Мәлік Отарбаев: «Ақтөбеде Президент тапсырмалары орындалып жатыр»

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс активімен кездесті. Облыс әкімдігінің конференц-залында Ұлттық құрылтай тапсырмалары мен өңірлік даму бағыттары талқыланған жиынға мемлекеттік орган басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңес және Ассамблея мүшелеріқатысты.
Өңірлік өнім өсімі — 104,3 пайыз
Кездесуді ашқан облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда жүктеген тапсырмаларын іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құрылтай — белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл — өте маңызды міндет», — деп атап өткен болатын. Ақтөбе — ел дамуына серпін беріп отырған стратегиялық аймақ. Облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар мен қоғамдық бастамалар ел болашағына сеніммен қарауға негіз береді, — деді өңір басшысы.
Кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық әлеуеті бойыншаоблыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов мәлімдеді. Биылқаңтар-сәуір айларында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелермен өрнектеліп отыр.
Жалпы өңірлік өнімнің өсімі 104,3 пайызды құрап, барлық негізгі салаларда алға жылжу байқалды. Өнеркәсіп саласында 924,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 61,4 млрд теңгені құрап отыр. Инвестиция тарту қарқыны да жоғары — 210,3 млрд теңге. Құрылыс саласында 57,3 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, тұрғын үй құрылысы бойынша 242,7 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Оның айтуынша, биылжол сапасын жақсарту басты басымдықтардың бірі болмақ. Облыста жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 156 жоба жүзеге асады, нәтижесінде жолдардың нормативтік жағдайы 82 пайызға дейін жақсарады деп күтілуде. Сонымен қатар10 ауылға ауызсу жүйесі тартылып, 24 елді мекен газбен қамтылмақ.
Биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Белгілі болғандай, биыл аймақта 1 млн шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланған. Ауылдық елді мекендерде 11 медициналық нысан пайдалануға беріліп, алғашқы медициналық көмек қолжетімді болмақ.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жыл ішінде 71,2 млрд теңге бөлініп, 11 400 оқушыға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Биылдың өзінде екі мектеп іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 12 мектептің құрылысы аяқталады.Президент тапсырмасына сай, Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда шағын ауданында 180 гектар аумақта облыстық драма театры, орталық стадион және көпсалалы спорт кешені салынады. Бұл кешендердің айналасынан үлкен саябақ құрылмақ.Химия және энергетика саласында да жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Энергия тапшылығы болмайды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірде энергетика мәселесі аса өзекті болып тұр. Алайда бұл түйткілді шешу мақсатында жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы жеке инвестиция тарту жолдары қарастырылған.
— Қытай мемлекетімен серіктестік аясында ірі компаниялар тарапынан 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, бірнеше жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, қуаты 450 МВт болатын жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда өңірде дәл осы көлемде энергия тапшылығы бар. Бір жобаны биыл аяқтауды көздеп отырмыз, ал екінші жоба келесі жылға жоспарланған. Бұл жобалар толық іске асырылған жағдайда аймақтағы энергетика мәселесі түбегейлі шешіледі, — деді әкім.
Сондай-ақ жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық өкілдігінің қоғамдық орынбасары Сергей Вишняк өңірдегі ұлттық бірлік пен мәдени әртүрліліктің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, облыста 17 этномәдени бірлестік, 19 шығармашылық ұжым белсенді жұмыс істеп келеді. Жастарға арналған «Адал Азамат», «Жастар-Life» сияқты жобалар арқылы тәрбиелік бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, телеарнаның шеф-редакторы Бибігүл Биманова ақпараттық гигиена мен медиа этикасының маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде аймақтағы ерекше балаларды оңалту орталықтары мен мәдени жобалар туралы сөз қозғады. Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі —батыр қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Әлия» мюзиклінің сахналанғанын жеткізді.
Заң мен тәртіп — тәуелсіз мемлекеттің тірегі
Президент тапсырмаларының аймақта орындалу барысымен танысқан Мәлік Отарбаев:
— Ақтөбе облысына келудегі мақсатым — Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндамасы туралы өздеріңізбен пікір алмасу. Ел Президентінің бағдарламалық баяндамасы — мемлекеттік маңызы бар құжат. Құрылтайда өте өзекті мәселелердің көтерілгенін жақсы білесіздер. Сол мәселелердің түбегейлі шешілуінде Президент тиісті тапсырмалар береді. Биыл Бурабайда өткен құрылтайда 53 мәселе көтеріліп, 53 тармақтан тұратын мемлекеттік маңызы бар құжат қабылданды. Президентіміз Жарлыққа қол қойды. Президент кеңесшісі ретінде Ақтөбе аймағына осымен төртінші рет келуім. Осындай сапарларда ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен, әр сала өкілдерімен кездескенімізде көптеген мәселе көтеріледі. Сол көптеген проблеманың түбінде бір ғана ең үлкен мәселенің жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Ол — әділетсіздік, заңсыздық. Сондықтан ел Президенті құрылтайда көтерген ең басты мәселе — заң мен тәртіп. Заң мен тәртіпке бағыну мәдениетін қалыптастыру — мемлекеттің алдында тұрған ең үлкен міндет, — деді Президент кеңесшісі.
Мәлік Нұржанұлы өз сөзінде қазіргі ең маңызды мәселе мемлекетті сақтау, тәуелсіздігімізді нығайту және мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру екенін атап өтті. Ол сыртқы қауіп-қатерлердің бар екенін де жасырмай, бұл жолда ел болып бірігу қажет екенін ескертті. Оның айтуынша, алдағы тәуелсіздіктің 40 жылдығын бүкіл халық болып атап өту және егемендігімізді мәңгі ету — басты мақсаттардың бірі.
— Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи бабамызбен бірге, 21 хан, 8 сұлтан, 23 би, 56 батыр және 70-тен астам қазақ мемлекетін құрған тарихи тұлғалардың сүйегі жерленген. Бұл деректер қазақ мемлекеттілігі мен мемлекетшілдік дәстүрдің ғасырлар бойы үзілмей қалыптасып, жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз тарихта түрлі дәуірлер мен сынақтардан өттік, алайда ешқашан мемлекетшілдік дәстүрден ажыраған емеспіз. Президентіміз айтып жүрген сабақтастық ұғымының түпкі мәні де — осы, — деді Мәлік Отарбаев.
Газет оқу — үлкен мәдениет…
Сондай-ақ ол құрылтайда Президент бағыттаған негізгі мәселе ретінде қоғамдық мәдениетті дамыту төңірегінде де сөз қозғады.
— Ұлттық әдебиетпен сусындамаған азаматтар ұлтқа қызмет ете алмайтыны белгілі. Біздің идеологиямыз да, идеямыз да, рух та сол ұлттық әдебиетте жатыр. Егер біздің жіберіп отырған осал тұстарымыз болса, сол ұлттық әдебиеттен алыстап қалғандығымыздан. Президентіміз кітап оқуға мән береді. Біз Президентпен кітап алмасып отырамыз. Мәселен, соңғы берген кітабы —маңғыстаулық ақын Ғалым Әріптің өлеңдер жинағы. Кітаптағы бірнеше өлеңді белгілеп, сол туындыларға назар аударуымызды тапсырады. Ұлттық әдебиет — біздің тіліміз, рухымыз, болмысымыз әрі біздің жаратылысымыз. Ақтөбеде Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев сияқты қаншама ақын-жазушыларымыз тұрып жатыр. Біз Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаевтың шығармаларын оқып өстік. Ұлттық әдебиетті қалыптастырған және әлемдік деңгейдегі көрнекті қаламгерлер дәрежесіне жеткен тұлғаларымыз тұрғанда, біз қалайша ұлттық әдебиеттен бас тартамыз, — деген Президент кеңесшісі осы орайда Мемлекет басшысы жұмыс уақытын газет-журнал оқудан бастайтынын да тілге тиек етті. «Өкінішке қарай, біз ақпараттық технологияға мән беріп кеттік те, газет-журнал дейтін іргелі мәселеден алыстап кеттік. Президент газетті оқып отырып, сол газеттегі мақала мен сұхбаттардың маңызды тұстарын белгілеп, тапсырма береді. Газет оқу — үлкен мәдениет және ішкі мәдениетті дамытатын бірден-бір ақпарат құралы. Біз Президентімізге қарап бой түзеуіміз, үлгі алуымыз керек. Шыны керек, бүгінде облыстағыгазеттердің жағдайы нашар, трагедиялық жағдайда. Бір миллион халық тұратын облыста облыстық газеттің таралым5 мыңнан аспайды. Бұл сол облыстың мәдениетін көрсетеді. Бұл тек Ақтөбе облысына қатысты нәрсе емес, барлық облыста бірдей. Республикалық газеттің таралымының өзі 30 мыңға қалт-құлт етіп әрең жетеді. Мұның өзі біздің мәдениетіміздің қай деңгейде екендігін ашып көрсетіп отыр. Дұрыс, ақпараттық технологияны дұрыс қолдануымыз керек, әлеуметтік желіні пайдалануымыз керек. Бірақ газетте қажетті ақпарат бар. Ақпарат тасқыны заманында кейде ақ пен қараны ажырату қиын болады. Кейде өзімізді адастырады. Сондықтан да газетте ақпарат сауатты әрі сапалы дайындалады», — деген Мәлік Отарбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің сауаттылық деңгейін де сөз етті.
Тапсырма орындалып жатыр…
Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының «Қуатты аймақтар — қуатты ел» дейтін тұжырымдамасы туралы айта келіп: «Ақтөбе облысы көз алдымызда өркендеп, көркейіп, белгілі бір деңгейде дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Осында бұған дейінгі көтерілген проблемалар — театр, стадион, жол салу. Қарап отырсақ осылардың барлығы рет-ретімен шешіліп келе жатыр. Бірнеше рет зиялы қауым өкілдерімен де кездестім. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі 9 триллион теңгеден асты. Өнеркәсіп саласы да 5 триллион теңгені құрап жатыр. Соңғы екі жылда облысқа 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл — басқа облыстармен салыстырғанда өте үлкен көрсеткіш. Су тасқынына қарамастан, екі жылда білім саласында 20 нысан, денсаулық сақтау саласында 18 нысан салынды, 21 ауыл газбен қамтылды. Бәріміз үшін су тасқыны үлкен сынақ болды. Ақтөбе облысында 4087 үй зардап шекті. Оның 1013-і жарамсыз деп танылды. Соған сәйкес зардап шеккен отбасыларға 500 жаңа үй беріліп, 513 дайын үй сатып алынды және қосымша қаржылай көмек көрсетілді. Мемлекет басшысы өңірлерді аралағанда ешбір отбасының үйсіз қалмайтынын айтқан болатын. Бұдан біз нені байқаймыз? Ақтөбеде Президент уәдесіорындалды. Президенттің барлық тапсырмасы Ақтөбе облысында рет-ретімен, кезең-кезеңімен, сәт-сәтімен орындалып келе жатқанына куә болып отырмыз», — деді.
Актив жиынында қатысушылар арасынан бірқатар ұсыныс-пікірлер де айтылды.
Арайлым НҰРБАЕВА.