Мәдениет

Өз жолы бар адам

Мерей

Журналистің жолы қашанда жеңіл болған емес. Мұнда артық айтқаның да, кем түсіп жатқаның да білініп қалады. Сондықтан да тәуекел етіп қолына қалам ұстаған адам тура жолды бағдар етіп ұстануға ұмтылады. Сондай сыны мол қиын да қысталаң шақтар Әбекеңнің алдынан талай рет шықты.

Балаң қаламнан туған алғашқы жырлары Аралдың «Толқын» деп аталатын аудандық газетінде жарық көргенде ол мектептің оқушысы болатын. Шағын мақалалары да сол тұста қылаң берді. Бір ерекшелігі, үлкен болсын, кіші болсын, ол кезде газет оқымайтын жан болмайтын. Ал басылымға аты-жөні шыққан адамның беделі тіпті аспандап кетеді.

Аманкелді Смағұлов деген қалам иесі осылайша жалпы жұртшылыққа таныла бастады.

Сол тұста Аралдың айдыны алыстан арбап, жал-жал толқындары көкке өрлеп жататын. Табиғаттың сондай әсем көрінісі жүрекке жылы сезім туғызып, шабытқа шақыратын.

Ал, мұның сыртында сол кезде Аралда тұрып жатқан Зейнолла Шүкіров атты қазақтың қабырғалы қаламгері айналасына көкірегінде шуағы бар жас талаптарды жарнамасыз-ақ жинап, үлкен болашаққа жол сілтеп отырғандай еді.

Әбдіғани Аймағамбетов, Молдахмет Қаназов, Жақсылық Түменбаев, Елеусіз Кенебаев, Дәрібай Әлисұлтанов, Аманкелді Смағұлов — кейінірек есімдері елге танымал болған осы қалам иелері осылайша бір мектептен өтті. Олар үшін Зейнолла ақын — өлеңнің өнегелі өлшемі болатын. Оның әрбір пікірінен сабақ алған жастар жарыса жазатын. Келесі кездесуге қуана жетіп, қағаз бетіне енді ғана түскен, әлі сиясы кеппеген өрімтал жырларын асығып-аптығып оқитындары күні бүгінгідей есінде Әбекеңнің.

Мектеп бітіре сала ауылдағы құрылыста жұмыс істеп жүрген жас жігіт бір күні «Құрбыма» деп аталатын өлеңін республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналына жіберсін. Сол тұста лирик те сыршыл ақын ретінде атағы аспандап тұрған Сағи Жиенбаев аталған басылым бетінде осы туынды туралы пікірін жазып, жас қаламгерге жарқын болашақ тілегені бар.

Бірақ, Аманкелді ақындық жолын түпкілікті қуған жоқ. Бәлкім, Сағи шайырдың бағасы көңілге тоқтық әкелді ме екен…

Дегенмен, оның қалам қуаты кеміп қалған ештеңесі жоқ. Журналистиканың жалпақ жолына түсті де, алды-артына қаратпай алып кететін қуатты толқынның екпінімен ілгері қарай тарта берді.

Осы бағытта да талай жақсылармен қатар жүрді. Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған Баққожа Мұқаев, Смағұл Елубаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Шөмішбай Сариев, Жақау Дәуренбеков, Дәулет Сейсенов секілді жігіттер кейін қазақ әдебиетінің бір буын қайраткерлеріне айналды. Солардың бәрі Тауман Амандосов сынды қазақ журналистикасының корифейінің декандығы тұсында білім алып, Қайыржан Бекқожин, Темірбек Қожакеев, Әбілпайыз Ыдырысов секілді ұстаздардың алдынан өтті.

