Басты жаңалықтарСаясат

«Басты бағыт — бәсекеге қабілетті ұлт болу»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабай жерінде өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында осылай деп атап көрсетті. Бұл ретте Президент ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуіміз қажеттігіне, осы мақсатты орындау жолында ұлттық ой-санамыздың мықты болуына ерекше назар аударды.

Сонымен, құрылтайда көптеген түйінді мәселелер қозғалып, алдағы қадамдарға айқын бағыт берілді. Енді белгіленген міндеттерге сәйкес елде, халық ортасында жан-жақты жұмыстар жүргізілуге тиіс. Бұл орайда ғалымдар, мәдениет, білім басқа да түрлі сала өкілдерінің ой пікірлері қандай?

Осы мақсатта әңгіме өрбіту үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС Баспасөз клубында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің ұйымдастыруымен өткен бас қосуға Ұлттық құрылтай мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, әуезовтанушы Алтай Тайжанов, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархат Досмұратов, «Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалы төрағасы міндетін атқарушы Ерәділ Үббиниязов, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының орынбасары Жандос Еспанбетов, ақтөбелік дизайнер, Syrmak.kz брендінің иесі Инабат Ескендір қатысты.

— Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ең алдымен еліміздің жан-жақты жаңғыруына бағытталған реформаларға назар аударды, осыған байланысты тың бастамалар мен жаңа жоспарлар ұсынылды. Бір атап айтарлығы, осы алқалы жиында экономикалық-әлеуметтік дамудан бастап рухани құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі мәселелерін, халықтың талап-тілектері мен өтініштерін қамтыған 120-дан астам ұсыныс енгізіліпті. Олардың ішінде білім, ғылым, отбасылық құндылықтарды сақтау, басқа да маңызды бағыттар бар.Осы аталған тақырыптардың қай-қайсысы да біздің бәрімізді толғандырады, ойландырады, мазасыздандырады. Ендеше, дөңгелек үстел басында өз пікірлерімізді ортаға салайық. Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға қатысты оны жүзеге асыруға біз қандай үлес қоса аламыз? — деп Раукен Отыншин жиналғандарды ортақ әңгімеге тартып, жүргізіп отырды.

Идея — құнды ресурс

 Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде көкейге не түйіп қайттыңыз?

Лаура ҚАРАБАСОВА:

— Өткен жылдан бастап Ұлттық құрылтайдың мүшесімін. Қоғам құрылтайдың үлкен отырысын көріп отыр, ал біз, мүшелер ретінде, жыл бойы өтетін жиындарға тұрақты түрде қатысамыз. Бұл — бір қарағанда, бюрократиялық кеңестің отырысы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде министрлік өкілдері бұл жиындарға есеп беру, тыңдау, қоғам пікірін есту үшін шақырылады. Құрылтайға әртүрлі саланың мамандары, қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар тартылады. Мен де басшылықтың өкілі, ғылыми қоғамдастық пен жастар тәрбиесіне жауапты адам ретінде шақырылдым.

Қазіргі кезде идея — ең құнды ресурс. Көпшілік «Brainstorm» (миға шабуыл) деген терминді жиі қолданады. Бұл түрлі саланың өкілдерін жинап, пікір алмасу, жаңа идеялар ұсыну» дегенді білдіреді. Ұлттық құрылтай да дәл осы мақсатты көздейді — елдің түкпір-түкпірінде жүрген, өзіндік ойы бар азаматтарды бір алаңға жинап, олардың пікірін ортаға салу. Ең маңыздысы — осы идеялардың бюрократиялық кедергілерсіз мемлекеттік саясатқа енгізілуі. Бұл құрылтайдың басты артықшылығы деп санаймын.

