Спорт

Турдың ең ірі жеңісі: «Ақтөбе»-«Жетісу» — 4:0

Премьер-лиганың үшінші турында ХХІ чемпионаттағы алғашқы тең есеп тіркелді. Көш басындағы командалардың біреуі ұтылуға мәжбүр болды. Чемпион мен күміс жүлдегер жеңіліске ұшырады.

Енді ретімен баяндалық.

Бұл күні «Ақтөбе» өткен жылғыдай өз алаңындағы алғашқы ойынын жеңіспен бастады.

Ал жерлестеріміздің қарсыласы былтыр тамаша ойын өрнегін көрсетіп, күміс жүлдегер атанған талдықорғандық «Жетісу» еді.

Бұл, шынын айтқанда, жан алып, жан беріскен ойын болды. Алаң иелері, тек қана жеңіске ұмтылатындарын жария еткендей, бірден-ақ шабуылға шықты. Көп ұзамай, 7-минутта сол қанаттан Владимир Вукайлович еңірете тепкен допты дара тұрған Дарко Малетич қағып түсті де, қақпаға зу еткізді: 1:0. Әрине, талдықорғандықтар да қарап қалмады, мысалы, Сергей Скорых тепкен доп біздің қақпа бағанынан сәл қиыс кетті. Дегенмен 12-минутта алаңның өз бөлігіміздегі тұсынан келген пасты сәтті қабылдаған Брана Илич жеке ойнақтап шыға келді де, допты алдынан жүгіре шыққан қақпашының басынан асыра салды: 2:0. Сөйтіп Сербиядан келген шабуылшы Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Бұдан соң да ақтөбеліктер тыныштық тапқан жоқ. Брана Илич, Марат Хайруллин, Георги Даскалов «Жетісудың» қорғанысын әбден әлекке салды, екі қанатта Владимир Вукайлович пен Дарко Малетич тынымсыз жарқылдап жүрді. Ақыры 37-минутта әріптесі берген доппен ілгері тартқан Брана Илич аса қарсылыққа кездесе қоймады да, айып алаңының сыртынан мығым соққы жасады, доп қарсыластардың біреуіне шалыс тиді де, одан әрі қақпаға сүңгіп кетті: 3:0. Брана Илич осылайша екінші гол иесі атанды. Екінші таймда да ақтөбеліктер тізгіннен айрылған жоқ. Бірақ қонақтар да белсенділіктерін үдете түсті. Эдин Юнузович, Алексей Щеткин, Азат Нұрғалиевтер қақпамызға алма-кезек қауіп төндірумен болды. Бірде Андрей Сидельниковтің шеберлігі құтқарса, бірде доп нысанадан ауыт көзделіп жатты. Біздің Брана Илич, Марат Хайруллин, Самат Смақовтардың соққылары да есепті ұлғайта салуы бек мүмкін сәттер болды. Әрине, есеп ұлғайды да. Исламбек Қуатты ауыстырған Сергей Лисенковтың 70-минуттағы жойқын соққысына талдықорғандық қақпашы қарсы қимыл жасай алмай қалды: 4:0. Тоқсаныншы минутта Азат Нұрғалиев біреу де болса жауап доп соға жаздаған кездесу осылай аяқталды.

4:0 — бұл турдағы ең ірі есеп қана емес, сірә, биыл командамызға жаңадан келген ойыншылар мен кәнігі топтың жасыл алаңда шындап ұғыса бастауының да нәтижесі болса керек.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Самат Смақов (капитан), Петр Бадло, Юрий Логвиненко, Арунас Климавичюс, Владимир Вукайлович, Дарко Малетич, Марат Хайруллин, Исламбек Қуат (Сергей Лисенков, 46 минут), Брана Илич (Лукаш Байер, 80 минут), Георги Даскалов (Виталий Евстигнеев, 46 минут).
Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Екі турдан соңғы көш бастаушы «Ақжайық» бұл жолы Астанаға сапар шеккен еді. Аяқ астынан жарқ ете қалған бұл клубтың кезекті кездесуіне әсіресе оралдықтар зор үмітпен назар аударғаны белгілі. «Ақжайық» та ойынға сеніммен кірісті. 7-минутта Игорь Зенкович астаналықтардың қақпасына гол да кіргізіп үлгерді. Бірақ тәжірибенің аты тәжірибе. «Астана» дереу ес жиып алды, етек-жеңін жинады, сауатты қимылдарға көшті, ақыры 2:1 есебімен ұтты. Расын айту керек, екінші таймда айқын басымдылық көрсеткен астаналықтардың бұл кездесуді ірі есеппен аяқтауы да әбден мүмкін еді.

Турнир кестесінде екінші орында тұрған «Ертіс» оралдықтардың опынысын бастан кешкен жоқ. Тіпті солай болуға тиіс те еді. Өз алаңында жүрсе де, сен тұр, мен атайындардан құралған бұл топқа биыл қосылған Көкшетаудың «Оқжетпесі» азулы павлодарлықтарға қарсы еш қайрат көрсете алмады. Көкшетаулықтардың қақпасына бірінші таймда-ақ үш гол кіріп кетті. Үш голдың біреуін қарбаласта өз қақпасына көкшетаулық Руслан Бидненко енгізіп алды. Жалпы ойынның шамамен 20-минутынан бастап алаң иелері шарасыздықтарын мойындағандай да болды. Сөйтіп 1:4 есебімен қонақтарға қуаныш сыйлады. Бір жұбанарлығы, 86-минутта Давид Чагелишвили соққан гол арқылы «Оқжетпестің» чемпионаттағы алғашқы голы есепке кіргізілді.

