Экономика

Ақтөбе — инвестициялық әлеуеті жоғары өңір

Форум аясында «Стратегиялық өнеркәсіптік серіктестік: озық технологиялар негізіндегі интеграция» тақырыбында пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Бұл кездесу өңірдің инвестициялық әлеуетін танытып, жаңа серіктестік орнатуға жол ашты.

Пленарлық отырыс барысында Ақтөбе облысының өндірістік қуаты, экономикалық өсімі және даму стратегиясы таныстырылды. Спикерлер өңірдегі индустрияландыру, цифрландыру, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және инфрақұрылым салаларындағы мүмкіндіктерге ерекше тоқталды.

Шараға қатысушылар озық технологиялар трансферті, жаңа өндіріс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар шетелдік компаниялармен бірнеше меморандумға қол қойылып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық жасалды.

Түркиялық «MurelEnergy» компаниясы Ақтөбеде энергетика саласындағы ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Компания өкілі Азиз Бабаджановтың айтуынша, олар бұл форумға алғаш реет қатысып отыр.

Ақтөбеде қуаттылығы 10 МВт болатын шағын станция құрылысын бастап кеттік. Бірнеше газ қондырғысы орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта шамамен 7 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция игерілді. Алдағы жарты жылда бұл көрсеткішті еселеп, жалпы көлемі 110 миллиард теңге инвестиция салу жоспарда бар, —деді Азиз Бабаджанов.

Компания өкілі өңірдегі әкімшілік қолдау мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерге оң баға беріп, ризашылығын жеткізді.

Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдуллабековтің айтуынша, өңірдегі ірі өндіріс орны ретінде зауыт өнімдеріне шетелдік инвесторлар мен компаниялар тарапынан үлкен қызығушылық бар.

— Форум — жаңа серіктестер табуға, өнімімізді таныстыруға таптырмас мүмкіндік. Әсіресе көршілес Қытай елінен келген кәсіпкерлер қызығушылық танытып жатыр. Өз өнімімізбен қатар, өндіріс барысында қолданып жүрген технологиялық жабдықтарымызды да таныстырудамыз. Мысалы, дәнекерлеушілерді оқыту кезінде пайдаланатын автоматтандырылған аппаратты форумға әкеліп, таныстырып отырмыз, — деді Ержан Абдуллабеков.

Жиында  стратегиялық өнеркәсіптік серіктестік пен жаңа технологияларды өндіріске енгізу мәселелері талқыланды. Форум соңында  бірқатар екіжақты келісімге қол қойылып, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті тараптар әріптестік орнатты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button