Мәдениет

Аязды жібіткен сәуле

Әсіресе өткен ғасырдың сексенінші жылдары отбасылық ансамбльдер кенеттен көбейіп кетті. Әуелі аудандық (себебі мұндай өнер топтары негізінен ауылдарда құрылатын), сосын облыстық деңгейде өткізілетін осындай ансамбльдердің сайыстары республикалық дәрежелерге де жетті.

Ал бұның таң қалатын ештеңесі жоқ-ты. Ол кездегі қазақ отбасылары көп балалы болып келетін. Ал балапанның ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні белгілі. Әке мен шеше музыкаға жақын болса, балалар да бұл өнерден құр қалмайтын. Былайғы жұрт құрметпен қарайтын әулеттер, айталық, шопандар әулеттері мен механизаторлар әулеттері, тіпті қалалардағы жұмысшылар әулеттері де солай пайда болатын.

Бұл, әрине, өткен шақтың, қазақтың көбеюден басқаны ойламайтын дәуірінің көріністері еді. Қазір заман басқа, жағдай бөлек. Дегенмен тым әрідегі емес сол заманның дәмін татқандар, мысалы, Темірдегі Тәжіғұловтардың немесе Ырғыздағы Жүсіповтердің әйтпесе Шалқардағы Дәрібаевтардың (оңтүстіктің Дәрібаевтарымен шатыстырмаңыз) отбасылық ансамбльдерін ұмыта қоймаған шығар.

Жұртшылыққа жақсы таныс күйші Жайлау Асылханов пен әнші Бағдагүл Қосмағанбетованың «Күмбірле, күйім, шарықта, әнім!» деп аталатын отбасылық шығармашылық кешіне барарда көңілге осындай ойлар жүгіріп еді.

Дау жоқ, бұл кештегі басты тұлға Жайлау болғаны белгілі. Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Абыл, Еспай, Сүгір, Құлшар, Есір сияқты қайталанбас дарындардың күйлерін нәшіне келтіре орындайтын, әр кездерде Қашағанның, Қазанғаптың құрметтеріне арналған республикалық күй сайыстарында жеңімпаз атанған, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі» үшін медалінің иегері Жайлаудың жетістіктерін тізіп айтудың өзі оңай шаруа емес.

Бірақ бұл кешке қалың жұртшылық саусағы қымбат, мінезі сырбаз Жайлауды көріп кету үшін емес, оның әу бастан жүректен кіріп, бойды алар күйлерін тағы да бір сіміру үшін келген болатын. Сімірді де. Халықтың әйгілі «Ақсақ құланы», Қазанғаптың «Табақ тартуы» мен «Жұртта қалғаны», Құлшардың бас-аяғы бүтін тұтас циклді құрайтын төрт шығармасы — «Қыз қамағаны» мен «Кербез керігі», «Ат жортағы» мен «Тұт шіркіні», Махамбеттің «Жұмыр, Қылышы» мен Нұрғисаның «Аққуы», әйтеуір, қанша орындалса да сыны сынбайтын мәңгілік туындылар көрермендерді әбден елжіретті.

Егер Жайлаудың облыстық филармонияға қызметке кіргені сонау 80-жылдардың орта шені болса, оның зайыбы, әнші Бағдагүлдің де филармонияға келген кезі сол шама еді, бұларды сахна табыстырып еді.  Мына кезекті жаңа шығармашылық кешке келгендер күймен бірге Бағдагүл шырқаған әндерді — ақын Мұхтар Құрманалин мен композитор Қайырғали Қожанбаев дүниеге әкелген «Гүлдәуренді», Біржанның «Көкегі» мен Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім меніңін», Махамбеттің термесі мен халық әндерін тыңдап, риза болысты. Риза боларлық бір себеп — ұлттық болмыстан ұзай алмайтын, ұзауға тиіс те емес күйлер алқын-жұлқын биге сүйрейтін алып-ұшпа әуендермен емес, міне, осындай сабырлы да салиқалы әндермен әдіптелді.

Филармония залына жиналған жұрт, әсіресе, әскери бөлімнен келген жас сарбаздар сахнаға отбасының жас таланты Құрманғазы шыққанда ерекше ықылас білдірді. Құрманғазы, шынтуайтына келгенде, Жайлау мен Бағдагүлдің ұлы ғана емес, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқушысы, сол колледждің шебер ұстаздарының бірі Талап Хамзиннің шәкірті, былтыр Алматыда өткен, әр қиырдан келген 1200 өнерлі жас қатысқан VІІІ халықаралық «Күншуақ» байқауының І орын иегері де еді. Әуелі еуропалық Моцарттың «Рондосын» қазақ домбырасына бағындырған жас күйші әкесімен бірге орындаған «Күй-айтысқа» дейінгі аралықта қалайша шыңдалып келе жатқанын анық аңғартты.

Бұл кешке Елордадан Жайлаудың бір кездегі музыка колледжінде оқыған шәкірті, Астана мемлекеттік филармониясының күйшісі Нұрлыбек Қамбаров арнайы келіпті. Өзіне дұрыс бағдар берген ұстазы туралы, оның Қазанғап күйлерін орындаудағы ерекшеліктері жөнінде ақтарыла айтқан ол да күйден кенде етпеді. «Жайлау ағай Астанаға келген бір сапарында уақыт тауып, біраз әріптестерім бас қосқан топқа Қазанғаптың күйшілік болмысы туралы күй-дәріс берген еді. Сол дәріске қатысқандар сонда алған әсерлерін кейін көп уақытқа дейін ауыздан тастамай жүрді», — деді ол.

Ал Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің мүшелері, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаев пен оркестр дирижері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мәдина Қабижанованың бұл концерттің тартымды өтуіне сіңірген еңбектері қалай мақтауға да лайық болды.

Енді концерттің ресми тұстарына келсек, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова мен облыстық филармонияның директоры, әнші, композитор Қанат Айтбаев жылы лебіздерін білдірді, Құрманғазының курстастары, музыка колледжінің оқушылары жақсы тілектерін айтты.

Көңілді жылытқан тағы бір жайт — кешке музыкалық колледждің бұрынғы директоры, Жайлаудың күй айдынында емін-еркін жүзуіне жағдай жасаудан жалықпаған жанашыры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Владимир Фоменконың бәз баяғыша бұл жолы да қалмай келіп, әріптес інісінің өнеріне сүйсіне ықылас қосқаны болды.

Ал филармонияның жаңа директоры Қанат Айтбаев өзінің қызметтегі алғашқы қадамдарының бірін осылайша қалың жұртқа танымал өнер иесінің кешін ұйымдастырудан бастауын, тіпті кеш иелеріне арнайы киім тіккізіп, аязды да жібітерлік пейіл танытуын сол кеште біршама жұрт жақсылыққа жорып жатты. Кешігіп емес, уақтылы; сарт мезіретімен емес, шын ниетпен жасалған іс қай кезде де осындай құрметке бөленіп жатады ғой.

Рас, сол күні де Ақтөбені аяз буып тұрды. Бірақ көңілдерді өзгеше өнердің сәулесі жібітіп еді…

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button