Ол бесінші курсқа өтер тұста республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде өндірістік практикада болғанын әлі күнге дейін әсерленіп еске алады. Алғаш рет Алматы ауыр машина жасау зауытында өтетін ашық жолдастық сотқа редакция тапсырмасымен қатысқаны бар. Бүкіл көрініс көз алдында болғанымен, кінәлі адамның ішкі толқыныстары, оны өндірістік тәртіп бұзушылыққа алып келген себептер, ұжым мүшелерінің көзқарасы — осының барлығын сараптамадан өткізіп, шешім жасауына, түйін түюіне тура келді. Алды қатты, талабы қатаң редактордың орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы студент-практиканттың бұл мақаласын жоғары бағалап, арқасынан қаққаны диплом алған соң газетке қызметке қабылдануына де себепші болып еді. Ұзақ Бағаев сынды білікті редактордың қарамағына еңбек ете бастаған шағында жас кадрға Орталық Комитеттің көзі түсіп, оны Талдықорған облысының Үшарал ауданына жібереді. Сөйтіп, Қытаймен шекаралас өңірге де дәм тартып барып-қайтқаны бар. Кейінгі шақпен ойлап отырса, ол да бір мектеп екен. Ел көрді, жер көрді. Көңілге түйгенін қағазға түсірді, оқырмандардың жақсы бағасына ие болды.

Содан кейін жол басы Ақтөбеге бұрылды. Мұнда облыстық газетте қызметкерлер саны жеткілікті екен. Көңілі аса бір қалап тұрмаса да, телевизияға табан тіреді. Дегенмен теледидар арқылы да сөз қадірін ұғындыруға болатындығына осында көзі жетті. Тікелей хабарлары, әр түрлі мамандармен жүргізген сұхбаттары жүйесін тауып жатты.

Бір кездері қалам қарымын танып қалған Алматы бәрібір іздеп тауып алды оны бір күні. Күллі Қазақстанның жастық жалауы секілді «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов Батыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілші болуды ұсынды. Ол уақытта бұл сұранған адам бара алмайтын қызмет қой. Үш жыл бойы төрт облысты шиырлады. Жастар тақырыбын жеріне жеткізе жазды, қаншама проблемаларды қозғады, мұның бәрі енді сол өткен тарихпен тамырлас болып қалған жәйттер.

Облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы Нұрқайыр Телеуов Аманкелді інісін жастар басылымынан күшпен қайтарғандай болып еді сол кезде.  Газеттің насихат деген бөлімінің жетекші тілшісі етіп алғанда, идеология тақырыбының тыңнан өріс тартатындығына сенгендей болып еді тәжірибелі басшы. Сол сенім ақталды. Әбекеңнің адамгершілік, ар-иман, дін тазалығы тұрғысындағы татымды ойлары сонау сексенінші-тоқсаныншы жылдардағы оқырмандардың жадында берік сақталған болар.

Былай қарағанда мінезі бірқалыпты, ұстанымы тұрақты, анау-мынау алып-ұшпа нәрселерге мойын бұра қоймайтын бұл кісінің өмір жолдарында қалыпқа сыймайтын өзгерістер де орын алып тұрады. Мәселен, облысымызда Исатай ауданы ашылғанда сондағы жергілікті газет редакторының орынбасары қызметіне бап талғамастан, анабір шарт қоймастан тартып кеткені бар. Біреулер «не тапты, не ұтты?» деп ойлаған болар. Ұтқаны — Ақырабтың ажарлы қалпының куәсі болды, жақсы күнге ұмтылған өрісті өңірдің көп өнегесін елге таратты, аймақ шежіресін қағазға түсірді.

Әдетте қызмет басында жүрген азаматтардың қай-қайсысы да алпысқа іліккен соң аялдай бастайтыны бар-ды. Әбекең олай етпеді. Облыстық газетте бас редактордың орынбасары деген жауапты шаруа тізгінін ұстап, ортақ тірлікті ширата түсті.

Ал екі облыстық газет «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС аясына бірігіп, жаңаша қауымдасқан кезде осы құрылым директоры Мейірхан Ақдәулетұлының бастамасымен он екі аудандық газетті жандандыру, оларға шығармашылық көмек көрсету мақсатында ортаға тартқанда да жауапкершілік Аманкелді Смағұлұлына сеніп тапсырылды. Бұл міндет те абыроймен атқарылды.

