Әлеумет

Халық қалауы: Ертеңіміз еңселі болсын!

Бақтыбай ҚИСЫҚОВ, №10 облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

—  Өз басым бұндай маңызды шаралардан тыс қалған емеспін. Бұған дейінгі өткен сайлауға да белсене қатыстым.  Себебі әрбір дауыс  елдің ертеңі, ұлттың болашағы үшін маңызды. Сондықтан бұл жолғы сайлау кезінде де алғашқылардың бірі болып, Елбасымыздың саясатын қолдап дауыс бердім. Шын мәнінде, осы уақытқа дейінгі қол жеткізген табыстарымыздың барлығы Елбасы саясатының арқасы деп түсінемін. Еліміз тәуелсіздік алған жиырма жылда толағай табысымен әлем назарына ілікті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам елдері ұйымына басшылық етті, қысқы Азиада ойындарын өткізіп, мәртебеміз  асқақтай түсті. Яғни Елбасымыздың дұрыс саясатының арқасында қолға алған істің нәтижелі болуы халықтың көңіліне болашаққа деген сенімді ұялатты. Сондықтан мен өз дауысымды «Нұр Отан» партиясына бердім. Енді біз таңдаған депутаттар нәтижелі жұмыс жүргізеді деп ойлаймын. Олар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстармен бірге спорт саласына да  назар аударса екен деймін. Соңғы жылдары бұл сала  ерекше қарқынмен дамыса да, әлі де болса атқарылатын шаруалар көп. Мәселен, облысымызда спорт интернаты жоқ. Егер осындай ғимараттар бой көтеріп, оның филиалдары аудандарда ашылса, өңірімізден мықты-мықты спортшылар шығар еді. Қазіргі күні қазақ күресінен отызға жуық баланы жаттықтырып жүрмін. Олардың ішінде ауылдан келген жастардың алғырлығы байқалады. Сондықтан болашақта спорт интернаттарын дамыту керек.

Өтеген ИШАНБАЕВ,  Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылының тұрғыны:

— 2002 жылы Қарақалпақстан Республикасынан көшіп келдік. Балаларым мен келіндерім және немерелерім, барлығы 12 адам Отанға оралдық. Мұғалжар ауданының Ақкемер елді мекеніне қоныстандық. Елге келгеннен кейін балаларым мен келіндерім жұмысқа орналасып, немеремнің бірқатары бүгінде жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Зейнеткер болсам да жастарға еліміздің егемендік алғаннан бергі жетістіктерін  үнемі айтып отырамын.

Ілгеріге қарағанда еліміздің экономикасы бір ізге түсті. Күнделікті теледидар мен басылым беттерінен оқып жүрміз. Біздің облыстың өзінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Тіпті өзім тұратын Ақкемер ауылының өзінде соңғы жылдары көшелер жарықтандырылып, көркейтілді. Жаңа балабақша мен дәрігерлік амбулатория салынып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы ауыз су құбырының құрылысы аяқталып, іске  қосылды. Ал биыл газ құбырының құрылысы басталатынын естіп қуанып қалдық. Осының барлығы — Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Сондықтан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына белсене қатысып, елдің болашағына ат салысып, өз дауысымды «Нұр Отан» партиясына бердім.

Әдемі ҚҰЛАМАНБАЕВА, Хромтау аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон полициясының инспекторы:

— Ел азаматы ретінде сайлау науқаны басталған уақыттан бастап жағдайды жіті қадағалап отырдым. Яғни, теледидар мен баспасөзден сайлау және оған үміткер партиялар туралы ақпараттарды үзбей қарадым. Сайлау күні таңертең елдің алды болып дауыс бердім. Ал өзім дауыс берген партияның  жеңіске айқын басымдықпен жеткенін көріп қуандым. Себебі осы уақытқа дейінгі қол жеткізген табыстарымыздың барлығы «Нұр Отан» партиясымен байланысты.

Қазіргі күні қай салада болмасын ілгерілеушілікті байқайсың. Әсіресе, елімізде әрбір қазақ­стандық жастың өзін-өзі дамы­туға, білім алуға, түрлі идеяларын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Ал жаңа депутаттар осы игі істі әрі қарай жалғастыруы керек. Оларға  халық таңдау жасау арқылы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы үмітімізді ақтап, мем­лекетке адал қызмет еткенін күтеміз. Өйткені біз мемле­кеті­міздің одан әрі  гүлденіп, көркейе беруін көксеп отырған ұлтпыз.

Серік ЕҢСЕПОВ, Мұғалжар аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы:

— Ауылдың ақсақалы болғандықтан кейінгі жастарды жақсы істің бастаушысы болуға үндеп жүремін. Бұл жолғы науқан кезінде де балаларымды және жастарды сайлауға қатысуға үгіттедім. Отбасыммен бірге дауыс беруге бардым. Сайлаудың ұйымдастырылуына дән риза болдым. Сайлаушы  үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, үлкендерге ерекше құрмет көрсетілді. Қарттарды қолтығынан демеп кіргізіп, шығарып салып тұрды. Дауыс беруге келген жастар да көп екен. Бұның өзі халықтың саяси сауатының жоғарылағанын, ел азаматтарының болашаққа бейжай қарай алмайтынын көрсетеді.