Өткен жылғы құрылтайда маңызды мәселе көтерілді. Ол — ғылымның дамуы мен өңірлік қажеттіліктер арасындағы алшақтық. Ғылыми мекемелер министрлікке бағынғанымен, өңірдің территориясында жұмыс істейді. Алайда өңірдегі ғылыми зерттеулерге қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Ғылыми жобалар конкурстық негізде қаржыландырылады, яғни тек жеңімпаз жобаларға ғана қаражат келеді. Бұл жүйе өңірлік мәселелерді шешуде белгілі бір қиындықтар туғызады.

Құрылтай отырысында өңір басшылығы ғылымға басымдық бермесе, оның дамуы тежелетіні туралы мәселе көтерілді. Өңірде тұрған соң Ақтөбенің экологиясы, өндірістік проблемалары сияқты мәселелерді жергілікті ғалымдар зерттеуге тиіс. Бұрын кәсіпорындар өңірлік университеттерге емес, Алматы мен Астанадағы ғылыми мекемелерге тапсырыс беріп, қаржы сыртқа кететін. Қазір бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі жанынан ғылым және технологиялық саясат жөніндегі кеңес құрылды. Бұл кеңесте қабылданған шешімдер өңірлік даму индикаторларына енгізілді. Мысалы, Ақтөбедегі феррохром өндірісінен бөлінетін зиянды заттарды зерттеу — жергілікті ғалымдардың міндеті. Бұл жұмысты басқа өңірлерден келген зерттеушілер емес, біз өзіміз жүргізуіміз керек. Сонымен қатар қоғамдық пікірді зерттеу, әлеуметтік сауалнамалар жүргізу де өзімізге қажет. Былтырғы құрылтайда көтерілген осындай мәселелердің нақты шешімін тауып, жүзеге асып жатқаны қуантады.

Биылғы құрылтайда ерекше назар аударған мәселелердің бірі — «Тәуелсіздігіміздің қырық жылдығы» туралы ой. Кеше ғана отыз жылдықты атап өткен сияқты едік, енді еліміздің кемелдену кезеңіне қадам басып келе жатқанын байқаймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Тәуелсіздігіміздің 40 жылдығы жақындап келеді. Осы маңызды белеске қандай жетістікпен жетерімізді, оған дейін қандай тарихи міндеттерді орындауымыз қажет екенін нақты білу маңызды. Біз шындыққа тура қарауымыз керек. Еліміз барлық салада және барлық бағытта бірінші орынға шыға алмайтынын түсінуіміз қажет. Сондықтан біз өзіміздің мықты тұстарымызды анықтап, сол бағытта дамуымыз керек», — деді.

Бұл орайда Мемлекет басшысы төрт негізгі саланы ерекше атап өтті. Ол — цифрландыру және жасанды интеллект, көлік-логистика саласы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Адам қанша жасқа келсе де, дамуды тоқтатпауы керек. Сол сияқты мемлекет те үздіксіз дамуға, өзін жетілдіруге тиіс. Мемлекеттің деңгейі азаматтардың дамуымен тікелей байланысты деген өте маңызды ой айтылды. Осы идеяларды өзімнің ұжымымда, жастар арасында таратуға тырысып жатырмын.

Ұлттық құрылтай тек талқылау алаңы ғана емес, нақты шешімдер қабылданып, олардың жүзеге асуын қамтамасыз ететін маңызды құрылым екенін түсіндім.

Білім мен тәрбие — ажырамас ұғым

Құрылтайда ұсынылған«Адал азамат» бағдарламасының ұлттық тәрбие жүйесіндегі рөлі қандай болмақ?

—Қазіргі білім жүйесінде оқу мен тәрбие екі бөлек бағыт ретінде қарастырылып келеді. Оқу үдерісіне бір топ мамандар жауап берсе, тәрбие жұмыстарына басқа штат бөлінеді. Алайда бұл — қате ұстаным. Өйткені тәрбие оқыту барысында жүзеге асады. Біз пәндерді тек білім беру үшін ғана емес, ұрпақты тәрбиелеу үшін де оқытамыз.

