Ақтөбеліктер сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыста екі айлық санитарлық-тазалық жұмыстары басталған-ды. Өткен сенбіде ақтөбеліктер ұйымшылдықпен тазалық жұмыстарын жүргізді. Ақтөбе қаласының орталық көшелеріндегі аллеялар мен гүлзарлар, көпшілік көп жиналатын орындар, саябақтар, көшелер қыстан қалған қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Сенбілікке мектеп оқушыларынан бастап ардагерлерге дейін қатысты.
25 мекеме Әуеқалашығын қоқыстан тазартты
Әуеқалашығы ауданында орналасқан 25 мекеменің 500-ге тарта қызметкері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтіп жатқан екіайлық сенбілікке шықты.
Өңір басшысы Асхат Шахаров Әуеқалашығындағы бірнеше аумақтағы тазалық жұмыстарын көрді. Облыс әкімі мекеме қызметкерлерімен, тұрғындармен сөйлесіп, оларды толғандырған сұрақтарына жауап берді.
№13 көпқабатты үйдің маңындағы бос жатқан аумақ үнемі қоқысқа толып қалады екен. Тұрғындар әкіммен кездесуінде осы мәселені айтып қалды. Асхат Шахаров бұл орынға қандай да бір әлеуметтік нысан салу керектігін, ауданның белсенді азаматтарынан ұсыныс күтетінін жеткізді. Тұрғындардың сөзінше, мұнда спорт кешені салынғаны жөн.
Аталған аумақты күл-қоқыстан тазартуға Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай және аумақтық қорғаныс мекемелері, «Анвар» және «Дина» супермаркеттерінің қызметкерлері тартылды.
Ал «Қазгидромет», «Қазаэронавигация», Теннис орталығы, Авиажөндеу зауыты мен балабақша, мектеп, емхана, тағы да басқа мекемелердің ұжымдары өздеріне белгіленген аумақты тазалап, ретке келтірді.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы көшелер мен аулаларда, саябақтар мен демалыс орындарында, тазалық жүргізіп жатқан барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдарына және қала тұрғындарына алғыс айтты.
120 түп шаған отырғызылды
Қаланы аралау кезінде облыс басшысы Асхат Шахаров «Авиатор» саябағында сенбілік өткізген қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесіп, оларға ризашылығын білдірді. Әкім биылғы көктем ерте келгенін, жер көктегенге дейін облыс аумағында тазалық шараларын өткізу маңызды екенін алға тартты.
Аға буын «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы шараларға, екі айлық сенбілікке үлес қосатындарын, әсіресе жастарға үлгі болу үшін әлі де тазалық шараларына қатысуды жалғастыратындарын айты. Әкім оларды келер аптада Шанхай шағын ауданында ұйымдастыру жоспарланып отырған тазалық шарасына шақырды.
Сенбілік барысында қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен ардагерлер кеңесінің мүшелері Әуе қалашығындағы «Авиатор» саябағын мұнтаздай тазалап, көктемгі ағаш отырғызу науқанын бастап кетті. Ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің көмегімен саябаққа 120 түп шаған қаз-қатар отырғызылды. Аға буын демалыс орнына ара-тұра келіп, ағаштарға күтім жасап тұрамыз дейді.
Жайдары жастар жұмысы
Ақтөбелік жастар екі айлық сенбілік аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына үлес қосты. Әлия Молдағұлова даңғылында, Батырлар алаңында өткізілген тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері — оқушылар, студенттер мен NEET санатындағы жастар қатысты.
Акцияның мақсаты — қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, қаланы абаттандыру, сонымен қатар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, отансүйгіштік рухты нығайту.
«Атамекен» студенттер отрядтарының жастар қоғамы бірлестігінің және облыстық «Жасыл ел» штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, бұл жолғы сенбілікке Жұбанов университетінің ерікті жастары, Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары, «Жасыл ел» еңбек жасағы мен студенттік альянс өкілдері — барлығы алпысқа жуық жас қатысты.
— Бұл — облыс әкімінің қаулысы негізінде жарияланған екі айлық сенбілік аясында өткізіліп жатқан іс-шара. «Жасыл елдің» белсенді жастары сенбі сайын қаланың тазалығына үлес қосып келеді. Мысалы, алдыңғы сенбілікте тазалық жұмыстары Қаржыгерлер аллеясында жүргізілді. Бұл жолыБатырлар алаңында, яғни ағайынды Жұбановтар көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейінгі аралықты тазаладық.
«Жасыл ел» жасағы тек көктемгі екі айлық сенбілік аясында ғана емес, сонымен бірге жаз бойы «Таза қала — таза жағалау» экологиялық акциясы аясында Қарғалы, Елек, Ақтөбе су қоймасы және Сазды өзендерінің жағалауларын тазарту арқылы республикалық акцияға үлес қосатын болады.
Жалпы, наурыз айынан бастап жастарымыз белсенді жұмыс істеп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 160-қа жуық жас еңбекке тартылып отыр. Олар негізгі үш бағытта жұмыс істейді: көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына қатысады. Олардың қатарында 16 жастан 35 жасқа дейінгі студенттер, мектеп оқушылары, жұмыссыз жастар, пробация тобындағы жастар бар. Жалпы, биыл облыс бойынша 3 200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, — деді ол.
