Әлеумет

Үй болу оңай ма, үй бөлу оңай ма? немесе неке шарты туралы не білесіз?

Мейрамгүл Рахатқызы,

«Ақтөбе»

«Үйлену оңай, үй болу қиын». «Үй болу қиындығының» салдары кейде ажырасуға алып барады, ал ажырасудың ақыры әдетте үй «бөлуге», мүлікті, бірге жүріп жиған-тергенді бөлісуге соқтырады. Ал заңды құжат болмаса, ажырасудың ақырында «Алтын балық» ертегісіндегідей қырық тесік астауыңызды құшақтап қалуыңыз ғажап емес. Жоо-оқ, бұл «Ажырасуға алдын ала дайындал» деген сөз емес, керісінше «Ажыраспа, бірақ сонда да құжаттарың сақадай-сай болсын!» деген сөз.

Ажырасу демекші, ата-баба заманында «сүйекке таңба» болған бұл жайтқа қазіргі азаматтық қоғам мүшелері «екінің бірі ажырасып жатыр ғой» деп асқан жайбарақаттықпен қарайды. Ресми деректерге қарасақ, былтыр облыс бойынша екі мыңға жуық шаңырақ шайқалыпты. Ал республика бойынша жылына некесін қидыратын 130 мың отбасының 35 мыңы ажырасып тынады екен. Яғни, жыл сайын елімізде 35 мың шаңырақтың уық-керегесі сөгіліп, түндігі теріс айналады деген сөз. Соңында жолы екіге айырылған ерлі-зайыптыға ортақ болған уық кімге тиесілі? Кереге кімге тиесілі? Шаңырақ ше? Бұл сұрақтардың жауабын не сот, не неке шарты анықтайды.

Неке шарты дегеніміз не?

Былтыр 26 желтоқсанда қабылданған «Неке және отбасы туралы» Кодексте неке шартына мынадай анықтама беріледі:  «Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылыќтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк ќұќыќтары мен мiндеттерiн айќындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Неке шартында некеде (ерлі-зайыптылыќтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік ќұќыќтары көзделуі мүмкін». Түсініктірек айтсақ, бұл — шаңырақ көтеруге бел байлаған жастардың алдағы уақытта ажырасатындай жағдайға тап болса, бір-бірінің бетін тырнамай екеуі бірге жүріп тапқан-таянғанын, яғни, жылжымайтын және жылжымалы мүліктерін ың-шыңсыз бөлісіп алу ережелерін реттейтін құжат.

Азаматтар арасында неке шартына қатысты екі түрлі пікір бар.

Бірі: «Неке шартын жасасу қазақы менталитетке сай келмейді, оның қажеті шамалы», — дейді. Себебі, неке шартын жасасу — отау құрып жатқан жастардың жолына жамандықты шақырумен бірдей-міс. Расында махаббаттан жүректері лүпілдеп, қол ұстасып бірге өмір сүруге талаптанған жас жұбайлардың миында «ертеңгі күні ажырасамыз, сонда үй мен көлік кімге тиесілі болады?» деген мысқалдай ойдың болмайтыны рас. Бірақ өмір заңы қатал, махаббатыңа да, шаңырағыңа да қарамайды — ойранын салып, ортасынан түсіреді. Сондайда екі жақ қырық пышақ боп қырқысып, ортаға баланы салып, құдандалы жекжаттардың ауыздарына ақ ит кіріп, көк ит шығып, бетінен қауып, ата жау боп жатқандары. Осындайда, құдай сақтасын, Еуропаның сериалдарындағы ерлі-зайыптыларға қызығасың: айналасының береке-құтын қашырмай, өз үлесін алады да, кейіннен тума-туыстай араласып кете береді…

Неке шарты қажет дейтіндер осындай жағдайларды есепке алады. Қоғамда болып жатқан түрлі жайттар неке шартының қажеттілігін айқындай түседі. Мысалы, қазір алаяқтар өте көп. Отбасы құрып, кейін жанжал шығарып, ерінің не зайыбының мүлкін сатқызып, ақшаны бауырына басып алған соң ажырасып кетуді әдет қылған не тіпті бизнес етіп алған әйелдер де, еркектер де бар. Үйіңізге бір чемодан киіммен келіп, айла-шарғымен ажырасып, бір чемодан ақшамен кетуді армандайтын сондай алаяқтарға жем болмау үшін неке шартын жасаған тиімді. Немесе алаяқ емес, түрлі себептермен жолыңыз екіге айырылатын ақ адал жарыңызға өзіне тиесілі дүние-мүлікті беру барысында періштені де жолдан тайдыратын пиғылдың сіздің бойыңызды билеп кетуіне де жол бермеу үшін неке шарты керек-ақ.