Көбіне тәрбие мәселесі орта білім беру деңгейінде ғана сөз болады. Бірақ бұл бағыт жоғары оқу орындары үшін де өзекті. Біздің университетте тәрбиеге қатысты іс-шаралар үнемі өткізіліп отырады. Тәрбие процесі сабақ үстінде де, одан кейін де үздіксіз жалғасады.

Кейде біз адал азамат бір күнде қалыптасатындай ойлаймыз. Яғни мектепті немесе университетті тәмамдап, жұмысқа орналасқан сәтте дайын маман ретінде өмір сүре бастайды деп қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде тәрбие — балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасатын үдеріс. «Біреудің идеясын ұрлама, еңбегін көшірме, өтірік айтпа, біреудің ойын пайдалансаң, міндетті түрде сілтеме жаса» деген қарапайым қағидалар университетте де үйретілуге тиіс. Алайда бұл жүйелі жұмыс болғанда ғана нәтижесін береді. Біздің түпкі мақсатымыз — өз ісіне адал, қоғамға пайдасы тиетін мамандарды даярлау.

Қазіргі таңда университетімізде 15 мыңға жуық студент білім алады. Біз олардың қарапайым болса да маңызды қағидаларды бойына сіңіріп, адалдықпен оқуды аяқтағанын қалаймыз. Сол себепті адал азаматтарды тәрбиелеу жолында нақты жұмыстар атқарып келеміз.

Абай — ұлттың рухани көшбасшы

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Мемлекет басшысы кешегі құрылтайда Абай институтын құрып, серіктес елдерде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналдыруды тапсырды. Абай институтының қызметін кеңейту үшін мемлекет пен қоғам қандай қолдау көрсетуі керек?Бұл институт қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауда қандай рөл атқара алады?

Алтай ТАЙЖАНОВ:

— Құрылтайда қоғам үшін маңызды мәселелер көтерілді. Оның ішінде өмірдің түйткілдері, қоғамдық әдеп, өткенге шектен тыс өкініш білдіру, орынсыз сын айту сияқты тақырыптар қозғалды. Бұл — бізді руханиятқа жетелейтін жол. Осы ұстанымдардың барлығын біз Абайдың шығармашылығынан таба аламыз.

Әлемдік тәжірибеде көрнекті тұлғаларға арналған орталықтар ашу — қалыптасқан үрдіс. Тәуелсіз мемлекет ретінде біз де өзіміздің рухани құндылықтарымызға ие шығармашылық иелерімізді дәріптеуіміз керек. Алайда Абайды қайта іздеудің қажеті жоқ. Өйткені Абай — қазақ халқының рухани паспорты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттік қызметке кіріскелі бері Абай туралы екі маңызды мақала жариялады. Біріншісі — «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан». Бұл мақалада қазіргі Қазақстанды Абайдың идеяларымен салыстырып, даму деңгейімізді таразылау мәселесі көтерілді. Екіншісі — «Абай — рухани реформатор». Бүгінде бізге бұрынғыдан да күшті рухани реформация қажет. Осы идеяларды жүйелеп, билікке, қоғамға жеткізетін орталықтың болуы — маңызды қадам.

Абай институтын құру туралы мәселе кеше ғана көтерілген жоқ. Президент Абайдың 175 жылдық мерейтойында Семейде абайтанушылармен кездесіп, осы мәселені алғаш рет нақты қозғаған болатын. Сол уақыттан бері бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмағанымен, Астанада осыған лайық заманауи орталықтың ашылғанын жақында естідім.Президент бұл туралы: «Бұл бастама цифрлық платформа ретінде іске асырылды, яғни шетелдегі қандастарымыз бен басқа да ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету құралы болып қызмет етуде. Енді осы жобаны толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру қажет. Бұл құрылым Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты жұмыс істеуі керек. Абай институты негізгі серіктес елдерде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналуға тиіс. Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылмақ», — деп, құзырлы органдарға тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бұл бастаманы қоғам болып қолдауымыз керек. Абай институтының рөлі өте зор болмақ. Кеңес дәуірінде Ресейде Пушкинге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілгені белгілі. Бізде де осындай тәжірибе бар. Мысалы, университетте «Жұбанов оқулары» өткізіліп келеді. Егер осы жұмыстарды жүйелеп, бір орталықтан үйлестіретін болсақ, бұл қазақ мәдениеті мен ғылымы үшін үлкен жетістік болмақ.

