Әлеумет

Бұқара

Ұрпақ

Жемқорлыққа қарсы күресейік!

«Жемқорлық» атты кеселдің ел экономикасының, мәдениеті мен білім беру саласының дамуына кері әсерін тигізері анық. Сондықтан бұл дертпен көпшілік бірге күресуі керек.

Жас ұрпақты аталмыш дерттен қорғау үшін, бойларын аулақ ұстау үшін тәрбиелеу керек. Бұл тұрғыда Ақтөбе гуманитарлық колледжі қабырғасында білім алушылар арасында жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар дәстүрлі түрде жүргізіліп отырады. Жаңа оқу жылының басында барлық топтарға Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы таныстырылып, жемқорлықтың ел дамуына кедергі келтіретіндігі түсіндірілді. Білім алушылардың ой-пікірлері жазылып салуларына арналған арнайы сенім жәшігі де ілінді. Сондай-ақ жоспарға сәйкес «Сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуына кері әсер етеді», «Сыбайлас жемқорлықпен күресе білесіз бе?», «Жемқорлықпен күресудің негізгі жолдары» тақырыптарында тәрбие сағаттары жүргізіліп, осы мәселе төңірегінде оқушылардың көзқарастарын анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы жарияланады. Сонымен қатар «Жемқорлықсыз сессия» атты қабырға газеті шығарылады. Сессия соңында сенім жәшігі ашылып, қорытынды жасалады.

Колледж оқытушылары да еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын өздерінің білімін жетілдіру жоспарларына енгізіп, Заңдағы өзгертулер мен толықтыруларды қалт жібермей бақылап отырады. Пән бірлестіктері отырыстарында сыбайлас жемқорлыққа байланысты баяндамалар оқылып, талқыланады. Жалпы, мұндай шаралар жас ұрпақты, тәуелсіз еліміздің жас буынын жақсылыққа тәрбиелеу үшін қажет. Жастарды қоғамның дертіне айналып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тәрбиелеуді ұйымдастыру әрбір білім ұясының парызы. Елдің ертеңі ойландыратын әрбір азамат бұл мәселеге бей-жай қарамай, жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу үшін аянбай еңбек етуі керек.

 

Арман АХМЕТОВ,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің әлеуметтік педагогі.

Айтайын дегенім…

Ысырапшылдық — мақтаныш емес

Жұмыр басты пенденің тұрмыс жағдайы түзелген сайын бұрынғы қиын күндерін есінен шығарады-ау деймін осы. Себебі күн өткен сайын барымызды бағалаудан қалып бара жатқандаймыз.

Егер біреу барынша қарапайым киінсе, болмаса жиған-тергенін үнемдеп жүрсе «қайтсін, жоқ қой» деп мүсіркей қараймыз. Ал сол адамның жағдайы бола тұра дұрыс киінбесе: «Бар ақшасын қимағаны несі?! Не деген сараң еді» дейміз тағы. Ол кісі ақшасын үнемдесе де жазықты боп көрінеді бізге.

Тойды қойшы, бүгінде жақыны өмірден өтіп, қайғыдан қан жұтып отырған шаңырақтың кәделі дастарқанында құстың сүтінен басқаның бәрін табасыз. Тіпті, садақа дастарқанында қасық қояр жер таба алмайсыз. Мына бір жайды айта кетейін. Өткен жылы күзде көршілес Шалқар ауданы Бозой елді мекенінде тұратын құдамыз қайтып, соның садақасына барған едім. Ол жақтың дастарқаны біздікіндей жер тіреп, майысып тұрған жоқ. Көгілдір отын шығаратын шұрайлы жерде тіршілік етсе де ысырапшылдық атымен жоқ. Мұны көріп риза болдым.

Менің айтайын деп отырған әңгімем тек тағам ысырапшылдығына қатысты емес. Біз қолда бар қай дүниемізді де жөнді пайдалана білмейміз.

