Еңбек құқығының бұзылуына жол берме!

Адам құқығы
Еңбек құқығы — азаматтардың еңбек қатынастарына қатысу, еңбек шарты бойынша жұмыс істеу, жалақы алу, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайында болу сияқты құқықтары мен міндеттерін реттейтін сала. Конституция еңбек құқығын қорғауды қамтамасыз етеді және әр азаматтың қауіпсіз, тең мүмкіндікке негізделген еңбек жағдайында жұмыс істеуіне кепілдік береді.
Конституцияда еңбек құқығы айқын түрде қорғалған және әр азаматтың еңбек етуге, кәсіп таңдауға, әділ және қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеуге құқығы бар екені атап көрсетілген. Мысалы, Конституцияның 24-бабының бірінші тармағында әр азаматтың еңбек етуге, соның ішінде өз кәсібін немесе мамандығын еркін таңдау құқығына ие екені көрсетілген. Бұл норма еңбек қатынастарының еркіндігін қамтамасыз етеді және азаматқа өз қабілеті мен мүддесіне сай жұмысты таңдау мүмкіндігін береді, сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік пен әділеттіліктің сақталуына кепілдік береді.
Сонымен қатар Ата Заңымыздың жоғарыда аталған бабының екінші тармағы әр адамның өз еңбегіне лайықты және уақытында ақы алуға құқылы екенін айқындайды. Бұл норма еңбекке деген әділ бағалауды және қызметкердің құқығын қорғауды қамтамасыз етеді, яғни жұмыс беруші еңбекті жалақымен, сыйақымен кемсітушіліксіз қамтамасыз етуге міндетті.
Осылайша Конституция еңбек құқығын тек экономикалық қатынастармен шектемей, сонымен қатар азаматтардың адамдық қадір-қасиеті мен қауіпсіздігін қорғау, әділдік пен теңдікті сақтау тұрғысынан да қарастырады. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшілердің және барлық азаматтың құқығын қорғаудың құқықтық негізін құрайды, еңбек қатынастарында әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етеді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құқығы мен ар-намысын қорғау — қоғамдағы тұрақтылық пен мемлекеттік басқару тиімділігінің маңызды факторы. Тәртіпті, қауіпсіз және әділ жұмыс ортасы заң талаптарының сақталуымен ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық атмосфераның дұрыс құрылуымен қамтамасыз етіледі.
Дегенмен соңғы жылдары түрлі санаттағы еңбеккерлер, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің арасында жүргізілген сауалнамалар еңбек саласында әлі де болса кемсітушіліктің бар екенін көрсетіп отыр.
Осылайша 2024 жылы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде Қазақстандағы еңбек саласында дискриминация әлі де кең таралған құбылыс екені көрінді. Мемлекеттік қызметшілер арасында да төмендегі мәселелер байқалды:
• Жыныстық дискриминация: ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндік берілмеуі, әйел қызметкерлерге жүктелетін қосымша міндет немесе мансаптық өсуге шектеу.
• Жасқа байланысты шектеу: жас қызметкерлердің тәжірибесіздігі немесе зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің біліктілігін дұрыс бағаламау.
• Харассмент (ағылш. harassment – қудалау, мазалау) — адамға өз қалауынан тыс физикалық қысым жасау, зорлық көрсету, ерсі сөз арқылы, хабарлама арқылы бопсалау, жыныстық қатынасқа түсуге тарту, адамның арына тиетін сөз айту, жеке шекарасын бұзу.
• Қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктердің теңсіздігі: еңбек жағдайының қолайсыздығы, материалдық және моральдық қолдаудың жеткіліксіздігі.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес қызметкерлердің 32,1 пайызы жалақысын бірдей жұмыс атқаратын әріптестерге қарағанда аз деп есептейді, бұл моральдық қысым мен жұмысқа деген ынтаны төмендетеді. Сонымен қатар бейтарап бақылау мен қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі дискриминация мен харассменттің алдын алу мен оны жоюға кедергі келтіреді.
Жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау үшін ұйымда қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру өте маңызды. Мұндай ортада қызметкерлер бір-біріне сыйластықпен қарайды, әр қызметкердің кәсіби жетістігі әділ бағаланады және қызметкерлер өз құқығы мен міндетін біледі, дискриминация мен харассментке жол берілмеуін қамтамасыз етеді.
Бұл қағидалар қызметкерлердің жұмысқа деген сенімін арттырады, кәсіби міндеттерді тиімді орындауға және ұйым ішінде тұрақты ынтымақтастыққа ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайын, құқығы мен ар-намысын қорғау — тек заңды міндет емес, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттік құрылым мәдениетінің айнасы. Тәртіпті және инклюзивті жұмыс ортасы қызметкерлердің кәсіби өсуіне жол ашып, қоғамдағы тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Харассменттің кез келген формасына қарсы тұру және құқықтық негіздерді жетілдіру — қазіргі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы ретте Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына харассмент ұғымына байланысты енгізілуге тиіс өзгерістердің жобасы дайындалғаны қуантарлық жайт.
Мемлекеттік қызметтің беделін өсіруде еңбек ұжымдарында еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу, адамның жеке басының қадір-қасиетінің құрметтелуін дәріптеу мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік мекемелердің басшыларына үлкен міндет жүктейді.
Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру қызметкерлердің кәсіби дайындығына ғана емес, олардың құқықтық және моральдық қорғалуына да байланысты. Еңбек ұжымдарында еңбек құқығының бұзылмауы, адамның қадір-қасиетінің құрметтелуі, сондай-ақ әр қызметкердің өз пікірін білдіру және кәсіби дамуға тең мүмкіндік алу мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттік мекемелердің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.
Сондықтан еңбек құқығын сақтау, дискриминация мен харассменттің кез келген түрін болдырмау, әділдік пен сыйластық қағидаларын насихаттау — мемлекеттік басқарудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл — тек заңды міндет емес, сонымен бірге қызметкерлердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұйым ішіндегі моральдық ахуалды көтеру және азаматтар алдындағы мемлекеттік қызмет беделін арттырудың тиімді құралы.
Дегенмен еңбек саласында жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлердің құқығын бұзу жиі кездеседі.
Биылдыққа Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне еңбек құқығының бұзылуы бойынша 7 шағым түссе, бұл бойынша облыс прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 1 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4 азаматқа тиесілі жалақысы төленді. Сонымен бірге өкілдік азаматтардың еңбек құқығын қорғау саласында қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде кәсіподақ бірлестіктерімен тығыз жұмыс істейді.
Осылайша қызметкерлер еңбек қатынастарында әділетсіздікке ұшыраған кезде уақтылы әрекет етіп, құзырлы органдарға, уәкілге, өзі мүшелікке енген кәсіподақ ұйымына жүгінуге толық құқығы бар.
Аққалқа БАЙДУЛЛИНА,
Қазақстан Республикасындағы
адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Ақтөбе облысы бойынша өкілі.