Қызылордаға барған «Тараз» да олжалы оралды. Рас, ойынның бастапқы кезінде алаңдағы допқа «Қайсар» иелік етіп жүргендей болып еді. Бірақ бірте-бірте таразы басы тараздықтарға ауды. Есеп те солай болып шықты. «Қайсар» — «Тараз» кездесуінің нәтижесі — 1:2.

Қаскелеңдік «Сұңқар» мен шымкенттік «Ордабасы» командаларының арасындағы Алматыда өткен кездесу жанкүйерлерді аса риза ете алған жоқ. Ойын тым баяу, жалықтырарлық ырғақпен өтті. Қорытынды есеп те осыған лайық болды — 0:0. Бұл —чемпионат басталғаннан бергі алғашқы тең ойын.

Ал Затобольскіде өткен қостанайлық «Тобыл» мен қарағандылық «Шахтердің» кездесуі кейде бақ шабатынын, кейде бап шабатынын тағы бір көрсетіп берді. Кездесуде негізінен қарағандылықтар жарқылдап жүрді, 20-минуттағы бірінші голдың да авторлары осылар болды, бірінші тайм да осылай аяқталды. Екінші таймда да «Шахтер» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Рас, бұл таймның екінші жартысынан бастап «Тобыл» да атқа мінді, дегенмен қарағандылықтар да мығым ойнады. Алайда кездесудің жалпы нәтижесі бойынша «Тобылдың» бағы жанды — 3:1. Тобылдық шабуылшы Бауыржан Жолшиев екі голдың авторы атанды.

Бұдан бұрын екі рет ұтылып, қамығып жүрген «Атырау» алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдаған олар екі таймда бір-бірден екі гол соқты да жанкүйерлерін көңілдендіріп тастады. Бұл ойында атыраулықтар алматылық қарсыластарынан расында да бір саты жоғары тұрды, 2:0 есебі соның айқын дәлелі болды.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, екі команда — «Ертіс» пен «Тараз» үш турда үш рет жеңіске жетті.

Екіншіден, осы «Ертіс» пен «Таразға» қоса әзірге тек шымкенттік «Ордабасы» ғана жеңілістің ащы дәмін тата қойған жоқ.

Үшіншіден, «Қайсар» мен «Оқжетпес» үш турды да жеңіліспен аяқтады.

Төртіншіден, «Ертіс» ең көп гол соққан команда болды. Олар үш турда қарсыластар қақпасына 9 доп енгізіп, өз қақпаларына екі-ақ доп жіберіп алды.

Бесіншіден, өз қақпасына үш турда ең көп доп кіргізіп алған команда әзірге «Оқжетпес». Олар 10 рет қапы қалды.

Алтыншыдан, жоғарыдай жазғанымыздай, бұл чемпионаттағы алғашқы тең есеп тіркелді.

Жетіншіден, «Оқжетпес» чемпионаттағы алғашқы, әзірге жалғыз голын соқты.

Сегізіншіден, ірі жеңіс нәтижелері — 4:0, 4:1 есептері биылғы чемпионатта екінші реттен тіркелді.

Турнир кестесіне үңілейік.

Үш турдан соң 9 ұпайдан жинаған екі команда алғашқы екі орында тұр:

1. «Ертіс»;

2. «Тараз».

Бұлардан кейінгі үш команда бір жеңіліс, екі жеңістен соң 6 ұпайдан жинады:

3. «Тобыл»;

4. «Ақжайық»;

5. «Ақтөбе».

Екі команданың еншісінде 4 ұпайдан бар:

6. «Ордабасы»;

7. «Сұңқар».

Бір реттен жеңіске жеткен командалардың әрқайсысы 3 ұпайға ие:

8. «Астана»;

9. «Атырау»;

10. «Жетісу»;

11. «Шахтер»;

12. «Қайрат».

Екі команда әзірге еш ұпай жинай алған жоқ:

13. «Қайсар»;

14. «Оқжетпес».

(«Ордабасы» мен «Астананың» басқа командалардан бір ойындары кем екенін ескеріңіз).

Мергендер:

Көшті қарсыластар қақпасына төрт доп кіргізген Бауыржан Жолшиев («Тобыл») бастап тұр.

Екі футболшы үш голдан соқты:

Эдин Юнузович («Жетісу»);

Игорь Зенкович («Ақжайық»).

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 2 доп;

Лукаш Байер — 1;

Арунас Климавичюс — 1;

Дарко Малетич — 1;

Сергей Лисенков — 1.

Үш турда «Ақтөбе» қарсыластар қақпасына 6 доп соғып, өз қақпасына 2 доп енгізіп алды.

Бір аптадан соң, 1 сәуірде, жексенбіде «Ақтөбе» сырт алаңға барып, «Таразбен» кездеседі.

Өткен жылғы чемпионатта жерлестеріміз бұл командамен екі рет кездесіп, Таразда ұтып (2:0),  Ақтөбеде тең ойнаған (0:0) еді. Ал биыл «Тараз» әбден күшейіп, әзірге ешкімге жалынан сипатпай тұрғанын, көшбасшылықтың дәмін татып алғанын ескерсек, біздің футболшыларымыз мықтап тер төкпесе болмайтындығы түсінікті.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Жетісу»;

«Ордабасы» — «Қайсар»;

«Ақжайық» — «Сұңқар»;

«Қайрат» — «Астана»;

«Ертіс» — «Атырау»;

«Тобыл» — «Оқжетпес».

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button