Кейде ертемен тұрып, қызметке келе жатып Ырғыздың кейбір көшелеріндегі бағаналардың шамы жанып тұратындығын аңғарамын. Жарық шамдардың кейде түскі ас уақытына дейін қосулы тұратындары да бар. Ысырапшылдық дегеніміз осы емес пе? Күнделікті су алатын колонкаларымыз да кейде ашық қалып күндіз-түні су дамылсыз ағып жатады. Барлықтың, байлықтың жөні осы екен деп осынша шашыла бергеніміз дұрыс па? «Судың да сұрауы» бар деген емес пе. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбарымыздан қалған тамаша хадистер бар. Жалпы, ысырапшылдық мақтаныш емес. Соны ұғына білсек екен.

 

Д.ҚАРАСАРТОВ,

Ырғыз ауданының тұрғыны.

 

 

Лебіз

Қамқоршыл ұжым

Мен облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы қаладағы №3 кәсіптік лицей ұжымына алғысымды білдіргім келеді. Себебі бұл ұжым қызметкерлері жетім балалар мен аз қамтылған отбасы балаларына әркез қолұшын созып, көмек көрсетеді.

Інім қайтыс болған соң үш баласы менің қолымда қалды. Ал келінім осыдан бес жыл бұрын ізі-қайым жоғалып кетті. Іздегенмен ешбір дерек таба алмадық. Қазір бауырымнан қалған екі бала өз орындарын тапты. Ең кішісі Ақтолқын Өмірзақова аталмыш лицейдің 3-курсында аспаз мамандығы бойынша білім алады. Бұл оқу орны аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларға үнемі көмек көрсетіп тұрады. Балаларға күн сайын ыстық тамақ беріледі. Ал күзде жылы киіммен, көктемде жеңіл киіммен қамтамасыз етеді. Мереке күндері өз алдына сый-сияпат жасайды.

Жаңа жыл қарсаңында ұжым қызметкерлері осындай балалардың отбасына да қамқорлық танытып, азық-түлік берді. Біз бұған қуанып қалдық. Лицейдің мұндай қамқорлық көрсетуі балаларды жігерлендіреді. Балалар бұл жерде білім алып қана қоймай, әлеуметтік жағдайына да қолдау табады.

 

Алмаш ТӨЛЕГЕНОВА.

Бөгетсай ауылы.

Хромтау ауданы.

 

Алғыс

Адам емдеу — мамандықтың ең қадірлісі

 

«Ащыны татпаған тәттінің қадірін білмейді» демекші, ауырып-сырқамасақ, денсаулықтың қадірін де білмейміз. Ауруымыз өзімізді әбден титықтатқанша жүре береміз ғой. Халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп те бекерден-бекер айтпаған. Менің басыма да осындай зауал түсіп, ем алмасам болмайтын болғасын дәрігерге көрініп, ақыры операция жасатуыма тура келді.

«Дәрігер — адам жанының арашашысы».  Расында солай. Тікелей келіп тұрған ажалға шамасы жетпес, әрине, ал қандай да болсын ауруыңды жазып, аяғыңнан тік тұрғызатын осы дәрігерлер. Қит етсе де, қит етпесе де сол дәрігерге көрініп, емделіп, тіпті болмаса кеңес алып деніміздің саулығын түзейміз. Біз, адамдар, сау күнімізде ештеңе ойламаймыз. Ауырып қалғанда ғана дәрігерді еске алып, жазылып шыққасын алғыс айтамыз.

Денсаулығым аздап сыр берген соң, маған операция жасатуға тура келді. Ақтөбе облыстық ауруханасының бас хирургі Әсет Қалиевке көрініп ем, ол кісі дереу операция жасамаса болмайды деп ауруханаға жатқызды. Келесі күні осы облысқа танымал, көп жылдан бері хирург болып қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігер Қазбек Ізбасов екеуі операция жасады. Сәтті шығып, жазылып кеттім. Ара-тұра кеңес сұрасам, әрқашанда ілтипатты жауап беріп, ары қарай қандай ем алуым керек екенін де айтып жатыр. Тәңір жарылқасын екеуін де!

