Басты жаңалықтарӘдебиет

Бәкір-ғұмыр: ескірмейтін естелік

Келер жылы қазақ әдебиеті мен руханиятында ән-жырымен өзіндік қолтаңба қалдырған, халқымыздың белгілі ақыны, сазгері Бәкір Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толады. Оның «Әлия» әні қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімін әлемге паш етсе, «Ақбұлақ» әні Ақтөбенің гимніне айналды деуге болады. Бұл мерейтой ұрпаққа бай рухани қазына қалдырған қазақ ән өнерінің хас шебері Бәкір Тәжібаевтың шығармашылық мұрасын қайта жаңғыртып, оны болашақ буынға аманаттау кезеңі десек те болады. Осы ретте Бәкір ағамыздың ұлы Жасұлан Тәжібаевпен хабарласып, қазақтың аяулы тұлғасының өмірі мен шығармашылығы, рухани мұрасы туралы әңгімелескен едік…

  • Бәкір аға қандай әке болды? Болмысы қандай еді?

—Мен үшін әкем өмірлік өнеге болған адам. Ерекше жан еді, күнделікті күйбең тіршілікке, тұрмыстық дүниелерге аса мән бере бермейтін. Түнгі тыныштықты ұнататын, өлеңдерін, әндерін көбіне түнде жазатын. Ол үшін шығармашылық өмірінің мәні болды.

Мен, негізінен, әжемнің тәрбиесінде болдым. Әкем мен әжемнің қарым-қатынасы ерекше болатын. Таңғы ас кезінде әкем түнде жазған өлеңдерін әжеме оқып беретін. Әжем оның алғашқы әрі ең шынайы сыншысы болды.

Кешке әкем сиясы кеппеген өлеңдерін анама баспа машинкасына басуға беретін, анам түн ортасына дейін өлеңдерді терсе, әкем қасында отырып, қателерін түзейтін. Осылайша шығармашылық процеске бүкіл отбасы мүшелері түгел қатысатын.

Шығармалар таңертең әжемнің алдына қайта барып, түзетілсе,сын айтылса, кешке тағы өңделетін. Әкемнің бұл істе өте мұқият болғаны есімде.

Әкем мені жақсы көргенімен, орынсыз еркелетпейтін. Әсіресе оқу мен тәртіпке келгенде қатал болды. Әр күні үй тапсырмасының орындалуын қадағалайтын.

— Шығармашылық процеске отбасы мүшелері түгел қатысатын еді дедіңіз, жалпы, әкеңіздің достары, шығармашыл тұлғалар да үйде жиі қонақта болатын ба еді?

—  Әкем араласқан орта — ақындар, композиторлар, әншілер, драматургтер. Достары өте ұйымшыл болатын, олардың бір-біріне деген құрметі, қолдауы ерекше болатын. Бүгін бірінің үйіне барса, ертең екіншісінің үйінде қонақта жүре беретін. Бастары қосылса, домбыра тартып, ән айтатын, өлең оқитын, жаңа  шығармаларымен бөлісетін. Армандарын айтып, болашаққа жоспар құратын. Әкем қазақ халқының, Қазақстанның болашағы туралы көп толғанатын, достарымен де осы жөнінде көп пікірілесетін. Жаңа қоғам, жаңаша ойлайтын қазақтар туралы әңгімелер өте жиі айтылатын.

Әкемнің болмысын сипаттайтын басты қасиет — шыншылдығы мен турашылдығы. Ол ешқашан жалған сөйлемейтін, шындықты бетке айтатын. Осы мінезінен таяқ жеген кездері де болды. Ешкімнің алдында мәймөңкелемейтін турашылдығы — мен үшін үлкен үлгі. Ақкөңілдігі мен сенгіштігі де бар. Кейде үйге танымайтын біреулер келіп, қарызға ақша сұраса, қалтасындағыныберіп жібере салатын. Сол қарызды кейін сұрауды да ұмытып кететін.

  • Әкеңіз балалық шағы, туған жері туралы жиі айтатын ба еді?