Абай — классик. Классиктер әрдайым өз халқының ұрпағымен бірге жасайды.

«Жаман үлгі жұқпалы»…

— Құрылтайда айтылған өзекті мәселенің бірі —  қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Адамдар неліктен жалған психологтар мен коучтарға сеніп қалады? Олардың зиянын азайту үшін қоғамға қандай ақпараттық жұмыстар жүргізу қажет?

— Қазіргі таңда қоғамда өзін «коуч» деп атап, адам өміріне жөн сілтеуді кәсіпке айналдырғандар көбейді. Бұрын саналы азаматтар өмірлік тәрбиені өз тәжірибесінен алып, көбірек кітап оқып, білімге сүйенетін. Ал қазір кейбір адамдар өмір сүрудің жаңа тәсілдерін ойлап тауып, күмәнді жолдармен күн көрісін қамдап жүр. Соның бірі — жалған психологтар мен коучтар. Осындай коучтардың айтатын әңгімесін тыңдап көрсеңіз, олардың мақсаты — адамды жігерлендіру немесе дұрыс бағыт беру емес, керісінше, қоғамға іріткі салу. Кейбір әйелдер топтасып, арнайы коучты шақырып, оған алдын ала келісілген ақы төлейді. Ал коуч өз кезегінде бір-екі сағат бойы «қалай ажырасуға болады?», «күйеудің байлығын қалай бөліп алуға болады?» деген мазмұнда сабақ өткізеді. Бұл — отбасын біріктіруге емес, керісінше, ажырасуға үндейтін, қоғамға зиян келтіретін насихат.

«Жаман үлгі жұқпалы» дегендей, мұндай теріс бағыттағы насихаттың қоғамға тигізер зияны зор. Кейбір коучтар тіпті ұлттық тұлғаларымызды келемеждеп, олардың атын төмендетіп, қоғамда жағымсыз пікір қалыптастыруға тырысады. Бұл — халықтың санасын улайтын қауіпті әрекет. Мұндай заңсыз әрі зиянды іс-әрекеттерге мемлекет тарапынан нақты шара қолдану қажет.

Меніңше, ақпарат құралдары осы мәселені көтеріп, халыққа жалған коучтардың шынайы бетін ашып көрсетуі керек. Сондай-ақ жалған коучтарға қатысты заңнамалық деңгейде шектеу қойып, қажет болған жағдайда мұндай тұлғаларды жауапкершілікке тарту керек.

Қоғамның бірлігін сақтап, жастарды дұрыс тәрбиелеу үшін осындай келеңсіз жағдайлардың таралуына жол бермеуіміз керек.

Теріс ағымдарға тосқауыл

— Жат ағымдардың таралуын тоқтату үшін қандай шаралар қабылдау қажет?

Амантай САДИЕВ: 

— Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дін төңірегіндегі мәселелерді де көтерді. Ол теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттігін баса айтты. Бұл —бүгінде көпшілік көкейіндегі мәселе.
Бұл тұрғыда жұмысты екі негізгі бағытта жүргізуді ұсынамын. Біріншісі — теріс діни ағымдарға қосылушылардың санын тоқтату, яғни жастардың санасына ұлттық және зайырлы құндылықтарды сіңіру, діни сауаттылықты арттыру, әлеуметтік жағдайды жақсарту арқылы олардың радикалды идеологияға еруінің алдын алу. Екіншісі —  зайырлы-демократиялық ұлттық санаға қарсы агрессияны жою. Бұл — қоғам ішінде теріс ағымдар тудырған радикалды көзқарастарды бейтараптандыру, олардың агрессивті әрекеттерін шектеу, діни экстремизмге қарсы ақпараттық жұмыс жүргізу.