«Жамау жаңарар, жара жазылар, қарын тойынар» дегендей, жазылғасын алғысымды жеткізіп, «Жақсының еңбегі елінікі» екенін облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы жеткізгім келді. Қандай лауазымды қызмет істесең де, ауырсаң дәрігерге барасың. Дәрігердің бір ғана «Жазылып кетесің!» деген сөзі дәтке қуат беріп, жазыласың десем қателеспеспін.

Тегі дәрігер қауымы кішіпейіл келеді. «Тәкаппар адам жұмаққа бармайдыны» сол дәрігерлер жақсы біледі. Халықта «Ағаштың жемісі неғұрлым мол болған сайын, соғұрлым иілгіш келеді» деген де сөз бар. Мен кете-кеткенше осы дәрігерлерге әлсін-әлі барып кеңес сұрағанымда әрдайым, еш қабақтарын шытпай, жанашырлықпен, қандай шұғыл істері болса да Әсет те, Қазбек те ілтипатпен, қарапайым жауап беріп жатты. Міне, бұл да дәрігерге қажетті ең басты қасиет болса керек-ті. Әсет інім қандай қапылыс шаруа болып жатса да «Аға» деп, сөзімді жерге тастамай, ықыласпен тыңдап, жайдары, жарқын жауап бергеніне қатты риза болдым. Нұр жаусын! Қос хирургпен бірге емдеу барысында қызмет еткен барлық дәрігерлерге, медбикелерге, тазалықшыларға: «Істерің жемісті, қолдарың жеңіл, әрдайым аман болыңдар!» демекпін.

«Күн – ғалам көркі, еңбек — адам көркі» демекші, қай күні, қандай да бір уақытта барсам да немесе телефон соқсам да емдеген дәрігерлерімнің тағат таппай қауырт жұмыс істеп жатқанын көрдім. Келесі науқастарды емдеп жазудың қамында қапылып жүргенін байқадым. Қолдарының бос кезін көргенім жоқ. Адам емдеу — мамандықтың ең қадірлісі де, ең қиыны да екен ғой.

Мұқанбетулла КЕМЕР,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Маңғыстау облысы.

 

Тәлім

 

Тәрбие балабақшадан басталады

 

Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс, оқшау тұрған құбылыс емес. Ол заманның бағыт-бағдарымен, тыныс-тіршілігімен қатар жүреді. Балабақша — балаға ата-анасы берген тәлім-тәрбиені одан әрі қарай жалғап, жандандыру үшін қажет.

Ұлттық тәрбиенің негізі балаға ана сүтімен, ана тілімен, бесік жырының әлдиімен беріледі. Ал балабақша — тәлімгерліктің бұлақ көзі, тәрбиенің барып құяр арнасы.  Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау баршамызға жүктелер жауапты міндет болмақ.

Бала тәрбиесі отбасынан басталады, әрине. Десек те, ғылымға негізделген әдіс-тәсілдермен берілетін тәлім-тәрбиенің негізі балабақшада қаланады. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оның даму белестерінде өзіндік із қалдырады. Мұнда бала өзгемен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, білімнің алғашқы беттерін ашады. Ол үшін баланың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау керек. Біздің басты мақсатымыз — баланы даму әлеміне енгізу болса, басты бағытымыз — баланың денсаулығын сақтау, нығайту. Әрине, бұл мақсатты игеру үшін мемлекеттік стандарт талаптарына сай берілген бағдарламаны қолданамыз. Осы бағдарламаны тиімді қолдану арқылы балалардың ерік-жігерінің қалыптасуына, өз бетінше ізденуіне, жеке тұлға ретінде дамуына басты назар аударамыз. Сондай-ақ баланы жан-жақты шығармашылыққа баулу бағытында балабақшамызда ән сабағы, ағылшын, орыс тілі, би үйірмелері бар. Аталған үйірме жұмыстары нәтижесіз емес. Аудан көлемінде балабақшалар арасында өткізілетін түрлі сайыстарда тәрбиеленушілеріміздің биіктен көрініп жүргені осының айғағы деуімізге әбден болады.