Аманкелді Смағұлов қаламы қарымды журналист қана емес, ізгі ниетті жолдас, көпті көрген, көңіл төрі кең азамат та. Журналистер бас қосуында ол ортаның сәні. Қолына қоңыр домбырасын алып жіберіп әуелетіп шырқағанда тыңдарманының жүрегін еріксіз тебірентеді. Сондай нәзік көңілді жанның сонау көз ұшында қалған жастық шағында шаршы алаңда бокс қолғабын нық ұстап, талайды бұрыштарға қуып тыққанын елестетудің өзі бір түрлі көрінетіні бар…

Ал теңіз жағасында туып-өскен оның жүзгіштігіне қазіргі жастар тіпті де таласа алмайтыны ақиқат. Аралдың ақ толқыны әлі де ойына он оралады Әбекеңнің.

… Міне, өмірдің жетінші белесіне де көтерілді.

Аманкелді Смағұлов аға Қарашаш жеңгемізбен жарасты ғұмыр кешіп келеді. Олардың Самал атты перзенттері жоғары білім алып, жарасты мінезімен, ибалы қылығымен ата-анасын қуантуда.

Ал, Әбекең сол баяғы қарапайым қалпымен қаламын қолына берік ұстаудан өзгерер емес. Иә, ол өз ұстанымынан өзгермейтін адам.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

«Өткен жылдар жаңғырығы»

Аманкелді Смағұловтың журналистикаға келген жолы Өлең атты өрісті өлке арқылы өткендігін оқырмандарымыздың жадына сала кеткеннің артықтығы болмас.

Жазғанының бәрін жарияға жар салып, жұртшылыққа ұсына бермейтін қаламгер ағамыздың көмбеде тұрған көп дүниесі «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС қолдауымен «Өткен жылдар жаңғырығы» деген атпен «А-Полиграфия» ЖШС баспаханасынан кітап болып шықпақшы.

«Теңіздің дәмі —  тамшыдан» демекші, сіз де оқып көріңіз…

 

Аманкелді Смағұлов

Пәтер

Қабат-қабат үйлері көп қаланың,

Пәтерлері биік-биік аспанда.

Кілтін бердік қазағына даланың,

Таңғалды ол алғаш есік ашқанда.

 

Қажеті жоқ бұнда көмір тасудың,

Іздемейсің су алатын құдық та.

Шайың қайнап, қара қазан асулы,

Отырмайсың сылтау іздеп сыныққа.

 

Жаңбыр жауса су баспайды іргеңді,

Жүрмейсің де қыста енді қар атып.

Енді ұмыт қоқыс үйіп жүргенді,

Күл төгуге тесік астау жаратып.

 

Өз төрің бар, ешкім саған би емес,

Бір олқысы бар сияқты бірақ та.

Ауыз толып айтатұғын «үй» емес,

«Пәтер» деген жағымсыздау құлаққа.

 

Сынық қазан

Не айтайын жазығы жоқ туысқа,

Бағалайын бұны қандай қылық деп?

Тастай сапты Тайқазанды қуысқа,

Енді оның қажеті жоқ сынық деп.

 

Қара қазан киелім де, ырысым,

Сен барында толықтайын несібем.

Қайғысызда қайнағанда дұрысы,

Қара судың бал дегеннен несі кем.

 

Заманыңда табақ-табақ ас беріп.

Өтеп едің талай-талай той қамын.

Мына халық үлкеніне бас беріп,

Біле ме екен қара қарын тойғанын.

 

Көзге ілмей ешкім қуыс түнектен,

Сен жатырсың бекер қайнап құр мазаң.

Тек ұқтырып заманыңды күні өткен,

Көрші аулада тасып жатыр бір қазан.

 

Ойхой, дәурен, алшаң басып жүріп ем,

Ал бүгінде кәрілікке шаталғам,

Сенен талай дәм татқанның бірі мен,

Әттең! Мен де қалып барам қатардан.

