Қамқор қоғам — әлеуметтің айнасы

Әлеуметтік қолдау
Мүгедектігі бар адамдарды қолдау — өңірлік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әлеуметтік қолдау тек жәрдемақы берумен шектелмейді. Бұл — кешенді көзқарасты талап ететін, тұрғындардың құқығы мен қажеттіліктерін барынша ескеретін үлкен жүйе. Біздің облыста бұл жүйе жылдан-жылға дамып келеді.
Өңірдегі осы топтың қазіргі жағдайын білу мақсатында тиісті басқармаға хабарласқан едік…
Оңалту — нақты қолдау
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Эльмира Сүйіншалинаның айтуынша, осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста мүгедектігі бар 31 371 адам тіркелген, оның 5631-і — бала.
— Бұл топәлеуметтік көмекпен ғана шектелмейді. Біз олардың оқып, жұмыс істеп, қоғаммен бірдей өмір сүруі үшін жан-жақты жағдай жасауға тырысамыз. Ең бастысы, әр адамның жағдайы жеке ескеріліп, өзіне арналған оңалту бағдарламасы жасалады, — дейді Эльмира Сүйіншалина.
Мүгедектігі бар адамның өмірі күнделікті күрес пен ерлікке толы. Біз байқай бермейтін қарапайым әрекеттердің өзі олар үшін үлкен күш пен табандылықты талап етеді. Сондықтан қоғамдағы әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру — мемлекеттің басты міндеті. Біздің облыста бұл міндет нақты іспен жүзеге асып келеді.Протездік-ортопедиялық көмек, арнайы техникалық құралдар, гигиеналық жабдықтар, санаторий-курорттық ем, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметі сияқты кешенді қолдау шаралары мүгедектігі бар адамдардың физикалық жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, олардың өмірге деген сенімін оятады.
— 2020 жылдан бастап іске қосылған әлеуметтік қызметтер порталы осы көмектерге қолжетімділікті барынша жеңілдетті. Енді әрбір мұқтаж адам өз қажеттілігіне сай оңалту құралын таңдай алады. Биыл осы портал арқылы 25236 адамды қамту көзделсе, қазіргі таңда 20115 адам қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл — құрғақ статистика емес, мыңдаған адамның өміріндегі нақты жеңілдік. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж 4632 адамның 3152-сі қажетті қолдау алды. Міндетті гигиеналық құралдарға зәру 9025 адамның 8504-і қамтамасыз етілді. Ал санаторий-курорттық емге мұқтаж 7208 азаматтың 4593-і осы қызметті пайдаланды, — дейді Эльмира Сүйіншалина.
Сондай-ақ олоблыс бойынша 203 қызмет көрсету аймағы жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Еңбек бәрін жеңбек
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту — олардың қоғамға толыққанды араласуының, өз әлеуетін жүзеге асыруының бір жолы. Облыста бұл бағытта да нақты нәтижелер бар. Эльмира Сүйіншалинаның айтуынша, осы жылдың 1 қазанына дейін өңірде мүгедектігі бар 1131 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Олардың 319-ы тұрақты жұмысқа орналастырылса,
336-сы субсидияланған жұмыс орындарына жіберілген. Ал 367-сі «Бастау- Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыса, 27-сіқысқа мерзімді кәсіби курстарға қатысқан, 82 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін грант алды. 53 адам арнайы белгіленген квота бойынша жұмыс тапқан.
— Бұл көрсеткіштер — сандар ғана емес, әрбірінің артында өмір сапасын жақсартуға деген талпыныс пен еңбекке деген ниет тұр. Қоғам да, билік те осы ниеттіқолдауғатиіс, — дейді бас маман.
Қолжетімді орта — тең мүмкіндік
Қоғамдағы әр адамның еркін өмір сүруіне мүмкіндік жасау — бәрімізге жүктелетін ортақ жауапкершілік. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін күнделікті ортада кедергі болмауы — адамгершілік пен өркениеттіліктің көрінісі.
Осы бағыттағынақты жұмыстар облыста жүйелі түрде атқарылып келеді. 2005 жылдан бері жүріп-тұруы қиын І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін «Инватакси» қызметі көрсетіліп келеді. Арнайы көліктер мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық мекемелерге, оқу орындарына, вокзалдар мен әлеуметтік нысандарға тегін жеткізеді.
— Қазіргі таңда «инватакси» қызметінде 121 автокөлік жүр, оның 10-ы арнайы жабдықталған. Биылдың өзінде 1314 адам осы қызметтің көмегіне жүгінді. Тек көлікпен жеткізумен шектелмей, облыста әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. 2023-2027 жылдар аралығында өңірде 1315 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда 907 нысан қолжетімді, — дейді Эльмира Сүйіншалина.
Бұл — қолжетімді орта қалыптастыру жолындағы үлкен қадам. Өйткені кез келген азаматтың қоғамдық өмірге еркін араласуы, білім алу мен медициналық қызметке қол жеткізуі — нағыз инклюзивті қоғамның негізі.
«Интерактивті қолжетімділік картасы» арқылы бейімделген нысандар туралы ақпаратпен кез келген азамат таныса алады.
«Қарттарым аман-сау жүрші….»
Қарттардың өмір сапасын жақсарту, белсенділігін сақтау — әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2021 жылдан бері өңірде Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Эльмира Сүйіншалинаның айтуынша, бүгінде облыс аумағында 1454 зейнеткерге қызмет көрсететін 22 орталық жұмыс істейді. Оның 7-еуі — мемлекеттік, ал 15-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ашылған.
— Бұл орталықтарда зейнеткерлер бос уақытын тиімді өткізеді. Тігін, тоқу, шет тілі, шахмат, цифрлық сауаттылық, йога, фитнес, скандинавиялық серуендеу секілді бағыттар бойыншаүйірмелерге қатысады. Мәдени-көпшілік іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 350-ден астам іс-шара өткізілді, — дейді ол.
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау — бұл тек әлеуметтік көмек емес, әр адамға деген құрмет пен тең мүмкіндік берудің айғағы. Қоғамның адамгершілік деңгейі де ең алдымен осындай жандарға көрсетілер қамқорлықтан көрінеді емес пе?Ақтөбе өңіріндегі тәжірибе — осы бағыттағы мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін көрсететін нақты қадамдардың бірі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