Дәуренгүл АМАНЖОЛ,

«Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі.

Ырғыз ауданы.

Қоғам

«41 құмалақ бүй дейді!..»

Осы менің келіншегім қызық. Қай жерде мықты құмалақшы, бақсы-балгер бар деп естісе, бармай қоймайды. Өзі тұрмақ, бізді де қырық бір құмалақтың «өсиетін» естуге еріксіз әкеледі.

Әсіресе, Орталық базарға бара қалсақ, шығуымыз қиын. Базар маңында жағалай отырған құмалақшыларды жағалап, соңы сығанның алақан ұстап бал ашатын қыздарына тіреледі. Егер қырық бір құмалақты құмалақшы жақсы сөйлетсе, біздің үйде «той» болады. Сол күні келіншегімнің көңілі асып-тасып, жарқын жүреді. «Қырық бір құмалақта былай шықты, демек біздің ісіміз оңға басады. Қырық бір құмалақ бүй деді, енді біздің жұмысымыз реттеледі. Ана құмалақшы апай жақсы біледі екен» деп күніне бірнеше рет айтады. «Жақсы сөз — жарым ырыс қой». Мұндай жылы сөздерден кейін біз де әлгі құмалақшы апайды ұнатамыз. Ал құмалақшылар жағымсыз жаңалық айтса бар ғой, үйден береке кетеді. Келіншегім екі көзіне ерік беріп жылап-еңіреп, үйді азан-қазан қылады. Мұндай күндері біз құмалақшы атаулыны жата-жастана сөгеміз. Кешіріңіз, әрине!

Құмалақшының жарасы жеңіл ғой, егер зайыбым емші, бақсы-балгер жағалап кетсе, берекеміз кетеді. Себебі әртүрлі емшінің айтқан ақыл-кеңесіне жүгінген зайыбым қатерге ұшырай ма деп сескенем. Олардың жасар ем-домдары да әртүрлі. Біз қанша айтып, ұрысқанымызбен ол өзінің дегенімен жүреді. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген емес пе?

Жалпы, құмалақ ашқызу да құмар ойыны тәрізді екен. Қырық бір құмалақтың көмегіне бір рет жүгінсеңіз болғаны, барғыңыз келеді де тұрады. Құмалақшының айтқанына шын иланып, адам өзіне жылы сөз күтеді. Сондықтан құмалақшылар, менің келіншегім тәрізді нәзік жандылар сіздерге құмалақ аштыруға бара қалса, қырық бір құмалақты жақсы жаңалықпен сөйлетіңізші!

 

Э.ХҰСАЙН,

Ақтөбе қаласы.

Пікір

Шылым шекпе, қалқам!

Жақында «Ақтөбе» газетінің «Бұқара» бетінен (№7-8) «Шылым шегемін деп…» атты мақаланы оқып, көп ойландым. Дәрігер ретінде мақала иесіне ақыл-кеңес бергенді жөн көрдім.

Қазір арамызда шылым шегетін қыз-келіншектер қатары көп. Нәзік жанды аруларымыз ар-ұятты ары ысырып қойып, кафе-мейрамханаларда ғана емес, көшеде де кез келген адамды тоқтатып, оттық сұрай береді. Қыздар сән үшін шылым түтінін будақтатқанымен, мұның адам өміріне қауіпті екенін, келешекте көп азап тартатынын біле ме екен?

