«Таза Қазақстан» республикалық акциясы: Ақтөбе жастары тазалыққа үн қосты

Ақтөбелік жастар екі айлық сенбілік аясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына үлес қосты. Әлия Молдағұлова даңғылында, Ұлы Отан Соғысы батырлары алаңында өткізілген тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері — оқушылар, студенттер мен NEET санатындағы жастар қатысты.
Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, қаланы абаттандыру, сонымен қатар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, отансүйгіштік рухты нығайту.
«Атамекен» студенттер отрядтарының жастар қоғамы бірлестігінің және облыстық “Жасыл ел” штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, бұл жолғы сенбілікке Жұбанов университетінің ерікті жастары, Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары, «Жасыл ел» еңбек жасағы мен студенттік альянс өкілдері — барлығы алпысқа жуық жас қатысып жатыр.
— Бұл — облыс әкімінің қаулысы негізінде жарияланған екі айлық сенбілік аясында өткізіліп жатқан іс-шара. “Жасыл елдің” белсенді жастары әр сенбі сайын қаланың тазалығына үлес қосып келеді. Мысалы, алдыңғы сенбілікте тазалық жұмыстары Қаржыгерлер аллеясында жүргізілді. Бүгін, міне, Ұлы Отан соғысының батырлары алаңда, яғни ағайынды Жұбановтар көшесінен Әбілқайыр хан даңғылына дейінгі аралықты тазалап жатырмыз.
«Жасыл ел» жасағы тек көктемгі екі айлық сенбілік аясында ғана емес, сонымен бірге жаз бойы «Таза қала — таза жағалау» экологиялық акциясы аясында Қарғалы, Елек, Ақтөбе су қоймасы және Сазды өзендерінің жағалауларын тазарту арқылы республикалық акцияға үлес қосатын болады.
Жалпы, наурыз айынан бастап жастарымыз белсенді жұмыс істеп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 160-қа жуық жас еңбекке тартылып отыр. Олар негізгі үш бағытта жұмыс істейді: көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық, сондай-ақ құрылыс жұмыстарына қатысады. Олардың қатарында 16 жастан 35 жасқа дейінгі студенттер, мектеп оқушылары, жұмыссыз жастар, пробация тобындағы жастар бар. Жалпы биыл облыс бойынша 3 200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр, — деді ол.
Ақтөбе Студенттер Альянсының төрағасы Темірлан Мейрамбекұлының айтуынша, сенбілік — тек қоқыс жинау ғана емес, бұл — жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыс.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бастау алғаны белгілі. Осыған орай сәуір айының басынан бастап жалпықалалық сенбілік жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Біздің студенттік альянс та бұл бастамадан тыс қалмай, белсенді қатысып жатыр.
Қазіргі таңда қаладағы барлық жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік ұйымдардың, волонтерлік бірлестіктердің барлығы сенбіліктерге қолдау көрсетіп отыр, — деді ол.
Қазіргі таңда Ақтөбе Студенттер Альянсы қаладағы төрт жоғары оқу орны мен жиырма алты колледждің студенттерін біріктіреді. Темірлан Мейрамбекұлы мұндай сенбіліктерді болашақта түрлі форматта ұйымдастыруды қолға алу керек деген пікірімен бөлісті:
— Жастар жүрген жер қашанда көңілді. Сол себепті болашақта сенбіліктерді дәстүрлі емес форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Ән-күй, ойын-сауықпен бірге, демеушілердің көмегімен шағын мерекелік атмосфера жасап, жастардың қызығушылығын, белсенділігін арттырғымыз келеді. Әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктердің бір сарында өтпеуі үшін осындай ерекше іс-шаралар өткізу маңызды деп есептеймін. Алдағы уақытта бұл идея жүзеге асады деп сенемін, — дейді ол.
Сенбілікке Шығанақ Берсиев атындағы жоғары агротехникалық колледжінен жиырмаға жуық жас келіпті. Аталған колледж оқытушысы Анаргүл Қалдымұратованың айтуынша, бұл жолы кетпен-күректі болашақ ветеринарлар қолға алыпты.
— Сенбілік — жай ғана тазалық жұмысы емес, сонымен бірге тәрбиелік мәні бар іс-шара. Жастар өздері тұратын елді мекенді, қаламызды, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызды екенін түсінуге тиіс, — дейді ол.
Аталған колледждің 2-курс оқушысы Мешітқали Әділбаев ветеринария мамандығында білім алып жатыр екен. Ол әр апта сайын сенбіліктерге белсенді қатысатынын айтады.
— Жатақханада тұрамын, сол себепті қалалық іс-шараларға жиі қатысуға мүмкіндік бар. Өзім ауылдан келгенмін. Ауылдың баласына қара жұмыс жат емес қой — күрек ұстап, тазалықпен айналысу біз үшін қиын емес. Керісінше, осындай іс-шараларға қатысқан көңілді, достармен бірге еңбек ету — ерекше әсер сыйлайды, — дейді ол.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар қала тұрғындарын осындай игі істерге белсенді қатысуға шақырды. Себебі тазалық өзімізден басталады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.