— Әкем 1926 жылы Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында өмірге келген. Алапат соғыс жылдарыоның да балалық шағында қиындықтар болған.Аш-құрсақ, жыртық киіммен жүрген оқушыларға қыстың қақаған аязында мектепке барудың өзі оңай болмаған. Үйдің үлкені болғасын кейде қарындасын мектепке арқалап апаратын. Сондай қиындықтарға қарамастан, әкем солкезден ән-күйге құмар болыпты. Ауылда өтетін той-думандарда, жыршы-жыраулардың бас қосқан жерлерінде үнемі жанында жүріп, тыңдап отыруды әдетке айналдырған. Қазақ әдебиетіне, әсіресе жыраулар мен жыршылар шығармашылығына ерекше қызығушылықпен қараған.

Оныңөнергежақындығыата-бабасынан да дарыған. Атасыдомбыратартқан,ауыл-аймаққабелгіліөнерпазболыпты. Өкінішке қарай, мен атамдыкөргенім жоқ, ол ертеректе қайтыс болып кеткен. Әкем шебер домбырашы еді, үйде ән айтып, күй шертіп отыратын. Кейде екі-үш сағат дамылсыз күй тартатын.

Соғыс жылдары әкем жасы толмағандықтан әскерге алынбаған. Бірақ ел-жұртпен бірдей сол кезеңнің жоқшылығын, ауыртпалығын толығымен көрген. Кейінол соғыс жылдарын көп еске түсірмейтін, бірақ сол уақыттарда қиналғанын байқайтынбыз.

Әкем жас кезінде қоғамдық жұмысқа араласқан. Аудандықгазетте редактор болып, комсомол ұйымында да қызмететкен.

Қазақ поэзиясын, орыс әдебиетін өте жақсы білетін. Көркем аудармамен де айналысты. Шығармаларды қазақтың болмысына бейімдеп аударатын.Әкеммен бірге өткен сондай сәттерді қатты сағынамын.

— Алматыға қоныс аударғаннан кейін туған ауылына жиі келіп тұратын ба еді?

—Ақтөбеге жыл сайын барып тұруға тырысатын. Әсіресе 1970-1980 жылдары жиі барған. Кейде ауылда бір-екі ай жататын. Кейін, тоқсаныншы жылдары елдің жағдайы нашарлағанын көріп, ауылға барған сайын уайымдап қайтатын.

Кеңес заманында шығармашылық іссапарлар жиі ұйымдастырылатын. Жазушылар одағының жолдамасымен әкем елді аралап, оқырмандармен кездесіп, әдеби кештерге қатысып тұратын. Сол сапарлар кезінде туған жеріне де соғып, ел-жұртымен, балалық шағы өткен жерлермен қауышып қайтатын.

—Бәкір ағаның «Әлия», «Ақбұлақ», «Жас дәурен», «Аппағым», «Туған жер», «Гүлсің-ау» сынды әндері халық арасында кең таралды. Жазушы Әбіш Кекілбаев Бәкір Тәжібаевтың «Әлия» әнін батырға қойылған ескерткішке теңеген екен. Сол туындылардың жазылу сәті есіңізде ме? Қай туындысы жаныңызға жақын?

—Әр туындының өз тарихы бар, ол туралы сағаттап айтуға болады. Дегенмен, бір-екі шығармасы жайлы айтып кетейін. Біріншіден, бәріміз білетін «Әлия» әні туралы айтқым келеді. Әлия Молдағұлова —қазаққа қадірлі аяулы тұлға. Бір күні таңертең, әкем мен әжем шай ішіп отырғанда, әңгіме арасында Әлия жайлы сөз қозғалады. Сонда әжем: «Әлия — біздің жерлесіміз, туыстығымыз да бар» — деп айтып қалады.

Сол сәттен бастап әкем Әлияның өмірі мен ерлігін тереңірек зерттеуге кірісті. Ол кезде Мәншүк Мәметова жайлы ел біле бастаса да, Әлия туралы көп адам естімеген еді. Бұл — 1960 жылдардың соңы, 1970 жылдардың басы болатын. Әкем Алматы мен Ақтөбеде Әлияны білетін адамдарды іздеп, сұхбаттасты. Тіпті Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) барып, сол жақта Әлиямен бірге оқыған, көзін көрген адамдармен кездесіп, көптеген дерек жинады.Осы зерттеулерінің негізінде «Әлия» өлеңін жазды. Кейіннен Сейдолла Бәйтереков әннің әуенін жазып, Роза Рымбаеваның орындауында бұл шығарма дүниежүзіне кеңінен танылды. Бүгінде «Әлия» әні халқымыздың асыл мұрасына айналды деуге болады.

