Байқадамның бүгінгі тынысы

Ұлы Борсық құмын жайлаған Байқадам ауылы — Шалқар ауданының Есет Көтібарұлы ауылдық округінің орталығы. Өрісін малға, қонысын жанға толтырған берекелі ауыл сонау жылдардан облысқа ғана емес, республикаға танымал. Ауыл аудан орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан. Ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Интернет мәселесі де шешімін тапқан. Аудан орталығы мен ауыл арасындағы жол сайрап жатыр. Ендігі шаруа — ауыл ішіндегі көшелерге асфальт төсеу.
Мал басы көбейіп, кәсіпкерлік дамып келеді
Шалқар — мал шаруашылығына қолайлы өңір. Сондықтан тұрғындардың негізгі кәсібі де осы сала. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алып, мал басын көбейтуге ниеттенгендердің қатары артқан. Өткен жылмен салыстырғанда төрт түлік саны да көбейген. Соның бір дәлелі — Байқадам ауылы. Қазір шағын ауылдың өзінде 54 шаруа қожалығы бар. Мал саны жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, бүгінде ірі қараның саны төрт мыңға жуықтаса, қой мен ешкінің саны — 13645, жылқы — 6644, ал түйенің саны мың жарымға жеткен.
Округ әкімдігінің мәліметінше, мал басын бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып, төрт түлік түрліжұқпалы ауруларға қарсы егу жүргізіліп жатыр. Округке қарасты шаруа қожалықтарына жер учаскелерін игеру, тіркеусіз жүрген малды тіркету, мал ұрлығының алдын алу, жылқыға GPS қондырғысын орнатудың тиімділігі және өзге де ауыл шаруашығына қатысты мәселелер түсіндіріліп, рейд жұмыстары жүргізіледі.
Ердос ашқан орталық
Атакәсіпті мақсат еткен жеке шаруашылық иелері мемлекеттің қолдауымен өз кәсіптерін дамытып отыр. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама аясында «Дастан» шаруа қожалығы 92 асылтұқымды қашар алса, «Жомарт» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 19 жоба тапсырылыпты. Оның ішінде кәсіпкерлік бағыты бойынша ауыл тұрғыны Ердос Ізтілеуов 3,4 миллион теңге шамасында қаржы алып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан. Қазір кәсіпкер ауыл тұрғындарының бұзылған көлігін жөндеп береді. Бұрынғыдай жұртшылық көлігі істен шықса аудан орталығына барып, әуреге түспейді.
Ердос — ауылдағы тәжірибелі электрик. Кез келген темір тұлпардың тілін біледі. Ауылдан техникалық қызмет көрсету орталығы ашылған кезде жұртшылық ерекше қуаныпты. Еңбекқор жігіттің орталығына тек қана ауыл емес, аудан орталығынан да келіп көмек сұрайтындар бар.
Жалпы ауылдық округте 37 кәсіпкер тіркелген.Байқадам ауылында 4 азық-түлік дүкені, бір монша бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жоғары екенін атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жоқтығынан білуге болады. Жұмыссыздықтың алдын алу шаралары бойынша ауыл тұрғындарын тұрақты және ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту іс-шаралары ұдайы жүргізіліп тұрады.Округ әкімдігінің ұйымдастыруымен көпбалалы, жалғызбасты аналар тұратын үйлердің ауласына жыл сайын мал азығы, яғни шөп түсіріліп береді. Бұл іске ауыл кәсіпкерлері өз үлестерін қосады.
Байқадам ауылы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Тұрғындардыңмәдени-рухани деңгейін көтеру мақсатында Мәдениет үйі мен кітапхана жұмыс істейді. Пошта бөлімшесі ауылға хат-хабар жеткізсе, BEELINE ұялы байланыс жүйесі тұрғындарды интернетпен қамтып отыр.
Ауылда айтарлықтай мәселе жоқ. Елді мекенге кіреберіс жолдың тозығы жетіп, халық қиындық көріп жүр еді. Осыдан екі жыл бұрын жаңа асфальт төселіп, қазір жұртшылық ауданмен екі ортаға еркін қатынайды.Округ әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта ауыл ішіндегі екі көшені асфальттау жоспарда тұр. Сондай-ақ алдағы уақытта шағын футбол алаңының құрылысы басталмақ.
