Мәдениет

Көп жақсының көзіндей

Әне бір жылдардағы Жеңіс күні мерекесінде редакцияның қонақжай шаңырағына ардагер аға буын өкілдері біраз жиналатын. Сонда майдангерлердің ішіндегі ең жасы Мұрат Нұртаев еді де, жасы үлкен ағаларының қасында ол кісіге сөз ең соңынан тиетін.

Уақыттың жүйріктігіне шек бар ма, енді сол майдангер-журналистердің сарқытындай, көп жақсының көзіндей Мұрат ағамызды ғана биылғы Жеңіс күні мерекесімен құттықтағалы отырмыз.

Мұрат аға әскер қатарына шақырылған тұста кеңестік жауынгерлер жаппай шабуылға шығып, елдің еңсесі бір көтеріліп қалған тұс болатын. Бірақ бұл он сегізге енді толып, үстіне шинель киген жас жігітке ешқандай жеңілдік әкелген жоқ. Бәрібір етігімен су кешті. Қолына қару ұстап, мылтықтың қайыс бауына иығын талдырды.

Өзі де әңгіменің шебері, сондай-ақ өзгенің де айтқанын көкірегіне құйып алатын Мұқаң өзінен ілгері буынның барлық майдандық шерулерін жақсы біледі. Оларды қызықты етіп айтып та отырады. Ал, бір қызығы, бұл кісі өзі туралы баяндауға мүлдем сараң.

Мұқаң өмірінің өрісті кезеңдері, тағылымды жолдары туралы өзі ұзақ жыл жемісті еңбек еткен облыстық газет әр кезеңдерде жазып келеді.

Бүгінде сексеннің бел ортасына дендеп кірген Мұрат ағамыз Торғай апайымызбен бірге қадірлі қарттықтың ауылында.

Бүгінгі Жеңісте сіздің де лайықты үлесіңіз бар, Мұрат аға!

Мерекеңіз құтты болсын! Жүрегіңіздің жалыны, көңіліңіздің шуағы бәсеңдемесін!

Құрметпен, өзіңіздің

«Ақтөбе» газетінің ұжымы.

***

Әкелі-балалы Сәрсенбаевтар

Мына суреттегі әкелі-балалы Хасен және Әмірбек Сәрсенбаевтар – Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғындары. Сексен алты жастың белесіне көтерілген Хасен ақсақал Ұлы Отан соғысының ардагері болса, кенже ұлы Әмірбек – кешегі Ауған соғысына қатысқан жауынгер. Асылхан, Әділхан, Сейілхан, Жайылхан деген ұлдары да әскери қызметте болып, өздерінің азаматтық борыштарын абыроймен атқарып келді.

Бейбіт өмірге оралған соғыс ардагері Хасен Сәрсенбаев ұзақ жылдар бойы теміржолда қарапайым жұмысшы болды, Ауған соғысының ардагері Әмірбек те теміржолда еңбек етеді.

Хасен ақсақал марқұм болған бәйбішесі Бәлипамен екеуі 7 ұл мен қыз өсірді. Бүгінде олардан 27 немере, 16 шөбере сүйіп отыр.

Сексеннің ортасынан өтсе де қарт жауынгердің жүріс-тұрысы әлі ширақ. Өткен жылға дейін көкөніс және картоп өсірумен келді. Биыл да соның қамында жүр.

– Әкем мен шешем нағыз еңбекқор, бір сәт қарап отырмайтын адамдар еді. Олар мені де еңбекке ерте баулыды. Үлкен отбасы болдық. Балалардың естияры болғасын ба, жұмыстың ауыры менің үлесімде болатын. Еңбекке көнбістігімнің майданда пайдасы тиді. Басқалардың сілесі қатып жүргенде, мен шаршау дегенді білмейтінмін. Мен сонау Қиыр Шығыстағы жапон соғысының басынан аяғына дейін қатыстым. Соғыс қысқа уақытта аяқталғанмен, өте қатал болды ғой. Самурайлардың соғысу әдісі фашистерге қарағанда, тіптен басқаша еді, – дейді ақсақал.

Әмірбек Кеңес әскері қатарына шақырылысымен қысқа дайындықтан өткен соң, Ауған соғысына жіберілді. Оның әскери бөлімі бірден ең қайнаған учаскеге тап болды. Ол – майданға қару-жарақ жеткізілетін автомагистральға жасалатын дұшпандардың шабуылына тойтарыс беру міндеті еді. Небір жан берісіп, жан алысқан шайқаста Әмірбек талай ерліктер көрсетті. Өзінің де ажал аузына барып қайтқан кездері де аз болмады.

