Әлеумет

Сұрақ-жауап

Диарея — жұқпалы ауру

Сұрақ:

Айгерім, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Төрт айлық сәбиімнің іші жиі өтеді. Соңғы кезде көп құсатынды шығарды. Учаскелік педиатр диарея деген диагноз қойды. Қазір емдеу шараларын қолға алып жатырмыз. Білгім келгені, диарея не себепті болатын ауру?

Сәттігүл Әбілова, Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың педиатр дәрігері:

— Диарея — ішек-қарын жүйесінің жұқпалы аурулары. Іші өтіп, құсқан сәби қарны ашқанын сезбейді. Тамақ сұрамайды. Ондай жағдайда баланы аз-аздан зорлап тамақтандырған жөн. Өйткені, тамақ ішпеген бала одан сайын әлсіреп, аурумен күресу қабілеті төмендейді. Тағамның дәмді, жұғымды болғаны дұрыс. Мұндай кезде емшектегі баланы да жиі тамақтандырады. Емшек сүті бойдағы жұқпалы ауруларды жоюға көп көмегін тигізеді. Іші өтіп, құсқан балалар, денесінің ылғалын, яғни суы мен электролиттерін жоғалтады. Сондықтан, сол жоғалтқан су мен тұзды қайта қалыпқа келтіру үшін регидратация жүргізіледі. Міндетті түрде регидрон беру керек. Екі жасқа дейінгі балалар іші өткен сайын 50-100 мл сұйық ішуге тиіс екенін ұмытпаңыз.

 

СЭС-тің де сайты бар

Сұрақ:

А.Құлтаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Қазір мемлекеттік органдардың жұмысын барынша ашық, халыққа бір табан жақын қылу мақсатында электронды үкімет жасақталып, министрліктер мен  департаменттердің сайттары  жұмыс істеуде. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау  департаменті осы бағытта қандай шаралар атқарып жатыр? Тұрғындардың ғаламтор арқылы СЭС басшылығына сұрақ қойып, кеңес алуына мүмкіндігі бар ма?

Жауап:

Құралай Қаракен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің директоры:

— Қазіргі таңда мемлекеттік басқаруға енгізілген ақпараттық-коммуникативтік  технологиялар  мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін, тұрғындардың түрлі ақпараттарға қолжетімділігін арттыру арқылы азаматтық қоғам құруға мүмкіндіктерін арттыра түсті. Санэпидқызмет органдары жұмысының барынша жариялы болуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің www.sanepid-aktobe.kz веб-сайты жұмыс істейді. Тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын  департамент сайтының сұрақ-жауап айдарына  қоя алады.

Сонымен қатар департамент сайты арқылы облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарынан ақыл-кеңес алып, тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы  қолданыста жүрген нормативтік-құқықтық актілерімен танысуына болады.

 

Байғанинде наубайхана ашылады

Сұрақ:

Зейнеш, Байғанин ауданының тұрғыны:

— Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді селосында арнайы нан пісіріп, сататын наубайхана жоқ. Шағын наубайхананың өзінде сатылатын ұн тағамдары қаладан тасымалданады. Жергілікті жердің өнімін қашан тұтынар екенбіз?

Жауап:

Гүлмира Жетпісбаева, «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несиелік ұйымының несиелеу жөніндегі инспекторы:

—Бүгінгі күні Байғанин ауданының орталығында шағын наубайхана бар. Күн сайын бұл наубайханада шамамен 70 нан  сатылады. Наубайханада нан пісіретін цех жоқ. Сондықтан наубайхана иесі нанды облыс орталығы мен Алға қаласынан тасымалдайды. Кейде жергілікті тұрғындардың пісірген наны саудаға шығарылады. Мұндай наубайхана Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде де бар. Бірақ бұл наубайхана да жергілікті тұрғындарды нанмен толық қамтамасыз ете алмайды. Ауылдық жердің инфрақұрылымын дамыту және «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келер жылы Байғанин ауданы орталығында наубайхана ашу көзделуде. Қазір бұл іске байланысты тапсырыс түсіп, бизнес-жоба қаралып жатыр. Егер бұл мақсат өз нәтижесін берсе, жергілікті жерден 10-12 адам жұмыспен қамтылмақ.

