Мәдениет

Бұтақтар мен тамырлар

Орман алқабында, бақ-тоғандарда қурап жатқан ағаштар біз үшін кәдеге жарамсыз тәрізді. Тазалық шараларын ұйымдастырған кезде де өртеп жіберуге асығамыз. Ал зерделеп қарасаңыз, ағаштың кепкен тамырлары  мен түбірлері — табиғаттың өзі жасаған керемет мүсіндер. Тек оның бөлігіне кішкене толықтыру енгізіп, флористика жасасаңыз болғаны, әп-әдемі дүние шығады.
Қайырғали Мүтиев  отыз екі жылдан бері флористикамен айналысады. Балшықтан мүсін, ағаштан бұйым, темірден түйін түйетін маманды бұл өнер, сірә, бала кезінен қызықтырса керек. Ол жасынан табиғат аясында тыныстап, өз қолымен әсем дүниелер жасағанды ұнатады. Қолы қалт етсе құрал-сайманымен орман-тоғандарды, өзен-су жағалауларын аралап жинап алатын, ағаш тамырынан түрлі мүсіндер жасайды. Бүгінде оның қолынан шыққан жауһар дүниелер мұражайларда сақтаулы.
Флористиканы меңгеру үшін де ағаш тілін ұғынып, баптай білетін адам керек. Сонымен қатар суретшілік қабілеттің де болғаны дұрыс. Ал Қ.Мүтиев Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің мүсіндеу факультетінде қолданбалы өнер мамандығын тәмамдаған. Флористика өнеріне қызығушылығы қалай басталғаны жөнінде өзі былай дейді:
— Бірде Алматыда оқып жүргенімде студент достарыммен топтық сер­уенге шыққан болатынбыз. Орманнан аңдарға ұқсас ағаш тамырларын тауып, өзіммен бірге оқу орнына ала келіп, ұстазыма көрсеттім. Бұл  1974 жылдың мамыр айы еді. Сол кезден бастап ағаш тамырларынан түрлі бейнелер, мүсіндер жасауды қолға алдым. Флористика — ертеден келе жатқан өнердің бір түрі. Ағаш тамырлары мен түбірлерінен жан-жануарлар  мен құстардың әрқилы бейнелерін мүсіндеуге болады.
Флористикаға қажетті ағаш түбірлерін, томарларды шіріген, құлаған не қураған талдардан аламыз. Ол үшін маманның ой-өрісі кең, қиялы бай болуға тиіс. Тапқан томарлар мұқият  тексеріліп, қандай бейнеге ұқсайтыны айқындалған соң өңделеді. Алдымен ағашты ағынды суға жуып, қабығы құм-саздан тазартылады. Содан соң күн көзіне кептіріліп, мүсінделеді. Өңделіп болғаннан кейін марилькамен немесе қоңыр акварель бояуларымен боялып, майшам ерітіндісі жағылады.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін кейіпкеріміз флористиканы жан-жақты зерттеп, газет-журналдарға жиі материалдар жариялайды. Сонымен қатар ол — «Жанды түбірлер», «Ер жасау өнері» атты методикалық жинақтардың авторы. Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының оқушылары тәлімгер ұстаздан көп нәрсені үйренді.
Қайырғали аға флористикадан бөлек, қобыз, домбыра, сыбызғы бұйым­дарымен қатар, ер-тұрман да  жасайды. Бұл кезге дейін ол өз қолымен он бес домбыра жасаған. Домбыраны арнайы тапсырыспен жасағаны болмаса, сатылымға шығарған емес. Көбіне қарағаштан ойып жасаған бұйымдарына ұлттық оюларды пайдаланады. Сонымен қатар халық арасында ұмытылып бара жатқан жәдігерлерді қайта жаңғыр­туды көздейді.
«Табиғатқа асықпай, зер сала қарасаңыз, құнды бұйымдар жасауға болатын материалдарды көптеп табуға болады. Мәселен, кекіре шөбінің дәні құстар бейнесін жасау үшін қолайлы. Шөпті әбден тазалап, қалыпқа келтіріп, аяғын салсаңыз болғаны. Ал су жағасында өсетін қамыс — сыбызғы жасау үшін табылмас дүние. Жалпы, біздің еліміздегі әр ағаштан әдемі ұлттық бұйымдар жасауға болады. Солардың бірі — бүгінгі күні сирек пайдаланылатын сақпан аспабы. Бұл аспапты ертеде халқымыз мал баққанда қойды үркіту үшін пайдаланған екен. Кейін оны белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев халық арасынан іздеп жүріп музыкалық оркестрге қолданыпты. Менің қолымнан шыққан сақпан аспабы жұртшылыққа ұнады. Осыдан төрт жыл бұрын Орынборда халықтар достығының көрмесінде қойылды», — дейді Қайырғали Мүтиев.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button