Құқық

Заңды білу — өз мүддеңді қорғау

Тұтынушы құқығы

Сатушы мен сатып алушы арасындағы қарым-қатынаста шешімін таппаған мәселелер әлі де жетерлік. Әсіресе тауарды қайтару немесе айырбастау —тұтынушылар үшін өзекті тақырыптардың бірі.
Еліміздегі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң тұтынушылар мүддесін қорғауға бағытталғанымен, тәжірибе көрсеткендей, сатушылар бұл талаптарды орындауға дайын емес. Түрлі сылтаулар айтып, тұтынушының заңды құқықтарын шектеуге тырысатын жағдайлар жиі кездеседі. Осындай сәттерде тұтынушының өз құқығын толық білмеуі тауарды қайтару немесе ақшаны өндіріп алу процесін күрделендіре түседі. Сондықтан әрбір тұтынушы өз құқықтарын нақты білуге тиіс. Осы ретте біз Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаеваға бірнеше сұрақ қойған едік…

— Сапасыз тауарды тұтынушы қандай жағдайда және қанша уақыт ішінде қайтара алады?
— Егер сатып алынған тауарда ақау (дефект) анықталса, тұтынушы оны ұзақ уақыт аралығында да қайтаруға құқылы. Бұл мәселе «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң аясында реттеледі. Сапасыз тауарды қайтару мерзімдеріне тоқталсақ: мәселен, тауарға кепілдік мерзімі белгіленген болса, тұтынушы тауарды сол мерзім аяқталғанға дейін қайтаруға немесе ауыстыруға құқылы. Ал кепілдік мерзімі жоқ болса, мұндай жағдайда тұтынушы тауарды сатып алған күннен бастап екі жыл ішінде сапасыз тауар ретінде қайтаруға немесе ауыстыруға өтініш бере алады.
Кепілдік мерзімі екі жылдан аз болса, егер тауардың кепілдік мерзімі екі жылдан аз және тұтынушы ақауды кейін анықтаса (бірақ екі жыл өтпеген болса), яғни тауардың бастапқыда сапасыз болғаны дәлелденсе, сатушы жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл жағдайда тұтынушы тауардың кемшілігі сатып алу кезінде болғанын дәлелдеуге тиіс.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабы 1-1 тармақшасына сәйкес тұтынушы сапасыз тауарды түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбасы, заттаңбасы сақталған-сақталмағанына қарамастан, оны сатып алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға құқылы.
Сатушы тұтынушының талабына сәйкес оны басқасына ауыстыруға немесе төленген соманы қайтаруға міндетті. Егер тауардың ақауы тұтынушының дұрыс пайдаланбауынан туындаса, мысалы, сындырып алса, техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтіндей пайдаланса, сатушы қайтарудан бас тарта алады. Алайда мұндай жағдайда сатушы сараптама нәтижесіне негізделген құжатпен дәлелдеуі қажет.
— Сапалы, бірақ тұтынушыға сәйкес келмейтін тауарды айырбастау немесе қайтару тәртібі қандай?
— Егер тауар сапалы болса, бірақ тұтынушыға оның өлшемі, түсі, формасы, үлгісі немесе жинағы сәйкес келмесе, онда тағамға жатпайтын тауарды 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға болады. Мұнда да тауардың пайдаланылмағаны, жарамды күйде сақталғаны және төлем құжаты (түбіртек) болғаны маңызды. Егер түбіртек болмаса, тұтынушы бейнебақылау жазбасы, банк төлемінің көшірмесі, куәгерлердің айғақтары сияқты өзге де дәлелдер арқылы сатып алу фактісін дәлелдей алады. Заңнамада түбіртектің болмауы тұтынушы құқығын шектемейді деп нақты көрсетілген. Тек дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, ішкиімдер, шұлық-ұйық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын мата, перде, кілем, пленка, линолеум секілді тауарлар және ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары айырбастауға келмейді.
Жалпы тұтынушы сатып алатын тауар немесе көрсетілетін қызмет туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. Мәселен, тауардың құрамы, сапасы, шыққан елі, жарамдылық мерзімі, қолдану тәсілі туралы ақпарат берілуге тиіс. Егер сатушы толық ақпарат бермей, тұтынушыға зиян келтірсе, ол заң бойынша жауапты болады. Кез келген тауар немесе көрсетілетін қызмет тұтынушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге тиіс. Қауіпті тауарлар жайлы ескерту ақпараттары міндетті түрде көрсетілуі керек.
— Тұтынушылар құқықтарын қорғау бағытында қандай жұмыстар атқарылды? Олардың нәтижелері қандай?
— Қаңтар-сәуір айлары аралығында Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты 504 өтінішті қарады. 262 тұтынушының өтініші қанағаттандырарлықтай шешімін тапты. 130 өтініш бойынша тұтынушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық көмек көрсетілді, 84 өтініш тиісті мемлекеттік органдарға құзыретіне сәйкес жолданды, 28 өтініш осы мамыр айында қаралып жатыр. Қаралған өтініштердің 180-і — бөлшек сауда саласына, 76-сы — тұрмыстық қызметтерге, 110-ы — электрондық саудаға, 25-і — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, қалған 113 өтініш көлік, туристік қызметтер, қаржы, қоғамдық тамақтану, байланыс, медицина, білім беру және өзге де салаларға тиесілі.
Жыл басынан бері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағын және орта бизнес субъектілерінің 13-і әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ескерту мен айыппұл салынды. 2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша тұтынушыларға 34,3 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын өтелді.
— Көп тұтынушы талап ету құқығы барын білгенімен, қайда барып, кімге шағымданарын білмейді. Осының жолы қалай?
— Әрине, сапасыз тауар немесе қызметтің салдарынан тұтынушы материалдық немесе моральдық зиян шексе, сатушыдан осы залалды өтеуді талап етуге құқылы. Бірінші кезекте тұтынушы наразылықты жазбаша түрде сатушыға білдіруі керек. Егер мәселе шешілмесе, сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне және соңында сотқа талап арыз беру арқылы әділдікке қол жеткізуге болады.
Бүгінгі таңда тұтынушылардың өтініштерін қабылдау және қарау процесін автоматтандыру мақсатында e-tutynushy.kz ақпараттық жүйесі құрылды. Бұл жүйе барлық деңгейдегі тұтынушы құқықтарын қорғау саласын жүйелеуге және есепке алуға мүмкіндік береді. Ол үшін тұтынушы e-tutynushy.kz жүйеде тіркелуден (авторизация) өтуі қажет. Егер құқығы бұзылған жағдайда немесе кеңес алу қажет болса, ұялы телефон арқылы өтініш түсіре алады. Сондай-ақ жүйе арқылы тұтынушының құқықтық түсіндірме алуға мүмкіндігі бар.
Сатып алынатын тауар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігі — «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның негізгі талаптарының бірі. Күнделікті өмірде біз бәріміз тұтынушы болғандықтан, өз құқықтарымызды білгеніміз дұрыс. Заңды біліп, құқықтық жағынан сауатты болсақ, келеңсіз жағдайларда өз мүддемізді қорғай аламыз.
Басқа сұрақтар мен қосымша ақпаратты Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен алуға болады. Мекенжайымыз: Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 25-үй. Байланыс телефондарымыз: 8 (7132) 54-81-20, 8 (7132) 54-81-26, 8 (7132) 54-46-49.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button