Шылым — есірткінің бір түрі. Оның құрамында отыздан астам улы зат бар. Бұл улы заттар адам ағзасын әлсіретіп, түрлі ауруларға шалдықтырады. Айталық, никотин өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа органдарға зақымын тигізеді. Ал шылым түтінінің қауіпті қоспасы — ысты газ жүрек ишемиялық ауруын туғызады. Ысты газ уақыт өте келе адамға оттегі жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Сондай-ақ шылым құрамындағы смола заттары да адам ағзасын қажытады. Біз шылымнан туындайтын аурулардың бір парасын ғана айтып отырмыз, ал нәзік жандылар үшін темекінің азабы шаш-етектен.

Мақаладағы кейіпкердің оқырмандарға мұң шағуы орынды. Қыз бала ─ ертеңгі ана. Басына ақ жаулық салынған келіннің темекі түтінін будақтатып отырғанын кім ұнатады? Оның үстіне қазақ қыздары ибалы, инабатты келеді емес пе? Сондықтан мақала авторы осы бастан өзін-өзі қолға алғаны дұрыс. Бүгін шылым шеккен қыз ертең өмірге дені сау ұрпақ әкеле алмайды. Ал аурушаң ұрпақ қоғам үшін қауіпті.

Шылым шегетін қыздарда бедеулік болады. Бедеулік ─ үлкен қасірет. Егер хат авторы темекіні тастамаса, ертеңгі күні өмірге бөбек әкеліп, бесік тербете алмайды. Жасында бесік жырын айтып, ана атана алмаса, өмір бойы қиналып жүреді.

Шылымды шамадан тыс қолдану жатыр ісігін болмаса рак ауруын туғызады. Бұл дерттерден де құлан-таза айығу үшін көп уақыт қажет. Меніңше, мақала авторының шылымды қоюға әлі де мүмкіндігі бар. Ол өзін болашақ анамын деп санаса, осы бастан шылым санын күн санап азайту қажет. Егер шын ниетімен дағдыланса, өзін-өзі тәрбиелесе, шылыммен қош айтысу қиын емес. Өзіне де, өзгеге де жақсылық ойлайтын адам темекіден тез құтылады. Сондықтан, қалқам, алдымен өзіңді сабырға шақыр! Темекіден арылсаң, достарың да сені түсінеді.

 

Алмажан ЕРАЛИЕВА,

кардиолог-дәрігер.

Ақтөбе қаласы.

Отбасы

Атам ақтөбеліктерді ұнатпайды

Бұл хатты жазбас бұрын көп ойландым. Егер ата-анам бұл мақаланы оқыса, маған сөзсіз ренжиді. Себебі олар әу баста менің Шымкенттің жігітіне  тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Бірақ маған көз көрген үлкендердің айтар ақылы мен жөн сілтер бағыты қажет.

Бұл елдің келіні болуыма ата-анам ғана емес, құрбыларым да қарсы болды. «Шымкенттің келіні болсаң, таңертеңнен кешке дейін шаруа жасайсың», «есік алдын сыпырып, таң атпай сәлем саласың» деп адам жанын түршіктірер түрлі әңгімелер айтты. Өзім орысша тәрбиеленген соң, қорыққаным рас. Бірақ ешкімнің сөзіне құлақ аспадым. Шымкентте достарым айтқан жантүршігерлік салт жоқ екен. Жалпы, келінге лайықты ізеттілік танытып, үй шаруасын реттесең болғаны. Бәлкім, бұл әр үйдің тәртібіне қатысты болар…

