«Таза Қазақстан»

Қала тазалығына әрбіріміз үлес қосуымыз керек!

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы сенбілікке еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері де үлес қосты.

Бұл жолы тазалық акциясына қатысушылар Есет батыр көшесінде орналасқан «Достық» скверінің айналасын ретке келтірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовтың айтуынша, сенбілікке 30-дан астам адам қатысты, оның ішінде «Әжелер алқасының» мүшелері де бар.
Екі айлық республикалық акцияны облыс ардагерлері бір ауыздан қолдаған.
— Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау маңызды, қазір, міне, жастармен бірге еңбек етіп жатырмыз. Кішкентай ауылда өстік, бала кезде сенбілік дәстүрлі түрде өткізілетін. Достарымызбен, сыныптастарымызбен жарысып жүріп тазалық жүргізетін едік.
Биыл қаламызда тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр, ағаштар да егіліп жатыр. Тағы бір айта кетерлік мәселе – көпқабатты үйлердің кіреберістерін таза ұстауға, қоқыстарды лақтырып тастамай, жәшіктерге апарып салуға мән беру керек. Тазалық әр үйдің ауласынан басталады. Ардагерлер осы мәселеге қатысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, — дейді Серік Шаңғұтов.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі Гумер Галеевтің айтуынша, ардагерлер қаладағы орталық скверлердің бірінде тазалық жүргізіп жатыр.
— Қала қонақтарының шаһарымыздың келбеті, тазалығы туралы пікірі осындай орталық көшелер, көпшілік алаңдар арқылы қалыптасады, — дейді Гумер Галеев.
Сенбілікке Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де қатысты. «Святло» полят этномәдени бірлестігінің төрағасы Эмилия Кондратенко немересі Аринамен бірге келді.
– Ассамблея өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатысамыз. Немерем Арина жексенбілік мектепке барып, би билеп, ән айтады, гитара тартады, концерттерде өнер көрсетеді, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал бүгін таңертең сағат 7-де тұрып, таза ауада жұмыс істеуге шықтық, – дейді Э.Кондратенко.
«Келіссөздер академиясы» ҚҚ мүшелері де қала тазалығына үлес қосты.
— Жалпыұлттық сенбілікке бізбен бірге ардагерлердің де қатысып жатқаны қуантады. Бұл акция бір реттік науқан болмауы керек, ол әрбір тұрғынның санасында орнығуы тиіс. Сондықтан барлық ақтөбеліктерді қаламыздың тазалығына өз үлестерін қосуға шақырамын, — деп атап өтті «Келіссөздер академиясы» ҚҚ төрағасы Жайнагүл Жасақбаева.

Абат КАРАТАЕВ
Суретті түсірген Қуандық Төлемісов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button