңыздылығына мән берген. Ал Абай «талаптың өзі де түрлі-түрлі» екенін айтады. Біз қандай мақсаттарға ұмтыламыз?

Бұл сауалдың жауабын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауынан табамыз.

Басты мақсат — айқын

Жаңа Қазақстан, оның келбеті мен даму деңгейі қандай болмақ  — бұл әрқайсысымызды толғандыратын сауал. Өйткені әр отбасының, әр қазақстандықтың өмірі мемлекеттің қандай болмағына байланысты екені белгілі. Соның ішінде алға жылжу дегеніміз, ең алдымен, болашақ Қазақстанның келбетін нақты айқындау, ал оған жетудің жолдарын, амал-тетіктерін, құралдары мен технологияларын іздеу содан кейін қолға алынады. Жолдауды талқылау — жақын уақыттағы маңызды міндет. Осыған орай мен де айрықша назар аударарлық тұстарға тоқталып, кейбір ой-пікірімді жеткізсем деймін. Ең алдымен, нақты іс-шаралар мен еліміздің болашағын қалай айқындайтынымызды, осылардың арақатынасын анықтап алу мәселесінен бастаған дұрыс. Көріп отырғанымыздай, биылғы Жолдаудың талаптарын ескеріп, барлық мақсат-межені бір жүйеге —  ең басты мақсат нақ әрі ұғынықты белгіленген стратегияға — тоғыстыру керек.

Екінші мәселе түрлі бағыттар бойынша іс-қимылдардың мазмұнынан туындайды. Өнеркәсіп секторын дамытуға байланысты өз ой-пікірімді бұған дейін де бірнеше рет айттым, жалпы алғанда ол экономист ғалымдардың, Парламент депутаттары мен аймақ басшыларының басым бөлігінің пікірімен үндеседі.Бүгінде ұлттық экономиканың жетістіктерін, негізінен, мұнай секторы қамтамасыз етіп отыр. Экономикада шикізатты өндіру бағытының басым болуы оны әлемдегі шикізат бағасының құбылуына тәуелді етеді. Ал мұның жағымсыз салдары да болуы мүмкін.

Өкінішке қарай, өңдеу өнеркәсібінің даму деңгейі әлі де төмен. Осы сәйкессіздікті жою — мемлекеттің басты стратегиялық міндеті. ИИДБ, ҮИИД,  басқа да ұлттық бағдарламалардың нәтижесінде Қазақстанда индустриалды серпінді дамудың тәжірибесі бар. Өңірлердің мүмкіндігін іске қосу, бұрынғы тәжірибеге сүйену еліміздің жаңа индустриалды бағытын қолдаудың жақсы бір тетігіне айналуы әбден мүмкін. Бұл жерде жасанды интеллектіні қолдану және жоғары бәсекелестік жағдайында инвестициялар тарта білу маңызды рөл атқарары сөзсіз.

Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, нақты тапсырмалар атап көрсетілген. Оларды іске асыру — Үкіметтің, тиісті салалық министрліктердің, аймақтар мен стратегиялық жоспарлау институттарының бірінші кезектегі міндеті. Сонымен қатар бұл саланы энергетикалық тұрғыдан қамтамасыз ететін орталықтарды дамытуды да назардан тыс қалдыруға болмайды.

Агрохабтар керек

Президент отандық агроөнеркәсіп кешенінің орасан зор әлеуетін толық ашу мәселесін орынды көтерді, бұл мақсатта мемлекет тарапынан ауқымды қолдау да көрсетіліп жатыр. Осы бағыттағы жобаларды қолдау үшін тек биылдың өзінде ғана бір триллион теңге қаржы бөлінген, сондай-ақ банктерден қомақты несие беріліп, шетелден инвестиция тартылды.

Алайда аграрлық саладағы басқару қызметі жаңа тетіктерді іске қосуды талап етеді. Ауыл шаруашылығы экономикасы мықты ресурстық базаға ғана тәуелді емес, оны нарықтық шаруашылық тетіктерін, әлемдік тәжірибені және басқарудың жаңа технологияларын ескере отырып реформалау керек. Бұл пікір осы саланың негізін құрайтын ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мен сыртқы нарыққа шығару сынды тармақтарына да қатысты.