Құрылтайда Президент: «Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді», — деп атап өтті. Бұл — ұлттық мәдениетімізді дәріптеу тұрғысынан өте маңызды мәселе.

Әлемнің бірнеше елінде болып, мұсылман мемлекеттеріндегі жағдайды көзбен көргенім бар. Сауд Арабиясында, Катар мен Дубайда болдым. Ол жақта әйелдер қара киім кисе, ер адамдар ақ киінеді. Біздегі кейбір азаматтар мұны шариғат талабы деп түсінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл — олардың дәстүрі.

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ислам дінін ұстана жүріп, өзінің салт-дәстүрлерінен де ажырамаған, оларға зор құрметпен қараған. Бұрынғы аналарымыз, қазақтың қыз-келіншектері қара жамылмай, өзіміздің ұлттық дәстүрімізге сай және шариғат шеңберінен алшақтамай киінген. Біз де бүгінгі ұрпаққа солардың өнегесін үлгі етіп, яғни кимешек, шәлі секілді ашық түсті, ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдерімізді киюді әрдайым насихаттап келеміз. Мешіттердегі шаралар да дін мен дәстүр сабақтастығы аясында ұйымдастырылып, жастарға ұлттық құндылықтардың, төл тарихымызға, ата-баба мұрасына сый-құрметпен қараудың маңызы жөнінде жиі айтылады. Қазақ халқы ислам дінін араб болу үшін емес, мұсылман болу үшін қабылдаған. Ислам діні ортақ болғанымен, әр халық дініміздегі төрт мектепке тән жолдарды ұстанып, бүгінге дейін өзінің тілін, салт-дәстүрін сақтап келді. Ал қазақ халқы ұстанған жолы — Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзхабы.

Қоғамда теріс ағымдармен күресеміз деп, ұлттық дәстүрімізге, ғұрпымызға сіңген Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын адамдарға да қысым көрсетпеуіміз керек. Біз зайырлы мемлекет ретінде діни толеранттылық пен ұлттық құндылықтарды қатар ұстануымыз қажет. Бұл — еліміздің тұрақтылығы мен дамуының кепілі.

Біз үшін бұл — имандылықпен қатар, бірліктің де жолы. Бірлік — қашанда елдіктің басты тірегі, алтын қазығы. Сондықтан халқымыздың ынтымақ-бірлігіне сызат түсірмеуді дін ұстанған әр азамат өзіне мұрат тұтуы керек.

Театр құрылысы маусымда басталады

— Облыста бой көтеретін жаңа театрдың ерекшелігі қандай болмақ? Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Жандос ЕСПАНБЕТОВ:

— Бүгінде елімізде театр өнеріне деген қызығушылық артып келеді. Мұны Президентіміз құрылтайда да айтып, аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керектігіне ерекше басымдық берді.

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының өңірімізге жасаған сапары кезінде арнайы театр ғимаратына келіп, сол жерде зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, театрдың жай-күйімен танысқан болатын. Іргетасы 1944 жылы салынған бұл ғимарат уақыт өте келе түрлі объект ретінде пайдаланылды. Бірінші орыс театры қалыптасты, кейін 1992 жылы қазақ театры құрылып, қазіргі таңда екі ұжым бір ғимаратта еңбек етіп жатырмыз. Орыс труппасы өзінің 60 жылдығы, қазақ труппасы 34-маусымы негізінде жұмыс жасап жатыр.