«Іңкәрім» деген ән жайлы да қызықестелік бар. Бұл әннің жазылуына себепкер болған — қазақтың аяулы қызы, өнер қайраткері Роза Бағланова апамыздың өзі. Бір күні Роза апамыз әкем мен композитор Төлеген Мұхамеджановқа телефон шалып,«Бүгін кешке үйге келіңдер, айтарым бар» деп қонаққа шақырады. Сөйтіп, екеуі апамыздың үйіне келеді. Роза апа қонақтарына: «Маған «іңкәрім» деген сөз қатты ұнайды. Осы сөзді қатыстырып, ән жазып беріңіздерші» деп қолқа салады.

Роза апамыз ас бөлмеге барып, дастарқан қамын жасағанша, әкем жарты сағаттың ішінде мәтінді жазып тастайды. Төлеген аға оқып көріп «Мынау — дайын ән!»— деп, рояльға отырып, әуенін шығарады. Осылайша Роза апаның палауы піскенше ән де дайын болыпты.

«Гүлсің-ау»әні — әкемнің жақсы көретін әндерінің бірі. Оны әкем анама арнап жазған.Осы әнді алғаш орындағандардың бірі белгілі әнші Қапаш Құлышова апамыз қалжыңдап,«бұл әнді Бәкір маған арнап жазған ғой» — деп айтып отыратын.

Әкем өлеңді жылдам жазатын. Ол композитор Ескендір Хасанғалиевпен және аранжировка жасайтын Еркін Слетдиновпен іссапарларға көп баратын. Сол іссапарларда жүргенінде жарты сағат ішінде жаңа әннің мәтінін, әуенін, аранжировкасын толығымен жазып тастайтын кездері болыпты. Бұл нағыз кәсібилік, шабыт пен шеберліктің үндестігі  деп білемін. Ескендір ағамыз бір естелігінде «Бәкеңнің өлеңі қолға тигенде, қағазға қарап отырып-ақ әуен өзінен-өзі құйыла бастайтын» — деп еді.

Әкем тыңдарманын, оқырманын ерекше құрметтейтін. Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың мынадай естелігі бар: бір ауылға шығармашылық сапармен барғанда, қойшылармен кездесу болып, ақын-жазушылар түнгі он екіге дейін өлең оқып,  әңгіме-дүкен құрған. Таңғы бесте Қалмұқан аға сыртқа шықса, Бәкір аға жалғыз кемпірге әлі өлең айтып отыр дейді. «Алдымда бір тыңдарман отырса, мен кете алмаймын, ол — менің парызым» — деген екен.

— Бәкір аға поэзия, проза, драматургия, ән, сахна өнері — барлығында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ал өзіне қай жанр ерекше жақын еді? Жалпы, шығармашылығы туралы өзі не деп айтатын?

—Әкем шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Бірақжанына ең жақыны — поэзия мен театр болды деп айтар едім.Әкем жас кезінде Алматыдағы театр училищесін (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. Сол жылдары актерлік өнерге қатты қызыққан.Оның кейбір өлеңдерінің кәдімгі сахналық монолог сияқты, образбен өрілгені де соның әсерінен болар.

«Менің әр өлеңімнің ішінде кейіпкер бар. Ал кейіпкердің ішінде жан бар» деп үнемі айтып отыратын.

Әкем оқу бітірген жылдары актерлікке бет бұрып, Шоқан Уәлихановтың, батырлардың рөлдерін сомдап, Жамбыл, Шымкент театрларында қызмет еткен. Сол кезеңде, мысалы, «Алитет уходит в горы» атты әйгілі фильмге түсіпті.

Дегенмен театр сахнасындағы кәсібі бір сәтке саябырсығанда, поэзияға деген ықыласы артып, түбегейлі осы жолды таңдады. Бұл шешімге Тахауи Ахтанов секілді ағалардың қолдауы, кеңесі ықпал еткен. Тахауи ағамыз: «Сенің жаның — сахнада емес, өлеңде. Сен ақын болатын адамсың, Алматыға кел!» — деп жанашырлық танытқан. Ағаның сөзі әкемнің тағдырына әсер еткен екен.

