Құқық

Кәмелетке толмағандардың еңбек ету құқығы: заңнама және жауапкершілік

Адам құқығы

Қазірде жасөспірімдердің көпшілігі табыс табуға, өз қажеттіліктерін өздері қамтамасыз етуге немесе ата-анасына көмектесуге ұмтылады. Әсіресе жазғы демалыс кезінде балалар уақытын тиімді пайдаланғысы келіп, жұмыс істеуге ынталы. Бұл—құптарлық әрі өскелең ұрпақты жауапкершілікке баулитын бастама. Алайда кәмелетке толмағандардың еңбекке араласуы заң жүзінде нақты реттелген, өзіндік шектеулері мен шарттары бар. Баланың еңбегі оның денсаулығына, оқуына және жеке дамуына зиян келтірмеуге тиіс. Сол себепті жасөспірімдерді жұмысқа тарту кезінде ата-аналар, жұмыс берушілер мен қоғам заң талаптарын ескеріп, баланың құқығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстауы қажет.

Қазақстан Республикасында әрбір азаматтың еңбек ету құқығы Конституциямен бекітілген. Осылайша Ата Заңымыздың 24-бабында: «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар.Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар» делінген. Сонымен бірге ҚР Конституциясының 27-бабында баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі екені атап көрсетілген.

Кәмелетке толмағандардың еңбекке араласуы олардың жеке дамуына, білім алуына, денсаулығына зиян келтірмей жүзеге асырылуға тиіс. Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңының 16-бабында әрбір баланың еңбек етуге құқығы бар екені жазылғанымен, бұл құқық баланың мүддесіне сай келуі қажет және еңбек баланың өміріне, денсаулығына, психологиялық жай-күйіне, сондай-ақ оқып-білім алуына кедерг іболмауға тиіс.

Тиісті шектеулер мен рұқсат етілген жағдайлар Еңбек Кодексінде нақты көрсетілген. Атап айтқанда, Кодекстің 26 және 31-баптарында 16 жастан бастап еңбек шартына отыруға рұқсат етілетіні, ал ата-анасының келісімімен және оқу процесіне кедергі келтірмейтін жағдайда 14 жастан бастап жеңіл жұмысқа тартуға болатыны қарастырылған. Алайда бұл жұмыстар баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге тиіс. Сонымен қатар Еңбек Кодексінің 69-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануда ерекше қорғау шаралары қолданылуы қажет: оларды түнгі уақытта, ауыр немесе зиянды жағдайларда, шамадан тыс жұмыс істеуге тартуға тыйым салынады.

Осындай құқықтық реттеулерге қарамастан, кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тарту, олардың еңбегін пайдалану және қорлау фактілері анықталып жатады. Бұл әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.Мәселен, ата-анасының немесе қамқоршысының бала тәрбиесіне салғырт қарауы, бала еңбегін қанау әрекеттері, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзуға итермелеу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.Ал әрекет ауыр салдарға әкелсе немесе жүйелі түрде жасалса, бұл — қылмыстық жауапкершілікке жатады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 135-бабында кәмелетке толмағандарды қанау, 140-бабында кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау, 152 және 153-баптарында балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тарту, сондай-ақ заңсыз еңбекке мәжбүрлеу үшін жауаптылық көзделген. Бұл баптарда тек айыппұлдар ғана емес, сонымен бірге бас бостандығынан айыру сияқты жазалар да қарастырылған.

Қысқасы, балалардың құқықтарын қорғау тиісті органдардың қатаң бақылауында тұр. Қоғамда балалардың еңбек ету құқығын қорғаумен қатар, олардың білім алуына, тұлғалық дамуына және қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау — баршамыздың ортақ міндетіміз.

Кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту — тек заңбұзушылық емес, бұл — баланың болашағына қауіп төндіретін әлеуметтік мәселе. Сондықтан ата-ана да, жұмыс беруші де, қоғам да баланың құқығын құрметтеуді басты қағидаға айналдыруға тиіс.

 

 

Аққалқа БАЙДУЛЛИНА,

Қазақстан Республикасындағы

адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің

Ақтөбеоблысыбойыншаөкілі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button