 

Алатау

Көңілім озып алға тым,

(Сағыныш ұшар қанат-ау.)

Аңсап бір келдім, Алматым,

Армысың, заңғар Алатау.

 

Қанатым болса жалғайтын,

Шыңыңа тура тартар ем.

Шетсіз де, шексіз самғайтын,

Алатау, өзің жарты әлем.

 

Жүрген ем көп жыл жырақта,

Сағыныш деген жүк артып.

Қарсы алмай ешкім бірақ та,

Қарсы алдың өзің мұнартып.

 

Бүгінгі сапар тым бөлек,

Таныс жоқ мынау перронда.

Өзіңнен басқа кім керек,

Құшағым міне, кел онда.

 

Сезімге сүңгіп не түрлі,

Көңілім көкке қалықтар.

Сәлемің сенің секілді,

Сылдыр да, сылдыр арықтар.

 

Келбетің қандай жағымды,

Бір шыңың өрлеп бір шыңға.

Мәуелі алма бағыңды,

Қалғымай тербеп тұрсың ба.

 

Талай бір алыс жыраққа,

Жолдар көп апаратын да,

Суретің сенің бірақ та,

Көкірек аппаратымда.

Қиял

Көңіл шіркін кейде бір ала қашып,

Кетесің қым-қуытқа араласып,

Әркімде бір қиял бар Алдаркөсе,

Бермейтін көрпе салып, тамақ асып.

 

Қарамай жыртығыңа, өреңе сен,

Боласың қиялменен төреге тең.

Қиял да жақсы сөздей жарым ырыс,

Шаршағанда ол да бір керек екен.

 

Хат жазыңдар

Хат жазыңдар туыстас болғандарың,

Әйтпесе өкпелеймін жалғанда мың.

Хаттар керек кей сәтте, кей сағатта,

Хаттар керек көңілге қонғанда мұң.

 

Бәрібір көп айтыңдар, аз айтыңдар,

Хат жазыңдар, мейлі өкпе, наз айтыңдар.

Тілемеймін өзгені бір сәтке тек,

Жалғыздықты мендегі азайтыңдар.

 

Өздеріңдей қадірлі хаттар маған,

Жазбасаңдар сендер де, жаттар да адам.

Сағынышты сәлемдер жеткізетін,

Хаттарда бар көп сырлар ақтармаған.

 

Базынаң болса егер жеке менде,

Хат жазыңдар, мейлі сөк, көтерем де.

Бір лебіз күтетұғын сияқтымын

Сендер түгіл көз жұмған әкеден де.

Күз

Жапырақ түсіп ағаштан,

Күн суытып күз келді.

Бұлт жамылып көк аспан,

Басып қалда шық жерді.

 

Әдетінше күздегі,

Көлден үйрек тарады.

Ізінде құстар тізбегі,

Қайран жаз кетіп барады.

 

Айтыс

Тыңдауға келсең жақын бар,

Құндауға сөзді қақың бар.

Жыр тұнып жатыр алдыңда,

Сілкініп жатыр ақындар.

 

Өзгерген өмір бұл күні,

Көз көрген талай үлгіні.

Мәнерлеп жатыр соларды,

Заманның мынау бұлбұлы.

 

Сарасын сөздің жиып кіл,

Қарасын селдей құйып бір,

Мұндайды жырдың жырлары,

Асқақты әуен биік тұр.

 

Өсірмей сөздің құнын шын,

Көсілмей қалай сүрінсін,

Есені қолдан бере ме,

Естімей келіп бұрын сын.

 

Сөз өткір, тіпті тез екпін,

Алмасып жатыр кезек бір,

Алқалы топтың алдында,

Арқалы ақын безеп тіл.

 

Кезекті ақын майталман,

Өзекті сөзін айта алған.

Бар ынта қазір өлеңде,

Қарымта сөзбен қайтарған.

 

Алса да қанша аужайға,

Дауалы сөзге дау қайда.

Мәрт өлең төккен ақынға,

Мәртебе әділ аумай ма.

