Соғыстан сыр шерткен ескерткіштер


Ақтөбедегі ескерткіштерді қорғау, зерттеу ісіне жауапты облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директорыФархад Досмұратовтың айтуынша, өңірде мемлекеттік қорғауға алынған 872 сәулет өнері бар болса, соның 22-сі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Бұлардың ішінде мемориалды кешеннен бастап шағын сәулет ескерткішіне дейін бар.
Елдіктің белгісі, ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері — Кеңес Одағының Батырлары, майдангерлер, жалпы Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштердің өзі маңызы һәм мазмұны жағынан бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар тізімде тек 2 сәулет өнері болса, 15-і — жергілікті маңызы барларға, қалған 5-еуі қосымша тізімге енген.
Сонымен, тасқа қашалған тарих — ерлікке арналған Ақтөбедегі ескерткіштер — «Батырлар аллеясы» ескерткіш-кешені, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 5 ескерткіші, Даңқ обелискісі («Мәңгілік алау»), 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасының құрметіне қойылған Зеңбірек ескерткіштері туралы бұған дейін жазған едік. Енді тағы бірсыпырасына тоқталсақ дейміз.
101-атқыштар бригадасының штабы
Қазіргі таңда облыс орталығындағы Н.Қобыландин көшесі, 2-үйде М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты ғимараты орналасқан. Ал кезінде тап осы жерде 101-дербес атқыштар бригадасының жеке құрамы жасақталғаны тарихтан белгілі. Бұл туралы сыр шертетін мәрмәрдан қашалған екі белгі де бар…
1936 жылы салынған ғимаратта соғыстың алғашқы жылдарында құрылған 101-атқыштар бригадасы жұмыс істеген.
Ескерткіштің сипаттамасына келсек, ғимарат үш қабатты, кіреберіс есіктің сол жағында көлемі 30х50 сантиметр екі мрамор-тақтайшаға қазақ және орыс тілдерінде «Бұл үйде 1941 жылы қараша-желтоқсан айларында 101-дербес атқыштар бригадасы ұйымдастырылды» деген жазу қашап жазылған.
Батырдың қоладан құйылған мүсіні
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің ескерткіш-мүсінінің орнатылғанына соншалықты көп бола қойған жоқ. 2009 жылы ашылған ескерткіш аталған ұшқыштың атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының ауласында қойылды.

1943 жылы соғысқа аттанып, 305 рет әскери шабуылға шыққан авиация генерал-майоры Талғат ЖақыпбекұлыҚазақстанның бірқатар ірі қаласында әуежай салу ісіне өз үлесін қосты. 2014 жылы 10 қарашада 93 жасында өмірден озды.
Ақтөбедегі ескерткіш-мүсін қоладан құйылған, биіктігі — 0,5 метр. Тұғыры ескерткіштің түсіне сай қызыл түсті керамогранитпен қапталған. Тұғырдың биіктігі — 2 метр, ал — ені 70 см.Авторы — мүсінші Марат Ғабдырахманов.
Жауынгерлер мәңгілік тыныс тапқан…
Ұлы Отан соғысы кезінде Ақтөбе қаласында Кеңес әскерінің жараланған жауынгерлеріне медициналық көмек көрсететін бірнеше госпиталь жұмыс істеді. Ауыр жарақаттан көз жұмған жауынгерлер осы Бауырластар зиратына жерленді.
Бауырластар зиратында гипстен жасалған 3 метрлік мұңды кейіптегі жауынгер бейнесі мүсін түрінде орнатылған. Мүсін биіктігі 0,80 метр бетоннан жасалған екі сатылы гранит тұғырда орнатылған. Мүсіннің жанында 38 жауынгердің есімі қашалып жазылған мәрмәр тақта бекітілген белгі бар.
Бұл маңда екінші бауырластар зираты орналасқан. Құлпытас үш сатылы бетон тіктөртбұрыш түрінде жасалған. Құлпытастың жоғарғы тақтасында бетоннан бедерленіп «Батырларға мәңгілік даңқ» деп жазылған. Құлпытастың бірінші сатысында 24 жауынгер тегі бар металл кесте бекітілген.
Судья-майдангерге құрмет
Облыстық сот ғимаратының алдындаҚазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы болған Ұлы Отан соғысының ардагері Әбидолла Биекеновтің ескерткіш-мүсіні алыстан көз тартады.

Әбидолла Биекенов 1911 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Балалық, жастық шағы өткен ғасырдағы төңкеріс пен азамат соғысы, ұжымдастыру, жаппай аштық жылдарына тап келген Әбидолла ширығып, жан-жақты боп өседі.Теміржол мектебін бітірген соң, алғыр жігіт Ақтөбедегі партия мектебінде оқиды. Осыдан бастап ол еңбекке араласып, белсенділігімен танылады. 1932 жылы Шалқар аудандық газетін ашуға атсалысып, алғашқы редакторы болады. Бір-екі жыл журналистикада еңбек еткен Ә.Биекенов Қарабұтақ аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады. Сөйтіп жүріп Мәскеудегі КСРО Халық комиссариаты жанындағы құқық академиясын тәмамдайды. Осылайша оның заңгерлік қызметі басталады. Шалқар, Жұрын аудандық соттарында судья, Ақтөбе облыстық сотында судья, сот төрағасының орынбасары қызметтерін атқарады. 1939-1942 жылдары Қарағанды облыстық сотының төрағасы болып еңбек етеді. 1942 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы боп тағайындалады. Сол жылы Ә.Биекенов соғысқа аттанады. Белорусь майданында, Польша, Германия жерлерінде әскери операцияларға қатысады. Екі рет жарақат алады. Соғыстағы әскери ерлігі үшін екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін 1946 жылы Ә.Биекенов Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы болып тағайындалады. Небәрі 35 жасында өмірден өткен майдангердің атына туып-өскен Шалқар қаласында көше берілген.
Монументтік өнер құрылысы жөнінде бірер сөз. Қоладан құйылған Ә.Биекеновтің мүсіні қызғылт гранитпен қапталған екі қатарлы, төртбұрыш пішінді стилобат пен екі қатарлы тұғырға орнатылған. Стилобаттың өлшемі — 5х5 метр, тұғырының өлшемі — 0,60х0,72 метр. Ескерткіштің биіктігі — 3,22 метр. Авторы — мүсінші Ж.Кенбай.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