Мен қиналып жүрген мәселе бұл емес. Жаңа түскен келін алғашында қайын енесі мен қайын апаларынан сескенеді. Тәуба, менің енем де, апаларым да жақсы адамдар. Білмегенімді үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Жолдасым Атырауда мұнай саласында қызмет етеді. Атырауда тұрақты үйіміз болмағандықтан, мен әзірге ата-енемнің қолындамын. Енем ақжарқын, бауырмал болғанымен, қайын атам өте мазасыз кісі. Үйдегі ұсақ-түйек тірлікке араласып, ретсіз кінә тағады. Әсіресе, енем жұмысқа кеткен сәтте маған тағар міні көп. «Ақтөбеліктер арақ құюды ғана біледі. Ал шай құюды қыздарына үйретпейді. Еліңе кет!», — деп сөгеді. Оның үстіне өзі  жұмыс жасамайды әрі үнемі ішіп жүреді. Әсіресе, қатты ішкен күндері небір лас сөздерді айтып, жылатып қояды. Қысқасы, атам ақтөбелік құдаларын ұнатпайды. Ішкен соң есін білмейтін болар деп ойласам, сау кезінде де ата-анама, туған жеріме ретсіз тіл тигізеді. Қарсы сөйлеуге батылым жетпейді, ұялам. Ал болған жайды енеме айтайын десем, үйде жанжал туып кете ме деп қорқамын. Жолдасыма әкесін жамандағаным да дұрыс болмас деп ойлаймын. Бірақ олар үйде жоқ кезде жаныма тыныштық жоқ.

Құрметті оқырман! Осы оқиғаға қатысты маған ақыл айтсаңыздар екен. Әрине, атам мін айтты екен деп, жолдасымнан ажыраспаймын. Өз үйіме қайтып бару да ойымда жоқ. Бірақ атама қандай амал қолдана аламын. Әлде енем мен жолдасыма мән-жайды ұялмай айта берейін бе?

Гүлмира,

Шымкент қаласы.

Не дейсіз?

Белгілерді алып тастаса…

Қазір жол апатынан болатын қайғылы оқиғалар көп. Бұлар көбіне тақтайдай тегіс жолдарда жүргізушінің көлік жылдамдығын асырып жүргізетіндіктерінен болады. Ал менің ойымша, жол бойында қаза болған адамдарға қойылған белгілер жүргізушінің көңілін алаңдататын сияқты.

Бұлай деуімнің де себебі бар. Мен де жүргізушімін. Апта сайын аудандарды аралап, жолға шығамын. Түнұзақ ұйқының мезгілінде жол жүру оңай емес. Бірақ отбасын асырау керек…

Түнделетіп жолда келе жатқанда көлік апаты болған жерлерге қойылған бейітке ұқсас белгілер адам жанын түршіктіреді. Расында, белгілер бейіт сияқты. Құдды сол жерге адам жерленгендей аты-жөндері жазылып, суреті қойылады. Және мұндай белгілер бір емес, бірнеше жерде кездеседі. Әр шақырым сайын көз алдыңда белгілер кезіккен сайын өзіңді бейіттердің арасында жүргендей сезінесің. Өзің шаршап, әрі ұйқы қысып алаңдап келе жатқанда бұлар бойға еріксіз қорқыныш ұялатады. Кейде мұндай белгілерге қарай алмай, мазаң кетеді. Жалғыз адам түнделетіп келе жатқанда небір ойлар еске түспей ме? Оның үстіне көлікте жас бала отырса… Біле білсеңіз, жүргізушілер кейде көлік жылдамдығын сол себепті де күшейтеді.

Менің ойымша, жол бойында, әсіресе, иен далада мұндай белгілерді үлкен етіп орнатудың қажеті жоқ. Адамның ажалы әр нәрседен болады ғой. Олардың бәріне  белгі қоя алмасымыз анық. Сол себепті жол апатынан қаза тапқандарға да «белгі» қоймағанымыз дұрыс сияқты. Адам көлік апаттан қаза болғанымен, оның сол жерге жерленбесі анық. Сондықтан белгіні үлкейтіп, оған сурет ілудің не қажеті бар? Адам қаза болған жерді әспеттеуге бола ма өзі? Тіпті, шариғатта да адам жерленген жерді көркейтуге болмайды делінген. Сондықтан жол бойында тұрған белгілерді алып тастаған дұрыс сияқты. Бұл белгілердің адамға әкелер зияны жоқ, әрине. Бірақ көңіл-күйді түсіріп, адам жүрегіне қорқыныш ұялатады.

 

Қ.СЕМБАЕВ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button