110 жасқа толған кейуананы құттықтады

Ғұмыр
Облыс әкімі Асхат Шахаров Жәкібай Бисенғалиеваны мерейлі 110 жасымен құттықтап барды.
Әжей 1915 жылы 24 тамызда дүниеге келген, тыл еңбеккері. Бірнеше жыл Хромтау ауданында тұрған.Өңір басшысы соғыс жылдарынан бастап еңбекке ерте араласып, екі ғасырдың жүзін көрген кейуанаға алғыс білдірді.
— Сіздің ғұмыр жолыңыз — бәріміз үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай тер төгіп, елді дамыту жолында адал еңбек еттіңіз. Осындайқажырлы еңбегіңіздің арқасында нағыз адал азамат ұғымының жарқын үлгісін көрсете білдіңіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады», — деп атап өткен еді. Сіздің тағдыржолыңыз — осы қағиданың айқын көрінісі. Өмірдің барлық сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеуде төзім мен табандылық таныттыңыз. Бүгінде немерелер меншөберелеріңіздің ортасында қадірлі әже атанып отырғаныңыз — мағыналы ғұмырыңыздың жемісі. Ақтөбе облысының жұртшылығы атынан сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін,— деді Асхат Шахаров.
Кейуана әлі де тың. Әңгімесін айтып, құттықтап келген баршаға ақ батасын берді.
Жәкібай әжей — Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған, ешқандай қиындыққа мойымаған ана. Новороссийск ауданы ұжымшарында астық өлшеп, тракторшы, кітапханашы және сауыншы болып жұмыс істеген.
Жұбайы Ғабит Бисенғалиев Ұлы Отан соғысынан бірінші топтағы мүгедек болып оралып, 1993 жылы дүниеден озған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірді. Қарт ана қазір бейнетінің зейнетін көріп, ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешіп отыр. Ол— 3 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған аяулы әже.
— Жасым19-да. Жәкібай әженің шөбересімін, кішкентайымнан еркелетіп өсірді. Қазір бірге тұрамыз. Бәріне, достарыма, менің әжем 110 жаста деп айтып, мақтанып жүремін. Түркияда оқып жатырмын. Елге, үйге, әжеме жеткенше асығамын, —дейді Қасымхан Бисенғали.
М.ТАБЫН.