 

Қазақта «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген сөз бар. «Сақтансаң, сақтайды» дейтін де қазақ. Кодекстің көздегені — осы. Отбасы туралы заң жұбайларды неке шартын жасасуға міндеттемейді. Яғни, сақтануды әркімнің өз құзырына қалдырады. Дегенмен әзірге өз құзырын пайдалантындар аз. Бейресми дерекке сенсек, елімізде отау құрғандардың бір пайызы ғана осындай шарт жасасады екен.

Неге аз?

Мамандар мынадай себептерді тізеді:

Біріншіден, азаматтардың құқықтық сауаттылықтары төмен, яғни неке шарты туралы көбі біле бермейді.

Екіншіден, олар ырымға сенеді, неке шартын — жаман ырым деп есептейді.

Үшіншіден, жұбайлар өз болашақтарының жақсы боларына сенеді, яғни, неке шарты қажет болады деп ойламайды.

 

Демограф Мақаш Тәтімов біздің халықтың рухани дүниеге көбірек мән беретінін тілге тиек етеді.  «Айқын» газетіне берген сұхбатында демограф былай дейді::

—  Еуропада неке шарты кең қолданысқа ие. Ең қызығы, оларда мұндай келісімге отырғандармен салыстырғанда, шарт жасаспағандар арасындағы ажырасудың үлесі жоғары. Алайда батыстық шарттың бір айырмашылығы —  олар мүліктік құқыққа көп мән береді. Айталық, көлік, үй, саяжай дегендей. Бұл тұс біздің менталитетке аса сай келмейді. Біздің халық рухани дүниеге көбірек мән береді. Соған орай келісімшарттарда жұбайлардың міндеттері көбірек орын алса екен деген тілегім бар. Алайда жастар арасында неке шартын жасауға деген ұмтылыс әзірге болмай тұр, —  дейді демограф.

 

Ақтөбе облысында да неке шартын жасаушылар саны аз. Облыстық әділет департаментінің халыққа заңгерлік қызмет көрсету және құқық түсіндірушілік жөніндегі бөлімнің бас маманы Маргарита Асадулова былай дейді:

— Ақтөбе облысында 2009 жылы — 9, 2010 жылы — 10, 2011 жылы 4 неке шарты жасалған. Неке шартын жасаушылар өте аз. Неке шарты туралы барлық ақпаратты білгісі келетін азаматтар үшін әрдайым кеңес беруге дайынбыз. Жыл сайын департаментте ашық есік күндері, яғни акциялар өткізіледі. Осы акциялар барысында азаматтар өздерін толғандыратын сұрақтарын қоя алады. Сонымен қатар арнайы ақпарат орталықтарына хабарласа алады, — дейді ол. (Ақпарат алу үшін облыс бойынша — 562070, республика бойынша 87172-580058 номеріне телефон соғуға болады. Республика бойынша ақпарат орталығына тегін хабарласа аласыз).

 

Жоғарыда айтқан отау құрғандардың ішіндегі неке шартын жасасатын бір пайыздың көбі, бейресми мәліметтер бойынша, екінші рет үйленгендер деседі. «Аузы күйген үрлеп ішеді». Тағы бір бөлігі — есеппен отау құратындар. Енді бірі — «тең-теңімен, тезек қабымен» дегенді басшылыққа алып, кейін әлдеқандай жағдай бола қалса… деп шарт жасасады деседі.

Азаматтардың көпшілігі неке шартының қайда жасалатынын да біле бермеуі мүмкін. Кодексте неке шарты міндетті түрде жазбаша жасалып, нотариатта куәландырылатыны айтылған.

 

Облыстық әділет департаменті азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру және апостильдеу бөлімі бастығы Нина Бейісованың айтуынша, АХАЖ азаматтардың некеге отыруын тіркегенімен, неке шартын жасаумен айналыспайды. Бұл жұмысты мемлекеттік және жеке меншік нотариустар атқарады. Қазір облыста — 83 нотариус бар, оның 58-і — облыс орталығында, қалғаны аудандарда орналасқан.

 

Неке шарты — өте сирек жасалатын құжат

 

Ақтөбе қаласындағы ең жас нотариус Айбек Махановтың кеңсесінде былтыр бір неке шарты жасалыпты.

— Неке шарты — өте сирек жасалатын құжат. Бір-екі жылда бір рет қана жасалуы мүмкін. 2010 неке шартын жасауға біздің нотариусқа бір ғана жұп келді. Олар үйленген жұп, отау құрарда жасаған неке шартына өзгерістер енгізу үшін келген болатын.