Сол сапарында Мемлекет басшысы облыс әкіміне аймақта қазақ театрын салу жөнінде тапсырма берген болатын. Содан бастап жұмыстар қолға алынды. Былтыр театр салу, жер бөлу туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Жаңа театр Ақтөбе қаласының Алтын Орда шағын ауданында салынатын болып, жер айқындалды. Президенттің былтыр облысқа жасаған сапарында жаңа театрдың макеті таныстырылды.

Қазіргі таңда жобалаушылар эскиздік жобасын бекітіп, үш қабатты зәулім ғимараттың құрылысы биыл маусымда басталады. Бұл жерде бір мезгілде екі көрермен залы қамтылады. Оның бірі — 400 орындық, екіншісі — 180 көрерменге  шақталған кіші зал.

Біз жылына 75 мыңға жуық көрерменді қамтимыз, 430-ға жуық қойылым қойылады. Жаңа театр ғимараты пайдалануға берілсе, қала халқын екі есе қамтуға мүмкіндік аламыз. Ол жерде қазақ театры ғана болады және ол музыкалық драма бағытында жұмыс жасайды.Бір мезгілде екі залды да пайдалана отырып, қала халқына мюзиклдарымызды ұсынбақпыз. Қазіргі күні театр директоры Сайлау Ғалымжанұлы Қазақ Ұлттық Өнер университетінен 10 шәкіртті бізге дуальды оқыту жүйесі бойынша шақырды. Олар бізде музыкалық-драма бағытында жұмыс жасап жатыр. Сондықтан кадр мәселесінің алғышарты қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Жаңа театр ашылғаннан кейін штат саны көбейіп, артистерден бөлек симфониялық оркестр болады. Ұлт аспаптар ансамблін құру да жоспарда бар.

Ғимаратсәулет өнерінің архитектуралық белгілерімен әсемделіп, бой көтермек.

Мәдени мұра — ұлттық бірегейлігіміздің негізі

— Облыста ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштер бар ма?

Фархат ДОСМҰРАТОВ:

— Президентіміз тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, тізімге алу мәселесін үнемі айтады. Атырауда өткен Құрылтай отырысында шетелдіктердің бізді «Ескерткіштер елі» деп айтатынын тілге тиек еткен еді.  Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту және дәріптеуде жүйелі жұмыстар жасалуы керектігін мәлім етті.Жалпы еліміз бойынша республикалық маңызы бар — 265, жергілікті маңызы бар 11 726 ескерткіш бар. Оның ішінде Ақтөбе облысында республикалық — 9, жергілікті 863 ескерткіш бар. Биыл бірінші қаңтардағы мәлімет бойынша, облыс аумағында 872 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Олардың ішінде республикалық дәрежедегі маңызы бар ескерткіштер саны — 863. Сонымен қатар алдынала есепке алу тізімінде 1433 ескерткіш тұр.

Ежелгі мекен — Ақтөбе өңірі — тарих және мәдениет ескерткіштеріне бай өлке.Соңғы жылдары облыс аумағындағы бірнеше мавзолей, мешіт, қорымдар жөнделіп, жаңғыртылды. Сағанатамдарға реставрация, консервация жұмыстары жүргізілді.

Аймақта тарихшылар мен этнографтар қолға алған бастамаларға аймақ басшысы Асхат Шахаров үлкен қолдау көрсетіп отыр. Соңғы жылдары кешенді түрде жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеулер билік тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жүзеге асты.

Ұлттық бірегейлікті сақтаған, тарихи-мәдени мұраларын дәріптеген елдің болмысы бөлек, болашағы зор болмақ. Сондықтан да халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасқан мұраларын сақтау — ұрпақ аманаты.

Ұлттық киімді ұлықтау — әр адамның міндеті

— Ұлттық киімге деген қызығушылықтың артуы сән индустриясына қалай әсер етеді?