 

Қаруымды тапсырып, қаражат алғым келеді

Сұрақ:

Айболат Ізбасаров, Ырғыз ауданының тұрғыны:

—Тиісті органға өз еркімен қару тапсырғандардың есепшотына қаржы аударылатыны рас па?

Жауап:

Нұрлан Думов, облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы лицензиялау және рұқсат беру тобының аға инспекторы:

— Осыдан екі-үш жыл бұрын құқық қорғау органдарына өз еркімен қару-жарақ тапсырған адамдарға қаражат төленді. Қазір бұл мақсатқа мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейді. Қазір өз еркімен қару тапсырғандар тек қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

 

Құтырмаға қарсы шаралар жасалды

Сұрақ:

Зәкария Ереубаев, Ақтөбе қаласы Тәжірибе стансасының тұрғыны:

—Ұзақ жыл мал дәрігері болып еңбек еттім. Бұрын құтырма ауруына қарсы егулер болатын еді. Менің білгім келгені, қазір осы аурудың алдын алу бағытында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

Жауап:

Дамир Көпжасаров, облыстық санитарлық-қадағалау департаментінің бөлім бастығы:

— Құтырма — жануарлардан жұғатын вирустық ауру. Бұл ауруды жұқтырған адам инкубациялық (білінбейтін) кезеңнен өткеннен соң ауырады. Яғни,  жүйке жүйелері зақымданып, аурудың соңы өліммен аяқталады.

Бүгінгі күні облыста жануарлардың арасында эпизоотиялық жағдайы күрделі, құтыру ауруы бойынша Мұғалжар және Ырғыз аудандары қолайсыз елді мекендер тізіміне енді. Құтырма ауруының алдын алуға қарсы қолданылатын егулер облыстың барлық аймақтарында жүргізілді. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау шаралары да дер кезінде жүзеге асырылып жатыр.

 

Айыппұлдан аулақ жүргің келсе…

Сұрақ:

Қайрат Аманжолов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Көлігімді сатқаныма екі жыл болды. Жақында мені сот орындаушылары мазалап, жол ережесін бұзғандығымды әрі сол үшін айыппұл салынатындығын айтты. Ешнәрсенің мәнісін түсінбеген мен сұрастыра келе сатылған көлігімнің қазіргі жүргізушісінің жол ережесін бұзғаны үшін істің сот актілерін орындау департаментіне жолданғанын білдім. Енді мен бұл тығырықтан қалай шығамын?

Жауап:

Қанатқали Оразов, облыстық сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы:

— Ақтөбе облыстық сот актілерін орындау департаментіне жол жүру ережелерін бұзғандардың айыппұл төлемегені жөнінде істер көптеп келеді. Полицейлер жол ережелерін бұзғандарға айыппұл салғандығы жөнінде акт толтырып бергенмен, жүргізушілер ондағы көрсетілген мерзімге дейін соманы уақытында төлемейді. Мұндай жағдайда іс сот актілерін орындау департаментіне жолданады.  Іс сот орындаушыларының құзырына өткесін олар көліктің нөмірі мен техникалық құжатында көрсетілген иесіне барып, көлік иесінен тиесілі мөлшердегі соманы төлеу керектігін ескертеді. Мұндай жағдайда олар көлікті сенімхатпен сатқандарын айтып, айыппұл төлеуден бас тартады. Бір айта кетерлік жайт, полейцейлер көлікті жол ережелерін қадағалайтын камераға түскендегі номері бойынша іздестіріп, иесіне айыппұл салады. Бұл жағдайда көлікті кімнің жүргізгені емес, оның тіркеудегі иесінің аты-жөні басты назарға алынады. Сондықтан көлікті сатарда сенімхатпен емес, сату-сатып алу келісім-шартына отырып, алушының көлікті өз атына аударуын қадағалау қажет. Олай етпеген жағдайда айыппұлды көліктің бұрынғы иесі төлейді. Егер айыппұл төленбесе, көлік иесінің мүлкі тәркіленеді.

 

Оқырман хаттарына жауап іздеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button