Мәдениет

Кеш көтерілген нан

Бүгін — сатирик қаламгер Әлімбай Ізбайдың туған күні.

Әлімбай облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет атқарған жылдары оқырмандарды есте қаларлық сатиралық дүниелерімен бірге, көкейтесті мәселелерді қозғаған талай үздік мақалаларымен де сүйсінтіп еді. Бұл бір ерекшелігі болса, екінші қасиеті адалдығы еді. Ол жалғандығы сезіліп тұратын аз күндік өмірді де, айналасындағы адамдарды да шын жақсы көрді, өзін де, өзгені де алдаған жоқ. Осы күні Әлімбайды іздейтіндердің көптігі де содан шығар.

Ол бүгін елу төрт жасқа толар еді.

Әлімбай ІЗБАЙ

Кеш көтерілген нан

Бөпіш бастық болғанына қуанбады. Қуанбаған себебі — алты айдан арғы тағдырын болжай алмады. Наны көтеріліп ауданға әкім болып келгендер «шаруашылықты түзеуді» шаруашылық басшысын ауыстырудан бастайды. Бұл жолы да солай болды. Жаңа әкімнің келуімен біраз жігіттің «наны көтерілді». Соның бірі — өзі.

Бірақ көңілі түбі жоқ шелекті күзетіп қалғандай жабырқап келеді. Оған себеп көп. Ең алдымен бұл әкім қаншаға шыдас береді? Өз тағдыры да соған байланысты. Табанының бүрі бар деген әкімдеріңнің өзі алты айдан әрі аспайды-ау, аспайды. Алты ай… Нарықтың дөңгелегінің жылдамдығы сондай, наны көтерілген нар жігіттерді сең соққан балықтай қылып, алты айдағы жиған-тергенін асығыс «КамАЗ» керуеніне тиете бастайды. Бұл дегеніңіз — тағы бір әкім келеді, тағы біреулердің «наны көтерілмейді» деген сөз. Мұны ресми және халық тілінде жаңа әкім «өз командасын» жинайды деп айтады. Екіншілері қабылдап алған шаруашылығы не, немен айналысатынын, өзінің нақты неге жауап беретінін басқа түгілі өзі білмейді. Шаруашылық шаршаған… көтерем қотыр қой дерсің. Нарықтың бұл қуыруымен енді бір қыста тігерге тұяқ қалмауы да кәдік. Түбі түскен шелекті күзетіп қалғандай күйде келе жатқаны да сондықтан.

Талай директордың тақымында болған «Уаздың» жүргізушісі радиоқабылдағышты қосты. «Ауылым» әні шалықтай жөнелді. Бөпіш тағы еріксіз  ойға кетті…

Қызық деген бола береді-ау… Бір жылдары, сонау мектеп бітіретін жылдары, осы ауылдың балалары ауыл шаруашылығы, мал дәрігерлік институтты сағалайтын. Бәрінің де дәмесі — дырдай директор болу. Бұл «қазақ тілі мен әдебиетінің» мұғалімі боламын дегенде марқұм әкесі: «Бұл жетесіздің артына май құйса да адам болмайды» деп күйіп-пісіп, жетелеп барып, мал дәрігерлік институтқа желкелеп кіргізген сонда. Не үшін директор болу керектігін жұмысқа араласқанда білді. Ауылда екінің бірі өзіндей дипломды «болашақ директорлар» болатын. Бірақ «жастар келді-ау» деп орнын босатқан ешкім болмады. «Болашақ директорлар» болашақ номенклатуралық өмірбаяндары: «Ол өзінің еңбек жолын институт бітіргеннен кейін малшы, (механизатор) болып бастады» деген сенімді сөздерден басталуы үшін еңбек майданында тер төгіп жүрді.