 

Оздырған шабыт көтерме,

Қоздырмай жанды өтер ме.

Сыйлаған жоқ қой ақынды

Ежелден халық бекерге.

 

Айғақтар өмір барысын,

Айтыста намыс бары шын.

Біле бер бұл да сөздегі,

Олимпиадалық жарысың.

 

Диқан

Шаңдатқан топтар алға асып,

Шабытты шақтар жалғасып

Ырыс боп жатыр алтын дән,

Ақ алтын тауға алмасып.

 

Думанға бөгіп құтты жер,

Асырды ерлер мықты бел.

Күй болып қырман барады,

Барады дала түп-түгел.

 

Толқынды қырлар манаурап,

Толықсып жатыр сан аумақ.

Ойқастап шықты комбайн,

Алқызыл туы алаулап.

 

Думанды таңнан таң асып,

Салтына даңқы жарасып,

Диқандар ерлеп барады,

Биіктен-биік әрі асып.

 

Теңіз

Жағада мынау туындап бойда қанша арман,

Толқынмен бірге таңымды әрбір қарсы алғам.

Сырласым менің, құрдасым менің сағынар,

Шағала мынау қиқулап көкте жар салған.

 

Сағынып көптен оралып тұрмын қайтадан,

Қарсы алып мені туған жер бейне айтады ән.

Ұмтылып алға, соғатын жарға өр мінез,

Толқындар, міне, көтеріп мені шайқаған.

 

Ыстық-ау теңіз, барады көңіл шаттанып,

Тілдесер жандай шоршиды суда ақ балық.

Күшіммен барлық, биіктен қарғып сүңгісем,

Тасуға теңіз тұрғандай қазір шақ қалып.

 

Көк теңіз шалқар, көгілдір, терең тұңғиық,

Жүректі тербеп, жаныма жатыр нұр құйып,

Құлашты суда сермеймін тынбай құмарта,

Көңілім көкте шағала болып жүр биік.

 

Ініге ізет

Қаламдас ініміз жетпіске келіп жатқанымен бізге әлі бала секілді. Біздің біріміз сексеннің үстіне шығып, екіншіміз жетпісті орталаған соң солай демей не дейік.

Бірақ біздің жас айырмашылығымызды білдірмейтін бір жағдаят бар. Ол — үшеуміздің ұзақ жылдар бойы бәйгеге ат қосқан шабандоздардай болып, бір қатардан табылғандығымыз. Сондықтан да Аманкелді бауырымызға бүгінгі тойы күні жылы лебізімізді арнағымыз келеді.

Кешегі күндері, яғни алпысыншы жылдардың соңына таман «Коммунизм жолы» деп аталатын облыстық газетте бізден де ілгері буындағы аға толқынның бір топ қуатты өкілдері қызмет істеді. Біздер соларды жалғастырған едік. Ол кезде алдымыз қалың да, соңымыз сиректеу көрінетін. Бірте-бірте уақыт өз дегенін істей бастады. Бір тұста артымыздағы дүбір ұлғайды. Қаламы қарымды, адымы алымды жігіттер бізді ойланта бастады.

Сондай талантты бауырларымыздың бірі — Аманкелді Смағұловтің жазған мақалалары орнықтылығымен, ойлылығымен ерекшеленді.

Әдетте шеберлікте шек болмайды. Бірақ бірге жүрген әріптесіңнің қаламының желі сені де желпіндіреді. Нақ сондай деңгейге шыға алмай жатсаң, жүйкеңе салмақ түсетін шақ та болмай қалмайды. Соның бәрі шығармашылық реттегі әдемі бәсекелестікке бастайды. Журналистикаға артымыздан келген Аманкелді нақ сондай ахуалды қалыптастырды.

Коммунистік партияның тұсында облыстық басылымда насихат және үгіт бөлімі қызмет істеді. Партияның көп саясаты осы бөлім арқылы жүргізілетін. Ресми орындардан мақалалар орыс тілінде келіп түседі. Соның бәрін тиянақтап отыратын Аманкелді еді. Бұл ретте оған жас та болса тәжірибесінің молдығы, екі тілді еркін білетіндігі жеңілдік әкелетін.