Аграрлық сектор мемлекет тарапынан қаржы-несиелік, салық, баға және әлеуметтік саясат тұрғысындағы іс-шаралардан басқа да қолдауды қажет етеді.

Агрохабтар сынды жаңа ұйымдастырушылық формаларды дамыту керек. Кәсіпорындарға озық ғылыми негіздемелер мен технологиялық қолдау механизмдері ұсынылғаны жөн.

Президент аграрлық саладағы тиімді тәжірибелерді, соның ішінде тұтас өндірісті толығымен жолға қойған агрокәсіпорындарды мысалға келтірді. Ондай кәсіпорындар барлық аймақта бар. Алайда озық тәжірибе кең таралмай, жекелеген кәсіпорындармен ғана шектеліп қалып отыр, бұл жергілікті жердегі басқару органдарын ойландыруы керек.  Ғылыми орта да аталған процестерден, оларды теоретикалық тұрғыда негіздеуден тыс қалды.

Мемлекет басшысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін тиімді пайдалану, оны дамытудың нақты іске асатын стратегиясын әзірлеу туралы мәселені өте орынды көтерді. Қазір біз жақын жылдар мен болашақта нені және қанша көлемде өндіретінімізді, өнімді қайда шығаратынымызды, ішкі нарықты қамту керек пе, немесе экспортты дамытамыз ба деген мәселелерді егжей-тегжей айқындап болған жоқпыз. Осының бәрі енді жасанды интеллектінің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісінің ұтымды стратегиясын әзірлеу керегін айғақтайды.

Көлік жүйесін цифрландыру

Президент өз Жолдауында атап көрсеткендей, ел аумағының дамуы көлік пен логистиканы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға тікелей байланысты болып отыр. Қала құрылысы саласында бұрынғыдан өзгеше, жаңа дәуір басталды, әлемдік осы үдерістен біз де тыс қалған жоқпыз. Alatau City жобасын іске асыру жолындағы қадамдар өте құптарлық, оның құрылысына әлемдік деңгейдегі компаниялар тартылған.

Alatau City-дің институционалдық негіздерін қалыптастыру бүкіл еліміз үшін инновациялық тәжірибеге айналып, болашақта жаңа ғылыми-инновациялық орталықтар құру мен заманауи қалалар салу ісіне қолданылатын болады.

Елімізде қазір жүзеге асырылып жатқан «ақылды қалалар» тұжырымдамасымен бірге, бұл модель де заманауи қала құрылысына бағытталған елеулі қадам.

Жаңа мегаполистерді дамыта отырып, біз республикалық маңызы бар және аймақтық деңгейдегі, сонымен бірге шағын қалаларды жаңғырту мәселесін де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Олардың инфрақұрылымы, негізінен алғанда, өткен ғасырда қалыптасқандықтан, тұрғындардың сұранысын зорға қанағаттандырып отыр.

Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін әлі де арттыра түсетін зор мүмкіндікке ие. «Солтүстік — Оңтүстік», «Шығыс — Батыс» дәліздері еліміздің Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін  күшейте түсті. Мемлекет басшысы атап айтқандай, былтыр біздің территориямыз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Біз осы орнымызды сақтап қана қалмай, әлеуетімізді одан әрі арттыруымыз керек. Бұл орайда әсіресе Транскаспий көлік бағытын назарда ұстаған жөн.

Бірыңғай көлік жүйесін құру үшін бізге барлық деңгейде цифрлық технология мен жасанды интеллектіні іске тарту қажет. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, тасымалды басқарудың кешенді, көпбейінді цифрлық платформасын енгізу, сондай-ақ кеден және логистика қызметін көрсететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосу — осы бағыттағы маңызды қадам.

