Әлеумет

Әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту

Жұмыс сапары

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері, т.б. қатысуымен өткен кездесуде әлеуметтік қолдау шаралары, зейнетақы жүйесі мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, т.б. қатысты.

Асқар Биахметовтің айтуынша,1 тамызға дейін елімізде 5,2 миллион адамға жалпы сомасы 4,1 триллион теңге көлеміндезейнетақы мен жәрдемақы төленген. Ақтөбе облысында 281 мыңнан астам тұрғынға180 миллиард теңге төлем жасалған.

— Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту – үкімет пен жергілікті билік органдарының басты және маңызды міндеттерінің бірі. Президентіміз атап өткендей, еліміздің ең құнды байлығы — адам, сол себепті әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру — біздің негізгі мақсатымыз.Осы бағытта министрлік тарапынан жүйеліжұмыс жүзеге асырылып келеді.

Президенттің тапсырмасына сай, базалық зейнетақы кезең-кезеңмен өсіп, 2025 жылы ең төменгі шегі — 70%, ал ең жоғарысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110% мөлшеріне дейін жеткізілді. Облыс бойынша зейнетақының орташа мөлшері — 175 мың теңге.

Әйелдер мен балаларды қолдау бағытында бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы 1,8 миллиард теңге (10 мың анаға), бала күтімі бойынша жәрдемақы 1,1 миллиард теңге (5,2 мың анаға), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуге арналған жәрдемақы 2,8 миллиардтеңге (5,3 мың отбасыға) көлемінде болды. Көпбалалы отбасылар — басты назарда. Облыста 23 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар, бұл — елдегі барлық көпбалалы отбасылардың 4,8 пайызы. Жеті айдың ішінде оларға 14,5 миллиард теңге көлемінде төлем жүргізілді. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мен Батыр аналарғатөленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны облыста 11 мыңға жуық ана алып отыр. Бұл бағытқа 2 миллиард теңгеден астам қаржыбөлінді, — дедіАсқар Биахметов.

Сонымен бірге вице-министр атаулы әлеуметтік көмек, мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру, оңалту қызметтері, халықты жұмыспен қамту,еңбек қауіпсіздігі туралы да ақпарат берді.

Облыстағы әлеуметтік қолдау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мағлұмат берді. Оның айтуынша, өңірде 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында еңбекке қабілетті азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері 22 770 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған.

— «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 152 адам несие алып, кәсіп бастауға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 4 699 адам «Бастау-Бизнес» жобасы мен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді.Облыс бойынша өткізілген 86 бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 1 059 адам жаңа жұмыс тапты, — деді ол.

Л.Оразбаева мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету, т.б. бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде толық ақпарат берді.

Жиынды қорытындылаған Асқар Биахметовәлеуметтік қолдау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар — азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын, алдағы уақытта атаулы көмек жүйесінің әділдігін арттыру, қызмет сапасын жақсартужәне инклюзивті қоғам қалыптастыру басты басымдықтар қатарында болатынын тілге тиек етті. Кездесу соңында Асқар Биахметов қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button