Ақтөбе Студенттер Альянсының төрағасы Темірлан Мейрамбекұлының айтуынша, сенбілік — қоқыс жинау ғана емес, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бастау алғаны белгілі. Осыған орай сәуір айының басынан бастап жалпықалалық сенбілік жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Біздің студенттік альянс та бұл бастамадан тыс қалмай, белсенді қатысып жатыр.
Қазіргі таңда қаладағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ұйымдардың, волонтерлік бірлестіктердің барлығы сенбіліктерге қолдау көрсетіп отыр, — деді ол.
Қазіргі таңда Ақтөбе Студенттер Альянсы қаладағы төрт жоғары оқу орны мен жиырма алты колледждің студенттерін біріктіреді. Темірлан Мейрамбекұлы мұндай сенбіліктерді болашақта түрлі форматта ұйымдастыруды қолға алу керек деген пікірімен бөлісті:
— Жастар жүрген жер қашанда көңілді. Сол себепті болашақта сенбіліктерді дәстүрлі емес форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Ән-күй, ойын-сауықпен бірге, демеушілердің көмегімен шағын мерекелік көңіл күй орнатып, жастардың қызығушылығын, белсенділігін арттырғымыз келеді. Әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктердің бір сарында өтпеуі үшін осындай ерекше іс-шаралар өткізу маңызды деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл идея жүзеге асады деп сенемін, — дейді ол.
Сенбілікке Шығанақ Берсиев атындағы жоғары агротехникалық колледжінен жиырмаға жуық жас келіпті. Аталған колледж оқытушысы Анаргүл Қалдымұратованың айтуынша, бұл жолы кетпен-күректі болашақ ветеринарлар қолға алыпты.
— Сенбілік — жай ғана тазалық жұмысы емес, сонымен бірге тәрбиелік мәні бар іс-шара. Жастар өздері тұратын елді мекенді, қаламызды, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызды екенін түсінуге тиіс, — дейді ол.
Аталған колледждің 2-курс оқушысы Мешітқали Әділбаев ветеринария мамандығы бойынша білім алып жатыр екен. Ол апта сайын сенбіліктерге белсенді қатысатынын айтады.
— Жатақханада тұрамын, сол себепті қалалық іс-шараларға жиі қатысуға мүмкіндік бар. Өзім ауылдан келгенмін. Ауылдың баласына қара жұмыс жат емес қой — күрек ұстап, тазалықпен айналысу біз үшін қиын емес. Керісінше, осындай іс-шараларға қатысқан көңілді, достармен бірге еңбек ету ерекше әсер сыйлайды, — дейді ол.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар қала тұрғындарын осындай игі істерге белсенді қатысуға шақырды. Себебі тазалық өзімізден басталады.
Тазалыққа әрбіріміз үлес қосуымыз керек!
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы сенбілікке еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері де үлес қосты. Бұл жолы тазалық акциясына қатысушылар Есет батыр көшесінде орналасқан «Достық» скверінің айналасын ретке келтірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовтың айтуынша, сенбілікке 30-дан астам адам қатысты, оның ішінде «Әжелер алқасының» мүшелері де бар.
Екі айлық республикалық акцияны облыс ардагерлері бірауыздан қолдаған.
— Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау маңызды, қазір, міне, жастармен бірге еңбек етіп жатырмыз. Кішкентай ауылда өстік, бала кезде сенбілік дәстүрлі түрде өткізілетін. Достарымызбен, сыныптастарымызбен жарысып жүріп тазалық жүргізетін едік.
Биыл қаламызда тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр, ағаштар да егіліп жатыр. Тағы бір айта кетерлік мәселе, көпқабатты үйлердің кіреберістерін таза ұстауға, қоқыстарды лақтырып тастамай, жәшіктерге апарып салуға мән беру керек. Тазалық әр үйдің ауласынан басталады. Ардагерлер осы мәселеге қатысты тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, — дейді Серік Шаңғұтов.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі Гумер Галеевтің айтуынша, ардагерлер қаладағы орталық скверлердің бірінде тазалық жүргізіп жатыр.
— Қала қонақтарының шаһарымыздың келбеті, тазалығы туралы пікірі осындай орталық көшелер, көпшілік алаңдар арқылы қалыптасады, — дейді Гумер Галеев.
Сенбілікке Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де қатысты. «Святло» поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Эмилия Кондратенко немересі Аринамен бірге келді.
— Ассамблея өткізетін барлық іс-шараларға белсенді қатысамыз. Немерем Арина жексенбілік мектепке барып, би билеп, ән айтады, гитара тартады, концерттерде өнер көрсетеді, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Ал бүгін таңертең сағат 7-де тұрып, таза ауада жұмыс істеуге шықтық,— дейді Э.Кондратенко.
«Келіссөздер академиясы» ҚҚ мүшелері де қала тазалығына үлес қосты.
— Жалпыұлттық сенбілікке бізбен бірге ардагерлердің де қатысып жатқаны қуантады. Бұл акция бір реттік науқан болмауы керек, қаламызда тазалық жүргізу, айналаны таза ұстау әрбір тұрғынның санасында орнығуға тиіс. Сондықтан ақтөбеліктерді қаламыздың тазалығына өз үлесін қосуға шақырамын, — деп атап өтті «Келіссөздер академиясы» ҚҚ төрағасы Жайнагүл Жасақбаева.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.