Денсаулық

Ардагерлерге арналған акция

Кеше «Ардагер» емханасы ұжымы мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессор-оқытушылар құрамы Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ардагерлерге қайырымдылық акциясын жасады.

Акцияның мақсаты – «Ардагер» емханасында есепте тұрған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне профессорлардың көмегімен науқастың бойындағы ауруды тереңірек қарап, тиісті ем қабылдауға кеңес беру. Кеше емханада ардагерлердің саны күндегіден көп болды. Солардың бірқатарын сөзге тартқан едік.

Гүлмарияш ИТЕМІСОВА, тыл еңбеккері:

Бізге мұндай қайырымдылық акциясының өтетінін емхана ұжымы алдын ала хабарлап қойды. Шалым – соғыс ардагері. Дәрігерлер бүгін кезектің көп болатынын алдын ала ескертіп қойғасын,  үйден ерте шықтық. Қазір шалым дәрігерлердің қабылдауына кіріп кетті. Біз Заречный поселкесінде тұрамыз. Өзім кезінде ауылда трактор жүргіздім. Әйтеке би ауданының Белқопа ауылынан қалаға қоныс аударғанымызға да біраз жылдың жүзі болды. Қазір балам мен келінімнің қолында тұрамын. Шүкір, немерелерімізді сүйіп отырған жайымыз бар.

«Ардагер» емханасы ұжымының медициналық қызметіне дән риза соғыс ардагері Жұбатқан ақсақалдан өзін-өзі таныстыруын сұрағанымызда: «Ізтілеуов Жұбатқан, немістерді құлатқан», – деп аздап қалжыңдап қойды. Ақсақал да емханаға Кірпішті ауылынан ертелетіп келіпті.

Ауыл мен қала арасына қатынайтын №13 бағыттағы сыйымдылығы  үлкен автобустың қызметіне халық риза. Арасын көп ұзатпай жүріп тұрады. Емханаға автобуспен келдім. Жалпы, бұл орталықта есепте тұрғаныма аз уақыт болған жоқ. Мұндай шара өткізіп жатқан емхана басшылығына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Дәрігерлердің қай-қайсысы да алдына келіп отырған адамға сыпайы жауап беріп, сапалы қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта да жұмыстарының жемісті болуына тілектестік білдіремін, – деді қария.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button