Кейін әкем Қазақ опера және балет театрының әдеби бөлімінде қызмет етті, «Қамар сұлу» операсының либреттосын жазды. Бұл туынды кейінгі жылдарға дейін театр сахнасынан түспей келді. Ал драматургияда «Ана жүрегі», «Батақтың Сарысы» секілді пьесалары еліміздің облыстық театрларында сәтті қойылды.

Театр училищесінде оқыған жылдары, кейін де режиссерлермен, сахна шеберлерімен жиі араласты. Солармен бірге сахна тілі, режиссура негіздері, драмалық құрылым деген дүниелерге терең бойлаған.

Жалпы, әкемнің өмірлік ұстанымы — қай жанрда болмасын,шындықтан алыстамау болды. Проза жазса — кейіпкердің ішкі иірімін шынайы береді. Өлең жазса — сезімнің ең нәзік тұсын көрсетуге тырысады. Ал сахнада немесе драматургияда көрерменге әсер етпей қоймайтын шынайылық пен эмоция тұнып тұрады.

Қазіргі таңда Бәкір Тәжібаевтың мұрасын кейінгі ұрпақ арасында насихаттау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Шындықты айту керек, қазір Бәкір Тәжібаевтың шығармашылығын жүйелі түрде насихаттап жатқан ешкім жоқ.Әкеміз — ұлт руханиятына еңбегі сіңген, халқына поэзия, драма, ән, сахна арқылы қызмет еткен қаламгер. Бірақ, өкінішке қарай, бұл мұраның салмағы еленбей келеді.Әкем туған жерінде де лайықты құрметке ие бола алмады.Жылда бір рет, мерейтой кездерінде ғана теледидардан, радиодан шақырылып, формалды сұхбаттар алынады. Бір-екі деректі фильм түсірілгені болмаса, жүйелі насихат, мектеп бағдарламасына енгізу, кітаптарын қайта басу, әндерін архивтен шығару, жастарға таныстыру секілді жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек деп ойлаймын.

Әкем ешқашан марапат, атақ үшін жазған жоқ. Ешқашан мемлекеттен орден, медаль, атақ алған жоқ. Бірақ халықтың ықыласын, елдің алғысын, ұрпақтың жүрегінде сақталған әндерін ең үлкен марапат деп білді. Сондықтан әкемнің 100 жылдығы аясында да халық арасында шығармаларын одан әрі насихаттау жұмыстары жүргізілсе  деймін.

Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығы — жай ғана бір ғасырлық белес емес,ұлттық рухани мұраны насихаттау жұмыстарын одан әрі жетілдіре түсетін кезең. Осы реттеАқтөбе, Алматы, Астана қалаларында Б.Тәжібаевтың шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кештер, өлеңдері мен әндерінің интерактивті форматтағы көрмесі, мектептер мен оқу орындарында ашық сабақтар өткізілсе деймін. Сонымен бірге  оның шығармаларын цифрландыру және мультимедиалық форматқа көшіру, яғни

барлық қолда бар өлеңдері мен пьесаларын PDF, EPUB, mp3 форматтарда цифрлап, ашық кітапханаға жүктеу, Spotify, YouTube Music, Apple Music сияқты платформаларға Бәкір Тәжібаев сөзіне жазылған әндерді шығару (мұрагерлік құқық бойынша келісім болса), жасанды интеллект арқылы Бәкір Тәжібаевтың дауысын қалпына келтіріп, өлең оқыту, AI көмегімен интерактивті «виртуалды музей» жасау, өлеңдеріне анимациялық роликтер, TikTok форматына сай шағын видеолар дайындау, деректі фильм және подкаст жобалар жасау сияқты жұмыстар жүргізілсе деймін. Ақтөбе қаласында ақынның ескерткішін орнату, көшеге, не мектепке, не Мәдениет үйіне Б.Тәжібаевтың есімі беріледі деп үміттенемін. Өзімше осындай жоспардың жобасын жасадым. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген мақал бар. Әлбетте, жалғыз адам ештеңені өзгерте алмайды. Менде мұндай ауқымды істерді атқарарлық мүмкіндік те, ресурс та жоқ. Дегенмен жүректе үміт бар: Ақтөбе қазақтың талай қадірлі перзентін дүниеге әкелген қасиетті өңір ғой, Бәкір Тәжібаевтай сыршыл ақын, дарынды сазгердің шығармашылығын ұлықтап, есімін ұрпақ жадында жаңғырту бағытында нақты жұмыстар жүргізіледі деп сенемін.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button