Жер иесіз қалмайды

Нұрбол ЕРЖАНОВ, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын ықыласпен тыңдадым. Ел ертеңі үшін маңызды құжатта келелі мәселелер көтеріліп, оны шешудің жолдары көрсетілді. Тиісті, құзырлы органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жолдауда ел Президенті халықты алаңдатқан, әсіресе жер қадірін білетін кәсіпкерлер үшін өзекті болған иесіз жерлер мәселесін түбегейлі шешуді нықтап тапсырды. Президент тапсырмасына сәйкес көп созбай келер жылдың ортасына дейін еліміздегі бос жерлер тұрақты түрде айналымға енгізілуі қажет. Бұл арқылы жайылым мәселесі де шешілмек.
Стратегиялық ресурс саналатынжер,расында, ел-жұрттың игілігіне жарап, халықтың әл-ауқатын жақсартуы керек. Бұл үшін, әрине, жерді игеруді, оны көгеріп, көктетуді жердің қадір-қасиетін білетін азаматтарға ғана тапсырған жөн.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмаларын орындау мақсатында облыстық жер қатынастары басқармасы кешенді жұмыс атқарды. Жалпы, сол кезден бері еліміз бойынша аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылса, біздің өңірде де бұл бағытта үлкен іс тындырылды. Пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жоспарлы тапсырма артығымен орындалды. Нақтырақ айтқанда, 2022 жылы 500 мың гектар жерді қайтару жоспарланған-ды. Нәтижесінде 535мың гектар қайтарылып,жоспар 107 пайызға орындалды.2023 жылы 330 мың гектар иесіз жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болса, жүйелі жұмыстың арқасында бұл көрсеткіш 366 мың гектарға жетті. Орындалған жұмыс көлемі — 111 пайыз. Ал былтыр жоспар артығымен орындалды. Біз жеткен меже — 168 пайыз. Яғни қайтару жоспарланған 130 мың гектардың орнына тынымсыз, табанды жұмыстың арқасында 219 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті.
Қазірдің өзінде де жоспарды артығымен орындап отырмыз. Биыл 160 мың гектар жер учаскесін қайтару жоспарланып, бүгінгі дерек бойынша 162,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді дамыту мақсатында берген тапсырмаларын тиянақты орындайтын боламыз.



