Құқықтық сауатты арттыру керек

Тұтынушы құқығы
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің жыл басынан бергі атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы айтылды.
Аталғандепартаменттің бас маманы Ақбота Жұмамұраттың айтуынша, жыл басынан бері мамандар тұрғындардан келіп түскен1363 өтінішті қараған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41% көп.
— Өтініштердің 54 пайызы тұтынушылардың пайдасына шешіліп, оларға 77,3 миллион теңге көлемінде қаржы қайтарылды. Ең көп шағымдар бөлшек сауда, тұрмыстық және онлайн қызметтер саласына қатысты.
Жыл басынан бері тұтынушы құқығын бұзғаны үшін 151 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар мен ескертулер берілді. Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті 43 сот отырысына үшінші тарап ретінде қатысып, тұтынушыға 36,4 миллион теңге көлемінде қаражат қайтарылды.10 сот отырысы әлі жалғасып жатыр, — деді ол.
А.Жұмамұраттың айтуынша, тұтынушылар, негізінен, сапасыз немесе жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату, тауарды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, қызметтердің уақытында орындалмауы, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну, тұтынушыны алдау, онлайн сатып алуда ақшаны қайтаруда қиындықтар секілді жайттарға қатысты шағым айтады.
— Құқық бұзылған жағдайдаeotinish.kz порталы арқылы өтініш беріп, сатушыға немесе қызмет көрсетушіге қатысты жазбаша түрде шағым жолдауға болады. Немесе қоғамдық ұйымдардан кеңес алу керек, тіпті қажет жағдайда сотқа жүгінуге де болады. Тұтынушы құқығын тиімді қорғау — тек мемлекеттің емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Заңды білетін және белсенді тұтынушы ғана өз құқығын қорғай алады әрі әділ және ашық нарық қалыптастыруға үлес қосады, — деді ол.
«Ұлттық тұтынушылар палатасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Ислам Болатов аталған бірлестіктіңтұтынушылардың құқығын қорғау саласында дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектісі ретінде ғана емес, сонымен қатар оларды сот арқылы қорғау және құқықтық қолдау көрсету бағытында да белсенді жұмыс жүргізетіндігін айтады.
Тұтынушылардың құқығын қорғау — әділ нарықтың, сапалы тауарлар мен қызметтердің ең басты кепілдігі. Қазақстанда заңнамалық база болғанымен, тәжірибеде әлеуметтік әділеттілікті нығайту үшін жедел шешуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселе бар. Олар — сапасыз тауарлар, қызметтер, тауарды қайтару және кепілдік беру механизмдерінің жеткіліксіз жұмыс істеуі, тұтынушылардың құқықтық сауаттылығының төмендігі, кейбір кәсіпкерлердің жауапкершіліктен жалтаруы, тұтынушылардың тілдік құқығының бұзылуы, мәселен, мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауы.
— Бұл мәселелерді шешу үшін заңнаманы жетілдіру және бизнестің жауапкершілігін арттыру, дауларды сотқа дейінгі реттеу тетіктерін дамыту (медиация, онлайн платформалар), қоғамдық бақылауды күшейту, халықтың құқықтық сауатын арттыру, мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту және ақпараттың қазақ тілінде берілуін міндеттеу секілді жұмыстар жүргізілуі керек, — деді ол.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