«Өзі осы кеңшарда қанша директор болып еді? Бір, екі, үш… Иә, дәл — он алты!» Әлі есінде, өзі жас маман болып келетін жылдары басқа бір облыстан келген шал болатын. Шулатты-ау, шалың! Жұртты бір шыбықпен өргізіп, бір шыбықпен жусатты. Омырауына орден де тақты, «Еңбек Ері» аталды. Кеңшардың кеңес үкіметінде алмаған туы қалмады. Жарықтық, «қасқыр да орманға қарап ұлиды» демекші, жетпісті алқымдаған шағында баласын райкомға мүше етіп, еліге тасынып алды-ау. Шал кеткен соң, оның кезінде «Ет пен сүттің фабрикасы» атанған шаруашылық беделі бұрынғыдай дүмпілдемеді. Мүмкін «орденнен шығар» деп, реті келгенде бір директордың омырауына орден тағылып еді, ол да ешқандай өзгеріс әкелмеді. Мүмкін тегінен шығар деген тұжырыммен «селекция» жасалып, ауылдағы төрт атаның балалары алма-кезек басқарып еді, ауыл төртке бөлініп, «ішіп қойды», «жеп қойды» деген арыз-шағым ағайын арасына іріткі салды. Оның арты қып-қызыл «қырғи қабақ соғысқа» ұласып бара жатқан соң, бұл әдіс те тиімсіз саналып, көрші кеңшардан басшы сайланды. Оның да маңдайының соры бес елі екен! Кешегі ала ауыз ауыл енді оған қарсы біртұтас майдан ашты. Ұрандары: «Бұл ауылда бастық туатын қатын құрып қалып па? Әлде біз ұл туғанда қалжа жемеппіз бе?» Ақыры «демократия, жариялылық» деген «көктем желі» соққанда әлгіні көптеп көмектесіп, өздері ауылына көшіріп салды. Бұдан кейінгі кезеңді басқа бермесін. «Бөліп ал да билей бер!» деген соқыр саясаттың күні туды. Бәрі — бастық, бәрі — өзіне бастық, өйткені бір бағынышты адам жоқ, бірін-бірі тыңдамайды. Бірақ бұл кезең ел болған соң бір басшының қажеттілігін дәлелдеп берді де, келесі басшы сайлауына ауыл тұрғындары тайлы-таяғы қалмай жиналды. Таң атқанша бір шешімге келе алмаған жиналыс енді болмағанда басқарушы комиссиялық кеңес құрмақшы еді. Бірақ кеңшар Қазақстан Республикасының территориясында тұрғандықтан оның заңы көтермейтін болды. Сонымен, басшылықтан үміткерлер іріктеліп, сайлау бюллетені қағазын салу арқылы өткізілді. Бұл да дау-дамайы көп науқан болды. Әйтеуір екі атаның балалары астыртын келіскендіктен солардың ортақ кандидатурасы өтіп, екінші, үшінші сайлаулар болмады. Бастық балшықтан жасайтын дүние емес. Осы кезеңнің ішінде бұрынғы «жоғары не айтса біз көндік» деп жусаған жылқыдай бас шұлғып отыратын «қараңғы халық» тым-тәуір сауаттанып қалды. Әр басшы сайланар тұста егер бұрынғы басшы кәрі болса: «Бізге қолынан іс келетін, тепсе темір үзетін жас кадр керек» деп; егер түсетін басшы жас болса: «Бізге көпті көрген, жұмыстың байыбын білетін, тәжірибесі бар адам керек» деп т.т. көзқарастарын айтып отыратын болды. Жоғарыда айтылған номенклатуралық өмірбаяндарын «қарапайым малшы болып маңдай терлерімен жазғандар» бір-бір електен өтіп, демократия толқынында бір батып, бір шығып, тал қарманып, жағалау қайсы таба алмай малтығып жүрді. Бір қызығы, сайланарда көлдей-көлдей бағдарлама жасап, таңды-таңға ұрып сөйлеген басшылар кеткенде бір түнде ізім-қайым жоғалып, жұрт жұртын сипап қалатын. Жаңа сайлаудың қызығында жүрген халыққа оның бар-жоғы бәрібір болатын. Артынан барып кеткен басшының бір жерде (көбіне облыс, аудан орталығында) кішігірім мекемеде кішігірім қызметкер екені ұзынқұлақтан жететін. Көзден кеткесін, көңілден де кетеді емес пе?! Әлқисса, сонымен не керек, жариялылықпен жан біткен ауылдың «мен ойнаған жоқпын, шайтан ойнады» дейтін басшы сайлау «ойынына» нарықпен келген әкімдік басқару тежеу салғандай болды. Енді бұрынғыдай өзара қауқылдасын: «Е, осы баладан бірдеңе шығады…» деп қарбыз таңдағандай бастарынан шертіп, «піскен» біреуін отырғыза салу мүлдем кетті. Бәрін ауданның әкімі біледі! Ол кімді сұқ саусағымен көрсетеді — сол басшы. Ел тынышталды, енді ауданға құлақ түреді. Жаңа әкім жайлы ұзынқұлақ хабарды сан-саққа жүгіртіп, илеуін қандырып, кесіп-пішеді. «Халық айтса қалт айтпайды», кейде болжамдары дәл де шығып жатады. Өйткені жаңа әкімнің «шаруашылықты түзеу» үшін өзіне «команда» жинайтынын олар да біліп алған. Бұл енді — ең кемі алты айда болып тұратын жаңалық. Міне, өзі де «наны көтеріліп», әкімнің тағайындауын алып келеді… Бір кездегі бүйректің бір түпкірінде бұғып жатқан «дырдай директор болсам» деген тәтті арман орындалған сықылды. Бірақ… қуанып келе жатқан жоқ. Мұның тағайындалуы да қызық болды. Ауыл шаруашылығы басқармасына шақырды. Барды. Ондағылар топалаң тигендей дүрлігіп жүр. «Не болды?», «Жаңа әкім келді», «Кім?», «Пәленбай Түгенбаевич», «..!?». «Мені неге шақырдыңдар?». «Сені ауылың, бастық қылып жатыр. Қазір өзі қабылдайды…». «Ау, ағайын, мен…». «Сенен басқа адам жоқ!!!», «Мәссаған, безгелдек!!!». Әкімнің алдында тұрып та осы сөзді іштей қайталай берді.