Инабат ЕСКЕНДІР:

— Ұлттық киімді ұлықтау — әр азаматтың міндеті. «Ең әдемі киім — ұлтыңның киімі» демекші, елімізде былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан Наурызнама тұжырымдамасына байланысты «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Соңғы уақытта ұлттық киімдерімізге деген қызығушылық арта түсті. Бұл туралы кешегі құрылтай отырысында да Мемлекет басшысы осы тақырыпты қозғады. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды.

Дәстүрлі ұлттық киімімізде халқымыздың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тіпті ғасырлар бойғы тарихы көрініс тапқан. Бүгінде жастар көбіне шетелдік трендтерге еліктеп киінеді. Бұл жаман емес, керісінше, заманмен, сәнмен бірге қадам басу маңызды. Бірақ біздің ұлттық киіміміз де өзінің алуан түрлілігімен, жарқын бояуларымен және терең мағынасымен ерекше. Бұрын белгілі бір киім үлгілерін адамдар белгілі бір отбасылық немесе әлеуметтік мәртебеге ие болғаннан кейін ғана кие алатын. Ұлттық мәдени мұраны есте сақтап, оны әртүрлі қырынан таныту өте маңызды. Сондықтан біз өзіміз тігетін киімдерімізде ұлттық мәдениет, дәстүр мен тарих элементтерін қолданамыз.

Жақында біз шапандар топтамасын ұсындық. Оның ішінде түйе жүнінен жасалған, сырт киім, ересектер мен балаларға арналған ұлттық киім үлгілері бар. Ал біздің брендтің атауында үлкен мағына жатыр. Сырмақ — кілемнің қызметін атқаратын интерьер элементі. Ертеректе ата-бабаларымыз оны киізден жасап, ою-өрнекпен безендірген. Көптеген үйлерде ерекше техникамен жасалған қолөнер кілемдері қабырға мен еденді сәндеу үшін қолданылады. Осындай әдіспен тігілген бұйымдардың барлығы сырмақ деп аталады. Алайда мен бұл техниканы дәстүрлі сырт киім тігуде қолданамын. Біздің топтамамызға баскиімдер де кіреді.

Ең қуантарлығы, қазіргі жастар ұлттық киімге қатты қызығады. Париж, Лондон, Нью-Йорк көшелерінде шетелде оқып жүрген қазақ студенттері біздің ұлттық киімдерімізді киіп, оны өзгелерге таныстырып жүр.

 Экологиялық мәдениет: саналы қоғам қалыптастырудың негізі

 

— Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру үшін жергілікті қауымдастықтар мен кәсіпкерлер қандай үлес қоса алады?

Ерәділ ҮББИНИЯЗОВ:

— Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы тазалық пен тәртіпті сақтаудың маңыздылығына тоқталып, елімізде өткен жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясының халықтың кең қолдауына ие болған ұлттық бастамаға айналғанын ерекше атап өтті.

Бұл — экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау жолындағы маңызды қадам. «Таза Қазақстан» акциясы тек сенбіліктермен шектелмеуі керек, ол әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы қажет.

Айта кетерлік жайт, еуропалықтар ТМД елдерінде қыс аяқталған соң, сенбілік ұйымдастырып, айналаны тазартатынымызға таңырқай қарайды екен. Ал олардың өзінде мұндай шара қажет те емес, өйткені оларда қоқыс лақтыру әдеті жоқ. Біз, керісінше, қыстай өзіміз шашқан қоқысты көктемде қайта жинаймыз.

Осы орайда партиямыздың төрағасы Азаматхан Әміртаевтың: «Қазақстанның барлық өңірінде Бурабайдағыдай таза ауа болуға тиіс» деген сөзі ойға оралады. Сондықтан да осындай мүмкіндіктер жасауымыз керек. Себебі еліміз үшін ең басты құндылық — азаматтардың денсаулығы. Партиямыздың негізгі мақсаты да — Президент тапсырмасын жүзеге асыру.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button