Біз шекаралық өткізу бекеттерін жаңғыртуды дер уақытында қолға алдық. Президент атап көрсеткендей, биыл 8 пункт толығымен іске қосылып, алдағы үш жылдың ішінде тағы 34 пункт жаңартылмақ. Бұл істе артта қалу, басқасын айтпағанда, елдің имиджіне едәуір нұқсан келтірер еді. Сондықтан шекарадағы жаңғырту ісіне өңірлер де мүдделі болып,бастамашылдық танытуы керек.

Мемлекеттік қызметке мамандар даярлау

Президент елді өркендету жолында атап көрсеткен өзекті мәселенің тағы бірі — бизнес-құрылымдарды жаңғырту. Ұлттық экономиканы дамытуда шешуші рөл мемлекеттік секторға емес, кәсіпкерлікке жүктеледі деп санаймыз. Алайда іс жүзінде ұлттық экономиканың даму көрсеткіштеріне мемлекеттік сектор айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұл нарықтық механизмдерге толықтай сәйкес келмейді. Бұл жерде бізге айналып өтуге болмайтын бір-ақ шешім бар. Ол — мемлекеттік сектор кәсіпорындарының санын азайту, оларды жекешелендіріп, мемлекетсіздендіру.

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту да — өткір тұрған өзекті мәселелердің бірі. Президент Жолдауында бұл туралы да айтылды, менөз пікірімді де жеткізсем деймін.

Мамандар бұрынғыша тек теориялық тұрғыдан ғана даярланады, оқу сабақтарында мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік органдардың нақты проблемалары туралы айтылмайды, оқыту әдістері қолданылатын технологиялардан кенжелеп қалған. Соңғы жылдары осы мәселелер бойынша қорғалған докторлық және магистрлік диссертациялар кейбір мәселелер бойынша өзекті емес тақырыптарға арналған. Бұл тұста университеттердің атын атап көрсеткім келмейді, өйткені сөз ортақ кемшіліктер жөнінде болып отыр.

Белгілі бір шамадакейбір жоғары оқу орындарына диссертациялық жұмыстардың тақырып аясын кеңейтіп, мемлекеттік қызметтің қандай да бір тармағына және жекелеген нақты проблемалар мен міндеттердің шешіміне бағыттаудың сәті түскен. Мұның өзі жоғары білікті мамандарды даярлаудың жобалық-бағдарлық негізін құруға жол ашты, дегенмен енді жасанды интеллектіні қолдану арқылы осы тәжірибені барлық деңгейдегі мамандарды даярлауға енгізу міндеті алға шықты.

Қазіргі қазақстандық мемлекеттік қызметшілер аппаратының сарапшылық қасиет пен міндеттерді жүзеге асырудағы тиянақтылық сынды өз мықты жақтары да бар. Соңғы жылдарда мемлекеттік қызметкерлердің ғылымисауаттылық деңгейін көтеру, заманауи ақпараттық технологияларды меңгеру дағдысын жетілдіру бағытында нәтиже бар. Алайда Ұлттық мемлекеттік қызмет академиясының, «Болашақ» бағдарламасымен мемлекеттік қызметкерлерді шетелде оқытуға да мүмкіндік барына қарамастан, мемлекеттік басқару саласындағы базалық даярлықтың деңгейі әлі де төмен.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында орынды атап өткендей, бұл салаға маман даярлау барысында мемлекеттерді дамытудың болашақ үдерісін назарға алу керек. Мемлекеттік және жергілікті басқару ісіне жаңа ақпараттық технологияларды барынша белсенді түрде енгізген дұрыс.

Мемлекеттік қызметтің жаңа аппараты жасанды интеллектінің талдау, сараптама жасау мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалануға тиіс. Бұл тұрғындардың сұранысына сәйкесінше үн қата білу үшін керек.

Мемлекеттік аппаратқа жұмсалатын шығынды азайту — әлі де күн тәртібінде тұрған мәселе. Сондықтан бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы қолдау қажет. Бұл жағдайда қаржы үнемдеуден бөлек, жаңа заңдар жылдам әрі тиімді қабылданатын болады, сондай-ақ еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесінің жоғары эшелонындағы құрылымдар арасындағы ықпалдастық та жақсара түседі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button