Аманкелді облыстық газетке пісіп-жетілген, қаламы қалыптасқан тұста келді. Сондықтан да оған ұстаздық етіп, жол сілтедік деп айтуға болмас. Алайда, ол көптеген жастарға жол көрсетті. Жас қалам иелерінен ақыл-кеңесін еш уақытта да аяған емес. Қазірде де Аманкелді ағаларының үлгісін тұтынатын жастар аз емес.

Жетпіс әрине, жол басы емес. Жолдың соңы да емес. Жол жалғаса берсін, Әбеке!

Ерен еңбегіңмен елдің Әбекесі бола бер!

 

 

Кәдірбай БЕКМАҒАНБЕТ,

Арыстан АЙМАҒАМБЕТ,

ҚР Журналистер одағының мүшелері.

 

 

Ұстаным үлгісі

Амангелді Смағұлов ағамызды бір салада қызмет жасаған бес-алты жылдың ішінде жақынырақ тани түстім. Бұрын облыстық басылым беттеріндегі танымдық тағылымы бар, өзекті мәселелер көтерген мақалалары арқылы сырттай таныс ағамен етене қызмет жасау тәжірибелі журналистің кісілік кемелдігінің мол екендігіне көзімізді жеткізді.

2010 жылдың қазан айында Ырғызда аудандық «Ырғыз» газетінің 80 жылдық мерекесі өңірдегі елеулі шара ретінде аталып өтілді. Ақтөбеден арнайылап «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы бастаған  бірқатар әріптес ағаларымыз, өзге де жерлес азаматтар газет тойының куәсі болған еді. Сол сапарда аудандық газеттердің шеф-редакторы Амангелді Смағұлов ағамыз да мерекелік шараға қатысты. Ағамыздың газетіміз туралы салмақты пікірлері, ақжарма тілегі жергілікті журналистер үшін үлкен қолдау болды. Осы сапарында ырғыздықтармен жүздескен Амангелді аға көпшілікке жылы әсер қалдырды.

Сол бір салтанат өткеннен кейін келесі аптада көршілес Қызылорда облысының Арал қаласындағы аудандық «Толқын» газетінің 80 жылдығына қатысудың сәті түсті. «Толқынның» мерекелік нөмірін парақтап отырып Амангелді ағамыздың осы басылымда да қолтаңбасы қалғанын білдім.

Ағамыздың әр өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарында атқарған журналистік жолы туралы жуырда облыстық «Актюбинский вестник» газетінде әріптесіміз Муапих Баранқұлов «Газет — сүйікті ісі» («Любимое дело – газета») деген мақаласында жан-жақты әңгіме қозғапты. Жетпіс жасқа дейін сүйікті кәсібінен қол үзбеген Амангелді ағаны «журналистиканың жампозы» деп атасақ артықтық етпес деп ойлаймын.

Өз пікірін боямасыз, ашық айтуға қалыптасқан Амангелді Смағұловты кейінгі толқын журналистер де қадір тұтады. Кез-келген мәселеге парасаттылықпен, сабырлылықпен қарау арқылы ол кісі әрбір адамды өзіне жақын тартып жүреді. Көпшілік аңғара бермейтін адам бойындағы жақсылықтар туралы ағамыздың шынайы әңгіме қозғағанына талай көз жеткіздік. Төзгісіз кемшіліктерді де тап  басып, тура айту оның қалыптасқан қасиеті дер едік.

Ақтөбедегі алдыңғы буындағы журналистердің қатарында келе жатқан Амангелді Смағұлов ағамыз жетпіс жасына абыройлы қалпында жетіп отыр. «Мерейлі шағыңыз құтты болсын, арымаңыз аға!» дегіміз келеді.

Марат МЫРЗАЛЫ,

аудандық «Ырғыз» газетінің редакторы.

Ырғыз ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button