Міне, селекция! Ешкім қалмаған! «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады». Кейін шегінер жер жоқ, нарыққа бейімделіп, қала іргесінен шұбат, қымыз өндіретін шағын жеке шаруашылық ашсам деген арманы да быт-шыт, көңіл де алай-дүлей. «Мына әкім де бір кездері «райком болсам» деп армандаған болар-ау…». «Өзі бір шаруашылықты басқара алмай теперіш көрген біреу екен» дегенді құлағы шалған. «Ұзаққа шыдар ма екен?». Қалай болғаны да ендігі тағдыры — соның қолында…

Сәл көтеріліп отырып, бойын тіктеді. Радиоқабылдағыштан әнші:

«Жайлы жер іздеп кетті деп,

жазғыра көрме, қарттарым…» — деп зарлатады. Бір түрлі көңілді әлемтапырық етеді екен сөзі. «Шынымен кеткен басшылардың бәрі де «жайлы жер» іздеп кетті-ау». Тіфу, осындайда ойға қайдағылар түседі…

«Қой, ең кемі алты ай… Алты айың да біраз уақыт қой».

Бөпіштің көңілі біртүрлі алабұртып келе жатты…

 

Обал-ай

Сиырдың тілі ұзын, танауына жетеді. Тоқырау жылдарында отыз екі тістің арғы жағына қамалып келген біздің тіліміз сала құлаш болып шыға келеді. Бәрі де жарықтық жариялылық пен демократияның жетістігі. Ішқұса болған сорлыға сапырып сөз сөйлеу, партия құрып, сырғытып Жарғы жазу неге тұрған тәйірі. Қалың қазақ ұйқылы-ояу, қазақ көнгіш қой, көпіріп сөйлесең шешен деп тымағын шешеді. Қағаз жаза білсең құдайдай табынады. Тек қалың қазақтың қамы үшін жарғақ құлағың жастыққа тимей жүрген жандай күйіс қайтарып күрсіне біл!