Ауыл жастары ұйымшыл
Байқадам ауылының жастары ұйымшыл. Ауылдық округ әкімдігінің маманы Жәния Есенбаева жастардың ауызбіршілігінің арқасында өңір көркейіп келе жатқанын айтты.
— Төл тарихын, мәдениетін, тілін, дәстүрлі дінін басты құндылыққа санаған өңір жастарының бірлігі мен татулығы бекем. Мақсаты — ел болудың жолында жұдырықтай бірігіп, адал еңбек ету. Болашағы зор қоғамның маңызды бөлшегіне айналған ауыл жастары еліміздің жаңару үдерісіне белсенді қатысып келеді. Мәселен, ұлттық дәстүрді дәріптеу, оны дамыту мақсатында жылма -жыл Наурыз мейрамы кең көлемде ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыс өткізіледі. Осы іс-шаралардың басы-қасында ауылымыздың жастары жүреді. Жалпы, қай істе болсын,ұл-қыздардың ауызбіршілігінің молдығы қуантады, — дейді Жәния Есенбаева.
Былтырауыл азаматтарының демеушілігімен елді мекеннің кіреберісіне «Байқадам» деп жазылған арка орнатылыпты. Аз уақыттың ішінде тұрғындар ауызбіршілік танытып, екі миллионға жуық қаражат жинаған. Ешкімнің көмегінсіз өздері қондырған. Қазір арка ауылға ерекше сән беріп тұр. Осы істің басы-қасында жүрген жастардың бірі — Ақтаң Әкімбаев, ауылды көркейту баршаға ортақ міндет екенін айтады.
— Өзім осы ауылда туып-өстім. Бұрынғыдай емес, қазір ауылда тұрақтаған жастарға барлық мүмкіндік бар. Шағын кәсіп ашамын дегендерге мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Ең бастысы, ынта керек. Өзім Байқадам станциясында электромонтер болып жұмыс істеймін. Ауыл ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралардан қалмауға тырысамыз. Мәселен, арка орнату туралы бастама көтерілген кезде барлығымыз бірауыздан қолдадық. Оның ішінде Серікқали Кенжалин секілді ауыл азаматтарының еңбегі зор, — деді Ақтаң Әкімбаев.
Алдыңғы буын ағалардың ізімен келе жатқан ауыл жастары да қазіргі кезде тәртіп пен татулықты қолдайды. Соның нәтижесі болар, кейінгі жылдары тәртіпбұзушылық тіркелмеген. Қайта қолда барын бір-бірімен бөлісіп, берекелі тірлік етіп жатыр. Округ әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар мен мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен өзге де қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі. Ауылдық округ әкімі және учаскелік полиция инспекторы шаруа қожалықтарды және қыстақтарды аралайды. Оларға адам еңбегін заңсыз қанау мәселесі бойынша түсіндіру жұмысын жүргізіп отырады.
Жергілікті әкімдік маманы, учаскелік инспектор, мектеп мұғалімдері және еріктілерден құралған топ рейд ұйымдастырады. Басты мақсат — жастарды тәртіпке шақыру. Сондай-ақ «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасына сәйкес ауыл тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жас ұрпақты ізгілікке, адалдыққа тәрбиелеу мақсатында іс-шаралар жүргізіледі. Мәселен, Қорғантұз мектебінде «Адал ұрпақ» клубы жұмыс жасайды. Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында үгіт- насихат баннерлері ауыл көшелерінде ілініп тұр. Ауылдық округ әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларына округтің атқарылған жұмыстары мен жаңалықтары үздіксіз жарияланып отырады.
Округ әкімдігінің мәліметінше, ауылда қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, діни ахуал бірқалыпты. Дәстүрлі емес діни ағымдардың тұрғындар арасында өз идеологияларын насихаттау фактілері тіркелмеген. Қорғантұз мектебінің жанынан құралған еріктілер тобы «Жұмадағы қайырымдылық» акциясы аясында мешітке тазалық жұмыстарын жүргізеді. Байқадам ауылы маңындағы Есет-Дәрібай кесенесін және сол маңдағы қонақүйді еріктілер мен ата ұрпақтары тазартып, айналасын көркейтіп қояды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.