Спорт

Алаң иелері ұтқан күн

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Футбол

ХХІ чемпионаттың 2-турының кездесулері толық өткізілген жоқ. Оған кінәлі — табиғат.

18 наурыз күні Шымкентте жапалақтап жауған қар жасыл алаңды қайта-қайта көмкеріп, күрекке де, тіпті техникаға да бой бермей қойды. Ойынның басталу уақыты әуелі 30 минутқа шегерілді. Бірақ жағдай өзгерген жоқ. Сосын ойын инспекторлары мен командалардың өкілдері әрі-бері ақылдаса келіп, «Ордабасы» мен «Астана» арасындағы кездесуді кейінге қалдыруды ұйғарды.

Табиғатқа не дауа бар?! Бірақ осы тұста шымкенттік жанкүйерлердің бір тобы тым әдепсіздікке бой алдырды. Астанадан келген жанкүйерлердің автобусқа барар жолдарын кес-кестеп, қоқан-лоқы жасап, жұдырық жұмсауға дейінгі әрекеттерге барды. Қысқаша айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның беделіне нұқсан келтіріп тынды.

Бұл күні Қарағандының футбол стадионы да бос тұрды. Себебі мұндағы жасыл алаң премьер-лига командаларын қабылдауға аса әзір емес еді. Сондықтан бұл кездесуді елордадағы «Астана Аренада» өткізу туралы шешім қабылданыпты. Бұл жағдай, әрине, біздің ақтөбелік футболшыларға тиімді болуы тиіс еді. «Шахтерді» қолдайтын жанкүйерлер азайып қалатыны белгілі, яғни Астана қаласы «Ақтөбе» секілді «Шахтер» үшін де сырт алаң ғой.

«Еларна» тікелей репортаж жүргізген бұл кездесуді екі команда да тым-тәуір бастағанын жанкүйерлер анық көрді. Тұтас ойын уақытының 60 пайызы мөлшерінде доп «Ақтөбенің» еншісінде жүрді. Допты қақпаға бағыттауда да жерлестеріміз жалпы есепте 14-11 есебімен басым түсті. Бірінші таймда қарағандылықтардың да, ақтөбеліктердің де кемінде үш реттен есеп ашып кету мүмкіндігі болды. Бірақ фактінің аты — факт, «Шахтер» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Себебі екінші таймда ақтөбеліктер тізгіннен айрылып қалғандай күй кешті. Оның есесіне қарағандылықтар қауіпті шабуылдарды көбірек ұйымдастырып, 69-минутта Сергей Хижниченко, 80-минутта Гедиминис Вичюс соққан екі гол ақтөбеліктер тарапынан жауапсыз қалды. «Ақтөбе» командасы биыл мықты өзгеріске ұшырағанын ескерсек, жаңа ойыншылар әлі де бір-бірін толық түсінісе алмай жатқан сияқты.

Өткен жылғы кездесулерді қосқанда «Ақтөбе» қарағандылықтарды осымен бесінші кездесуде жеңе алмай қойды. Тек бір рет тең түсті. Осы деректер ғана ойландыратыны болмаса, «Ақтөбе» үшін бұл жеңіліс аса қайғырарлық жағдай емес. Кімнің кім екендігі негізінен 4-5 турдан соң ғана біршама айқындала бастайтыны белгілі.

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

Екінші турда«Оқжетпес» жанүйерлерін тағы да қуанта алмады. Дәл өткен жолғыдай есеппен, бұл жолы сырт алаңда, ұтылып қалды. Алматының «Қайраты» өткен турда ірі есеппен ұтылса, бұл кездесуде ірі есеппен ұтып кәдімгідей бедел жинап алды: 3:0.

Өткен жолы өз алаңында ақтөбеліктерден ұтылған Қызылорданың «Қайсары» бұл турда Талдықорғаннан өкінішпен оралды. Әуелі қақпаларына екі доп жіберіп алып, дегенмен 44, 45-минуттарда есепті теңестіріп кеткен қызылордалықтардың екінші таймда қайтадан әлсіреп қалғаны, әрине, өкініш болды. «Жетісу» алғашқы жеңісін ірі есеппен атап өтті: 5:2.

Өткен турда осы «Жетісуды» жеңген қаскелеңдік «Сұңқардың» сырт алаңға шыққан алғашқы сапары сәтсіздеу болды. Бұларды «Тараз» ұтты — 1:0. Бұл — «Тараздың» екінші жеңісі.

Павлодардың «Ертісі» де чемпионаттағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Олар өз алаңында өткізген бұл екінші турда тіпті күшейіп, қостанайлық «Тобылды» 4:1 есебімен ұтты.

Екінші жеңісіне қол жеткізген тағы бір клуб — «Ақжайық». Оралдық футболшылар бұл турда «Атырауды» сенімді есеппен ұтты — 3:1. Бір өзгешелігі, өткен турда Игорь Зенкович екі гол соқса, бұл жолы атыраулықтардың қақпасына Янко Валканов қос доп кіргізді. Алғашқы нәтижелерге қарап түпкілікті баға беру қиын, дегенмен оралдықтардың екі турда 6 гол соғуы бұл команданың мақсаты тым әріде екенін байқатып-ақ тұр.

Бұл күнгі кездесулердің өзгешеліктері қандай?

Біріншіден, алты кездесудің барлығында да гол соғылды.

Екіншіден, сол алты кездесудің барлығында да тек алаң иелері ғана жеңіске жетті.

Үшіншіден, үш бірдей ірі есеп нәтижесі (5:2, 4:1, 3:0) тіркелді.