Жалпы айта кету керек, кодекс бойынша ерлі-зайыптылар неке құрарда немесе неке құрғаннан кейін де неке шартын жасай алады. Шарт нотариуста рәсімделеді. Құжатты рәсімдеу үшін нотариалды мекемеге екі тарап та міндетті түрде келуге тиіс, өздерімен бірге неке туралы куәлігін, жеке куәліктерін, мүліктері бар болса, сол мүлікке құқықтары бар құжаттарын алып келуі қажет.

— Неке шартында қандай нәрселер айтылады және айтылмайды? Жіліктеп айтып берсеңіз?

— Неке шарты мүліктік құқықты және тараптардың міндеттерін ғана реттейді. Онда ерлі-зайыптылардың бір-бірінің табыстарына қатысуға, отбасылық шығындарды бірге өтеуге, ажырасқан жағдайда әрқайсысына берілетін мүліктерді белгілеуге және ерлі-зайыптылардың мүліктеріне байланысты басқа да құқықтарды белгілеуге болады.

Келісім шартқа мынадай ережелерді енгізуге болмайды: құқықтық мүмкіндіктерін немесе іс-әрекетке қабілеттілігін шектейтін, өз құқықтары үшін сотқа шағымдану құқығын шектейтін, ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік емес қатынастарға шек қоятын, ата-аналардың балаларына байланысты құқықтарын шектейтін, отбасындағы адамгершілік мінез-құлқының стандарттарын белгілейтін, ерлі-зайыптылардың біреуінің жұмыссыздық жағдайына байланысты қаржылай бағу ережелерін белгілейтін шарттарды енгізуге болмайды.

Шартта, сондай-ақ жеке отбасылық қатынастар, үй шаруашылығын жүргізу мәселелері айтылмайды. Яғни, «мен үй жинаймын, ыдыс-аяқ жуамын, сен қоқыс шығарасың» деген сияқты мәселелер көрсетілмейді. Сонымен бірге ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынастары, ажырасқаннан кейін балалармен қарым-қатынастары және балалардың алдындағы жауапкершіліктері мен міндеттерін нақтылау жөніндегі шарттар айтылмайды.

Неке шарты кодекстің 38 және 39-шы баптарына сәйкес, 41, 42 баптарына сәйкес рәсімделеді. Рәсімдеу барысында тараптарға өздерінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге тиіспіз.

— Неке шартына отырмаған ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда мүлік бөлісі қалай жүргізіледі?

— Бұл мәселені ауызбіршілікке салып өзара шешуге болады. Олай болмаған жағдайда бұл мәселені тек сот арқылы реттейді. Ал некеге тұрғанға дейінгі алған заттар әркімнің өз меншігінде қалады. Некеге тұрғаннан кейін бірлесіп алған мүліктің барлығы ортақ болып есептеледі.

— Сіз «мысалы» үйленгенде неке шартын жасар ма едіңіз?

— … Қызық сұрақ екен. Егер үйленетін адамыма сенімді болсам, жасамас едім.

— Адам аласы ішінде… деп қорықпайсыз ба?

— Заңды жақсы білемін, сондықтан дәл сол шартқа мұқтаждық болады деп ойламаймын.

— Неке шартын жасаудың құны қанша?

— Былтыр желтоқсан айында жаңа кодекс қабылдағанға дейін 9072 теңге болды, жаңа құжатқа сай барлық нотариуске ортақ тариф қойылды, яғни, қазір неке шартын жасаудың құны — 16215 теңге.

Айбек Махановтың айтуынша, неке шарты жасалмаған жағдайда, ерлі-зайыптылар ажырасса, сот арқылы реттейді. Ал Ақтөбе облысы бойынша сот актілерінің орындалуын қадағалау департаментінің ұйымдастыру, талдау және өндірістік атқару қызметі бөлімінің бастығы Руслан Балғазиннің айтуынша, былтыр аталған департаментке неке шарты бойынша бір де бір атқару парағы түспепті…

P.S. Елімізде «Неке шарты» ұғымы 1993 жылдан бастап қолданысқа енді. Содан бері жиырма жылға таяу уақыт өтті. Жиырма жылда некеге тұрушылардың бір пайызы ғана бұл шартты қажет етті. Қалған 99 пайызы әртүрлі себептермен шарт жасаспайтынын деректер айғақтайды.

Әрине, өмірлік серігіңізге сенген дұрыс. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екенін де ұмытпағайсыз…

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button