Білім

Екі балабақша есігі ашылды

Бір күнде екі балабақша есігінің айқара ашылуы мұғалжарлықтарды қуанышқа бөледі. Аудан әкімі Серік Шаңғұтов бұл шаралардың жүйелі жүргізіле бастағанын, алда да жалғаса беретіндігін айтты.

Қандыағаш қаласындағы 140 бүлдіршінге арналған №1 мектеп-балабақша ашылған сәтінен бастап толық құрамында жұмысқа кірісті. Мұнда тәрбиеші-ұстаздар құрамы жасақталып, топтар бойынша тәрбиеленушілер тізімі алынды. Тәлім орталығының материалдық жарақтандырылуына 15 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде осындағы ойын, демалыс бөлмелері, асхана, басқа да қажетті тұрмыстық жайлар заман ағымына сай жабдықталды. Музыкалық аспаптар, оның ішінде он шақты домбыра қоса сатып алынды.

Мектеп директоры Мүслихан Тыныштығұлова, қоғамдық істердің ұйытқысы Шәрбану Қажығалиқызы, ардагер дәрігер Аманжол Адаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Сағынадин Салықбаев, тағы басқа сөз алған азаматтар болашақ ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөліп жатқан аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.

Жұрын ауылындағы балабақшаның ашылу салтанатына да тұрғындар көп жиналды. Өйткені бір кездері аудан орталығы болған ірі елді мекеннің кейінгі бір буын ұрпағы заман өзгерістеріне орай балабақша тәрбиесін көрмей-ақ, ата-аналарының қамқорлығында өсті. Бұрынғы балабақша ғимараты уақытында жекешеленіп кетті. Биыл аудан әкімдігі қаржы бөліп, осы шаруаны қолға алғанда, көпшілік оны қуанышпен қарсы алды. Өйткені жастар алаңсыз жұмыс істегісі келеді, бір жағы бүлдіршіндердің жан-жақты тәлім-тәрбие алғанын қалайды.

–  «Сәуле» деп аталатын бұл бала бақшада бүлдіршіндердің тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған деуге болады, – дейді оның меңгерушісі Базар Алдамжарова, – Ең бастысы, мұнда ата-аналар ақы төлемейді, бәрі де тегін.

Осы ауылдың бұрынғы әкімі Құттығия Ешауов ауылдастарының қуанышын бөлісіп, тәрбие орталығы төріне кілем жайды. Ауыл ақсақалы Якуда Өтепбергенов жастарға батасын беріп, игіліктер тіледі.

Бұл күні игілікті шарадан ешкім де тыс қала алмады. Мария қажы Сейіткамалова апа бүлдіршіндерге оң сапар тілеп, аналық батасын берді.

Ата-аналар атынан сөйлеген Бибатпа Жетпісбаева мен Сағира Жолдыбаева жас әже ретінде өздерін мойындатқан немерелеріне ризашылықтарын білдірді.

…Ескі ғимаратты қалпына келтіргеннен гөрі жаңасын салған оңай деп жатады әдетте. Ал «Дарбол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Полатбай Жұмағалиев сол қиын міндетті мойнына алып, біраз игілікті шаруалар тындырып келеді. Ол осы күні пайдалануға берілген екі балабақшаға да сыйлықтарын қоса ұсынды.

– Соңғы үш жылда ауданда сегіз балабақша қайтадан ашылды, – деді бізге аудандық білім бөлімінің бастығы Қайырғали Назаров. – Алдағы уақытта Ащысай, Ақкемер ауылдарында, Мұғалжар стансасында, Ембі қаласында да осындай жаңалықтар жүзеге аспақшы.

…Сонымен, Мұғалжар өңірінде балабақшалар есігін айқара аша бастады. Енді бұл өңірдің бүлдіршіндерінің күміс күлкісі сәнді де әсем ғимараттар аулаларынан жиі естілетін болады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button