Рысгүл КАБУЛОВА, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері, денсаулық сақтау саласының үздігі:

— Сайлау күні ертесімен №63 сайлау учаскесіне барып дауыс бердім. Бұл учаскеде сайлау үлкен белсенділікпен өтіп жатты. Келушілер өте көп болды. Әсіресе, жастар ұйымшылдық танытты. Барлығының да көңіл-күйлері жоғары болды.  Халықтың ауызбіршілікпен сайлауға қатысуы көңілге қуаныш ұялатты.

Алдағы уақытта сайланған халық қалаулыларынан үлкен үміт күтеміз. Медицина саласының өкілі болғаннан кейін, әлі де осы саланың жандана түскенін қалаймыз. Осы бағытта қолға алынған тың жобалардың барлығы жалғасын тапса екен дейміз.

Жалпы соңғы жылдары елімізде  халық денсаулығын жақсарту мақсатындағы жұмыстарға айрықша назар аударылып, ілгеріге қарағанда  осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайды. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облысымызда заманауи үлгідегі емханалар бой көтерді. Аймақтағы ауруханалардың барлығы соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал бұрын бұндай жабдықтар жоқтың қасы еді. Мемлекет басшысы өткен жылғы  Жолдауында да  осы салаға ерекше басымдық берді.  Ж‰ргізілген ж±мыс нєтижесіне көз жүгіртсек, елімізде былтыр бала туу көрсеткіші 25 пайызѓа кµбейіп, адам µлімі 11 пайызѓа тµмендеген. Ал ха­лыќтыњ табиѓи µсімі 1,7 есеге артыпты. Сонымен қатар Елбасы медициналыќ-сани­тарлыќ жєрдемніњ сапасын арт­ты­ру, көліктік медицинаны жандандыру жұмыстарына айрықша назар аудару керек екенін айтып жүр. Халық қалаулылары алдағы уақытта осы тапсырманың орындалуына ықпал етуі тиіс.

Жиенғали КІШКЕНТАЙ, Ырғыз гимназия-интернатының директоры:

— Ырғыз ауданының жұртшылығы сайлауға  белсенді қатысты. Таңғы жетіден кешкі сегізге дейін жастардан бастап, қарттарға дейін өз таңдауларын жасады. Әсіресе, жастардың белсенділігі жоғары болды. Себебі,  қазір жастар саяси сауатты. Әрбір дауыстың маңызды екенін түсінеді. Олардың бойындағы патриоттық сезімге қарап риза болдым. Бұл ел ішіне дұрыс жүргізілген Елбасының саясатының жетістігі деп білемін. Елбасына деген сенім біздің дұрыс таңдау жасауымызға бағыт-бағдар көрсетті. Мен де өз отбасыммен сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасадым.

Қажымұқан ИГІСІНОВ,  Қандыағаш қаласындағы  «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасының бастығы:

— Қазақстанның күннен-күнге кеңге құлаш ұрып, экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамып келе жатқанына куә болып отырмыз. Қазақ ұлтының өкілдері бүгінде өз жеріне ие, өз еліне тұтқа болып отыр. Мен Кеңес кезеңінің де куәгерімін. Ол уақытта да талай мәрте сайлауда дауыс беру мүмкіндігіне ие болдық. Алайда ол уақытта жағдай басқаша болатын. Ал бұл жолғы сайлаудың маңызы ерекше. Себебі, отбасыммен түгел келіп, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін өз таңдауымызды жасадық.

Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында қазақ елі аяғынан тұрып, әлеуетінің артық екенін дәлелдеді. Бүкіл әлем біздің елдегі сайлауға көз тігіп, біз туралы ақпарат таратып жатыр. Бұл — мемлекетіміздің демократиялы, зайырлы елдермен қатар екенін, яғни халықаралық саясат аренасында олар Қазақстанмен санаса бастағандығын білдіреді.

 

Мәрзия САҒИЕВА, Қобда ауданы, зейнеткер:

— Мен халқымыздың  батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы ауылда тұратын ардагер анамын. Қазақтың қайсар қызы Әлияның рухы қолдап, ауылымыз  өркендеп, көркейіп, тәуелсіздік әкелген барлық жақсылықтарға куә болып отырмыз. Өзім ұзақ жылдар бойы  мәдениет саласында қызмет етіп, ауылдық кітапхананың меңгерушісі болдым. Мәдениет саласының  ұлттық тұрғыда  дамып, халқымыздың салт-дәстүрлерінің  жандануы, төл мәдениетіміздің қайта оралуы  мені ерекше қуантады.  Мәдениет  пен өнердің дамуына айрықша  мән берілуі — жастарымыздың  ұлттың ұлыларын дәріптеуге, бойына сіңіріп өсуіне септігін тигізері сөзсіз.

Ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған мен кешегі сайлауда жастарымыздың  келешегі, балаларымның болашағы үшін еліміздің көшбасшы партиясы «Нұр Отан» партиясына дауыс бердім және де оның  суырылып шығып жеңетініне кәміл сендім. Оған себеп, еліміздің болашағын ойлайтын, экономиканы дамытатын, бейбіт өмірдің қаймағын бұзбайтын   нағыз белді партия екеніне дау жоқ.

Барша  қазақстандықтарды бүгінгі  ортақ жеңісімен  құттықтаймын, әрдайым еліміздің еңсесі биік, мәртебесі жоғары бола берсін деп аналық ақ тілегімді білдіремін!

Бетті әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button