Денсаулық

Мейірлі жандардың мерекесі

Сейсенбі күні Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрда медбикелердің төл мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Мерекені облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медбикелер кеңесі, Ақтөбедегі орта буын медицина қызметкерлерінің ассоциациасы ұйымдастырыпты. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысты.

1971 жылы медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туғанына 188 жыл толды. Халықаралық Медбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық медбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланады. Жыл сайын 12 мамырда облысымызда медбикелерге ерекше құрмет көрсетіледі. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тапты.

Салтанатты шарада денсаулық сақтау саласының негізгі қызметкерлері – мебдикелерді кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың арнайы Құттықтау хаты оқылды.

Бүгінгі күні облыста 5 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Мереке күні осы топтан озат, адал еңбегімен елге танылып, өз мамандықтарының шебері атанған бір топ медицина қызметкерлері мен ұзақ жыл осы салада еңбек еткен ардагер медбикелер салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде шақыртылды. Медбикелерді облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова төл мерекелерімен құттықтады.

Қымбатты медбикелер! Облыс тұрғындарының денсаулығын сақтауда, оларға сапалы, білікті медициналық көмек көрсетуде сіздердің еңбектеріңіз зор. Бұл күнді сіздер үлкен табыстармен қарсы алып отырсыздар. Денсаулық сақтау саласының негізгі қызметкерлері медбикелер екенін бәріміз жақсы білеміз. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен абыройлы қызметтеріңізге бәріміз де куәгерміз. Сіздердің арқаларыңызда мыңдаған адамдар ауруханалар мен емханалардан жазылып шығып, еңбекке қосылуда. Қоғамымыздың ең басты байлығы –  адам денсаулығын сақтауда сіздер үлкен роль атқарасыздар. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді Сара Қайыржанқызы.

С.Нұрқатованың айтуынша, бүгінгі күні облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» салу жайындағы тапсырмасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл істің айқын дәлелі – биыл қаламызда екі емхана мен көп профильді екі аурухана пайдалануға берілмек. Жыл сайын облыстың елді мекендерінде жаңадан медициналық пункттер мен амбулаториялық орталықтар іске қосылуда. Биылдың өзінде онға жуық осындай медициналық ғимарат халық игілігіне берілмек.

Жақында Ойылда аудандық аурухана іске қосылды. Қаладағы Қонаев көшесі бойындағы №2 қалалық емхана да бүгінде тұрғындарды қабылдап жатыр. Бұл нысандардың қай-қайсысы да жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазір қаладан жаңадан перзентхана салу ісі жоспарланып жатыр, – деді ол.

Мерекеде Сара Қайыржанқызы облыста ұзақ жылдан бері медбике міндетін атқарып келетін екі медицина қызметкеріне облыс әкімі Елеусін

Сағындықовтың Алғыс хатын табыстады. Олар – «Еуразия» медициналық орталығының бас медбикесі Жұмабике Жұмағалиева мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас медбикесі Ақбөпе Әбдірова.

Облыс әкімінің ерекше құрметіне бөленген Ақбөпе Қарасайқызын  марапаттан соң сөзге тартқан едік.

Мен медицина саласында отыз жеті жылдан бері еңбек етіп келемін. Облыс әкімінің Алғыс хатына ие болуым менің ұзақ жылғы еңбегімнің еленгені деп түсінемін. Әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отыра, олардың жасап жатқан еңбегіне шыдамдылық тілеймін, – деді ол.

Салтанатты шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, бір топ медбикеге басқарма атынан Алғыс хат табыстады.

Мереке құрметіне орай біз бірқатар медицина қызметкерлерін сөзге тартқан едік.

Гүлдариға Айтбаева, Ақтөбедегі №2 қалалық емхананың аға медбикесі:

Бала күнімнен медбике болуды армандаған едім. Өйткені ауруханаға барған кезде бастарына қалпақ, үстеріне ақ халат киген жандарды көргенде қатты қызығатынмын. Мен бұл қызметке дейін Хромтау аудандық ауруханасында 13 жыл рентген бөлімінде еңбек еттім. Өткен жылы желтоқсан айында отбасы жағдайына байланысты қалаға қоныс аударғанбыз. Міне, сол уақыттан бері осы емханада жұмыс істеп келемін. Қазір қарамағымда 100-ге жуық медбике бар. Біз ересек науқастармен жұмыс жасаймыз. Қарамағымдағы медбикелердің қай-қайсысы да өз жұмысының білгірлері, әбден маманданған жандар.

Құралай Қасенқызы, Ақтөбедегі №2 қалалық емхананың учаскелік медбикесі:

Біздің жұмысымыздың негізгі мазмұны – туберкулездің алдын алу. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарды жас ерекшеліктеріне байланысты профилактикалық тексерістен өткіземіз. Сондай-ақ, тұрғындарды жылына бір рет флюорографиялық тексерістен өткізу де біздің міндетімізге жатады. Қазір біз маммография мен жатыр мойыншасы рагына қарсы әйел адамдарға тексеріс жүргізіп жатырмыз. Бойынан ауру табылған науқастарды диспансерлік есепке аламыз.

Света Ахетова, Шалқар аудандық емханасының бас медбикесі:

Бүгінгі таңда аудандық емханада 191 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың ішінде 128 медбике қалада жұмыс жасаса, қалғандары селолық елді мекендерде тұрғындарға қызмет көрсетеді. Қазір ауданымызда жоғары санатты 9, бірінші санатты 3, екінші санатты 2 медбике бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылғы халыққа арнаған Жолдауында кадрлар біліктілігін арттыру мәселесі баса айтылды. Өткен жылы ауданның 38 медбикесі кәсіби білімдерін жетілдірсе, биыл 42 медицина қызметкерінің білімін жетілдіру жұмыстары жоспарда тұр.

Биыл денсаулық саласындағы ең үздік жетістіктері үшін облыс әкімінің «Шапағат» сыйлығы байқауына ауданнан 10 медбике сайысқа қатысты. Тағы бір айта кететін жайт, қазір ауданға қарасты елді мекендердің барлығында медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жұмыс істейді. Бұл орталықтардың қай-қайсысы да медициналық көліктермен қамтамасыз етілді.

Гүлжамиға Убиниязова, облыстық балалар ауруханасының аға медбикесі:

Менің осы қызметте жұмыс істегінеме отыз жылдан астам уақыт болды. Балалармен жұмыс істеген өзіме қатты ұнайды. Қазір балалар арасында темірдің жетіспеушілігінің салдарынан қан аздық пен салдану, жүйке жүйелерінің дұрыс қалыптаспауынан туындайтын аурулар өте жиі кездеседі. Ауруханаға облыстың барлық аудандары мен 7 қаласынан келетін науқастар ем алады. Біз жаңа туған сәбиден 15 жасқа дейінгі балаларға ем жүргіземіз.

P.S. Биыл денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында облыстық байқау жарияланды. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың айтуынша, 100 медбике облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың 120 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйақысымен марапатталатын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button