Кетпеннің басын басқандағыдай, қазақ десек өзімізге де тиеді. Ру-руға жіктеліп жатқан қазағым онсыз да «көп партиялы» болатын. Сайқал саясат күрт өзгеріп, «жеке қожалықтағы» партиялар, қозғалыстар құрсаң да ешкім қой демейтін заманда, сөзін де, өзін де өткізе алмай жүрген кейбір дүбәра жандардың айы оңынан туады. Қазақтың жерін, шерін айтып, шекпенін шарт буынып шыққан қайраткерлер көбейді.

Тақия киіп, (мұсылмандығын көрсеткені) қол кебеже ұстап, кердең басып, кәсіпорын (мекеме, ұйым) кеңсесінің есігін теуіп ашып, «неге қазақ болмаймыз?» деп маңдайдан балғамен ұрғандай дүрсе қоя беретіндер де табылуда. Қазақ болғысы келіп бола алмай жүрген біреу болса, «Болғалы жатырмыз» деп құлдық ұрып, ал «бір қазақ болса өзіммін» жүрген қазақ болса, әлгі «қайраткердің»  бетіне «Мынауыңның дені дұрыс па?» деп бажырайып қарамай ма?! Ескексіз қайықтай қалқып жүрген қазаққа ес кіргізетін өзім деп, кеуде қағып жүрген «қайраткер» қайтқан ба: «Бәрің де маймылсыңдар! Бәрің де мына тұрған (төрде ілінген портретті нұсқап) таза маймылдың ұрпақтарысыңдар. Көздеріңді тұздай қылып құртамыз!» дейді төріңе озып. Қалың қазақты оятамыз, есесін әпереміз деп дүрлігіп жүрген демократ сөзінің сиқы осы! Үкімет қызметін атқарып жүрген зиялы қазақтың көзін тұздай құртса қай қазақты ұшпаққа жеткізем дейді екен күпсінген төре. «Ой, әкеңнің аузын… қазақсың ба?!» деп өзінің қазақтың қамқоршысы екенін күшпен танытып жүрген жалған жебеушілер соңына ерген халықты қайда бастайды?! Көрге ме, төрге ме?

Неге қазақ болмаймыз?! Демократтың демігіп қоятын сұрағы домбыраның ішегіндей тартылып тұрған іштегі жүрек, қолыңды дәл басады! Керенау қазақпыз ғой, қанымыз шапшып шығады. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп, көп несібемізден құр қалған халықпыз, қамқоршымыз не айтса шыбындаған аттай бас шұлғуға бармыз. Баста, жанашырым, қазақсың ба, қосыл қатарға!

Иә, сиырдың тілі ұзын. Қазақтың тілін, мәдениетін жөндеп білмесе де, жөргегі осы жерде жуылғанын алға тартып, тілімен орақ оратын да сол. Партия жетекшісі не айтса соны істеп күн көрген қазаққа партиясыз қалғанда құдайдың бергенін қарасаңшы. Ұлт намысын қуғандар толып жүр. Есікке тыным бермейді. Бірінің сыртынан бірі күндейді. Қазақты терідей тартқылайды. Сөздеріне қарасаң — қомағай, қазақты ұшпаққа жеткізбек. Көздеріне қарасаң — обал-ай… ойнап тұрады. Ойлары — осы ойпаң-тойпаң өтпелі кезеңде ойнап семіру, қоңдану. Басқа ештеңені көріп тұрған жоқ…

«Сиырдың тілі ұзын, танауына жетеді» деген сөз — растау.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button