Төртіншіден, чемпионатта алғаш рет бір ойында бір футболшы үш гол соқты. Хет-триктің авторы — «Жетісу» командасының шабуылшысы Эдин Юзунович. Ол 16, 72, 84-минуттарда «Қайсардың» қақпашысын үш рет қапы қалдырды.

Бесіншіден, бір кездесуде («Жетісу» — «Қайсар») жанкүйерлер чемпионаттағы алғашқы ең нәтижелі, 7 гол соғылған ойынға куә болды.

Алтыншыдан, өткен жолғыдай бұл кездесулерде де ешқандай тең ойын есебі тіркелген жоқ.

Жетіншіден, 30 жастағы Нұрбол Жұмасқалиев «Тобыл» клубы сапындағы 300-інші ойынын өткізді. Тек, өкінішке қарай, оның командасы бұл турда ірі есеппен ұтылып қалды.

Сегізіншіден, «Ертіс» командасының жұлдызы, 33 жастағы Ұлықбек Бақаев қарсыластар қақпасына Қазақстан чемпионаттарындағы 90-шы добын соқты.

Тоғызыншыдан, Шымкент футболының түлегі, «Жетісудың» жартылай қорғаушысы Азат Нұрғалиев Қазақстан чемпионаттарындағы 200-ші ойынын 1 голмен атап өтті.

Турнир кестесіне үңілейік.

1-3 орындарда алты ұпайдан жинаған үш команда тұр:

«Ақжайық»;

«Ертіс»;

«Тараз».

4-10 орын иелері — үш ұпайдан жинаған клубтар:

«Ордабасы»;

«Жетісу»;

«Тобыл»;

«Қайрат»;

«Шахтер»;

«Ақтөбе»;

«Сұңқар».

Әзірге еш ұпай жинамаған командалар 11-14 орындарда тұр:

«Астана»;

«Атырау»;

«Қайсар»;

«Оқжетпес».

(«Ордабасы» мен «Астананың» басқа командалардан бір ойындары кем екенін ескеріңіз).

Мергендер көшінің басында 3 гол соққан Эдин Юнузович («Жетісу») тұр.

Алты футболшы қарсыластар қақпасына 2 доптан кіргізді.

Бір аптадан соң, 25 наурызда, жексенбіде «Ақтөбе» өз алаңында талдықорғандық «Жетісуды» қабылдайды.

Өткен жылғы чемпионатта жерлестеріміз «Жетісудан» екі рет ұтылып (2:3, 0:2), екі рет тең ойнаған (1:1,1:1) еді.

Қалған кездесулер:

«Тобыл» — «Шахтер»;

«Оқжетпес» — «Ертіс»;

«Атырау» — «Қайрат»;

«Астана» — «Ақжайық»;

«Сұңқар» — «Ордабасы»;

«Қайсар» — «Тараз».

«Ақтөбеге» келгендердің «тұсаулары» кесілді

Сәрсенбі күні Орталық стадионның баспасөз орталығында «Ақтөбе» командасының құрамына биыл қабылданғандардың тұсаукесері өтті.

Олар — қақпашылар Жасұр Нарзиқұлов, Станислав Павлов, қорғаушылар Дмитрий Евстигнеев, Арунас Климавичюс, жартылай қорғаушылар Лукаш Байер, Владимир Вукайлович, Исламбек Қуат, Виталий Евстигнеев, шабуылшылар Брана Илич, Мұрат Тілешов, Георги Даскалов.

«Ақтөбе» клубы бас директорының орынбасары Ғалымбек Құрмансейіт «су жаңа» футболшыларға номерлері жазылған ойын жейделерін тапсырып, бас жаттықтырушы Владимир Муханов әр ойыншыны жекелей таныстырды.

Ал 11-номерлі жейдені Владимир Вукайловичке команданың жаттықтырушы-селекционері Андрей Мирошниченко табыс етті. Себебі Андрей ұзақ жылдар бойы осы номермен ойнап, Қазақстан чемпионаттарында 140-тан астам гол соққан болатын.

Тұсаукесерге дәл қазір оңалту курсынан өтіп жатқаны себепті Мұрат Тілешев қатыса алмады.

Иә, биыл «Ақтөбенің» құрамында елеулі өзгерістер болды.

Соңғы жылдардағы көшбасшылардың бірі Эмиль Кенжесариев, былтыр қарсыластар қақпасына 12 гол соққан Малик Мане, еліміздің үздік жартылай қорғаушыларының бірі Антон Чичулин, жарты маусымға жетер-жетпес уақыт қана ойнаса да 5 доп соғып үлгерген Владимир Джилас, сондай-ақ Евгений Аверченко, Руслан Сахалбаев, Тити Эссомба тәрізді футболшылар басқа командаларға ауысып кетті.

Дегенмен бұлардың орындарын басқан футболшылар да тіпті осалдар санатынан емес.

Легионерлер Лукаш Байер мен Брана Илич Қазақстан футболы деңгейінен қарағанда сәтті таңдалып алынған ойыншылар екендігіне ешкім дау айта алмас.

Сондай-ақ еліміздің жанкүйерлері Арунас Климавичюсты да, Жасұр Нарзиқұловты да, ағайынды Евстигнеевтерді де жақсы таниды.

Мұрат Тілешов ақтөбеліктердің әуелден таныс әрі сүйікті футболшыларының бірі екені және мәлім.

Жалпы Владимир Мухановтың өз командасына футболшылар шақырған кезде тым сирек қателесетіні бұл жолы да анық байқалған сияқты.

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button