– Ауған жері таулы-тасты ғой, осы ерекшелікті дұшпандар шебер пайдаланатын. Жаудың қайдан келіп, киліге кететінін аңғару алғашқыда біздерге қиын болды. Батырға да жан керек, бара-бара біз де таулы аймақта соғысудың әдісін үйреніп алдық. Бірде қару-жарақты тасымалдауға жол ашу үшін дұшпандардың шебін қайткенде де қозғалтпай ұстап тұру менің бөлімшеме тапсырылды. Діттеген жерге жетіп, әбден орналасып алған соң, жаудың аңдысын аңдыдық. Көз ұшында дұшпан жақтағы бір теректі көзім шалып, тесіле қараумен болдым. Теректің басы болар-болмас дір еткендей болды. Қол пулеметіммен оқты төгіп-төгіп жібердім. Сол-ақ екен, дұшпандар жан-жақтан оқты боратты-ай келіп. Бақсақ, жау жағы біздің қимылымызды баяғыдан бақылауға алған болып шықты…

Әмірбекті тыңдасаң, бітпейтін ерлік жыры дерсің. Сонда Әмірбектің бөлімшесі бір жарым тәулік жау жолын бөгеп, бас көтертпей алдыңғы шепті ұстап тұрғанда, кеңестің әскери бөлімдеріне керек қару белгіленген жерге аман жеткізілген. Бұл жолы Әмірбек  және қасындағы жауынгерлер әскери наградаға ұсынылды.

Биылғы Жеңіс күнін әкелі-балалы Сәрсенбаевтар өздерінің отбасы ортасында қуанышты көңілмен қарсы алуда.

Ж.КАРИН.

***

«Ерлік – ел мұрасы»

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану мұражайында осындай тақырыпта ғылыми сабақ өтті. Сабақты №1 Шалқар орта мектебінің ұстазы Базар Боранбаева мен мұражайдың экскурсия жүргізушісі Гүлсара Сейілова ұйымдастырды. Сабақтың мақсаты – Ұлы Отан соғысы батырларының өмірін, ерлік істерін таныстыру, жеткіншек ұрпақты Отанды сүюге, қорғауға тәрбиелеу.

Оқушылар Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев, Әбдіғали Төлегенов, Шамсутдин Рафиков және басқа Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміздің өмірлері мен ерлік жолдары туралы әңгімеледі. Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров туралы өлеңдер оқылып, батыр Бауыржанның нақыл сөздері айтылды.

Сабақ соңында «Соғыстан қайтқан солдаттар» әні орындалып, көріністер көрсетілді. Қайсар Мәжитов Қазанғаптың «Учитель» күйін орындады.

Әлима БАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ,

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану

мұражайының қызметкері.

****

Бір соғысқа екі рет барған жауынгер

Ащы өмір. Алғашқы майдан

Жем бойындағы Қаратас деген жерде дүниеге келген Ғанибай аға бір жасында әкесі, төрт-бес жасында шешесі қайтыс болып, тағдырдың ащы дәмін ерте тартты.

Өмірге келер-келместен тұлдыр жетім қалған бала Ақтөбенің балалар үйіне тапсырылады. Кейін Қостанайдағы балалар үйінде жеті жыл тәрбиеленеді.

1937 жылдың 1 мамыры Ғанибай ағаның қатты есінде қалды. Себебі бұл күні әкесі Аманғостың ағасы Көкіл интернаттан шығарып алады. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін заман ғой. Негізінде бірге туған, немере ағалары, апалары болды. Бірақ тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашылып, жан-жаққа кеткен. Бірі Қостанай, енді бірі Алматы асқан. Бір-бірінен көз жазып қалған. Ғанибай ағаның туған ағасы Әбділмәжитті Ғазиз деген немере ағасы Алматыға алып кетіп, сондағы есеп-кредит техникумында оқытқан.

Балалар үйінен шығып, елге келген жас жігіт ағаларын іздей бастайды. Алматыға барғысы келеді. Алладан ағаларыммен кездессем деп тілейді.

…Бірде ерлі-зайыпты екі жасты кездестіреді. Олар Алматыға барулары керек. Бірақ қаражаттары жоқ. Ал жолға талаптанған Ғанибайда сатқан киім-кешегінен түскен аз-мұз ақша бар. Содан үшеуі билет алып, Алматыға жүріп кетеді.

Алайда Ғазиз ағасы қайтыс болған. Түркістанда Қайрия деген апасының барын естіп, соған жол тартады. Түркістанның педагогикалық училищесінде оқитын апасы інісін де сол оқу орнының дайындық бөліміне алдыртады. Сөйтіп, сол әзірлігімен бір жылдан соң Алматының педагогикалық училищесіне оқуға түседі.

Еңбек етіп, ел қатарына енді енемін-ау деп жүргенде қанқұйлы соғыс басталып кетті. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматыда кіші командирлер даярлайтын 6 айлық курста оқиды. Қыркүйекте аға сержант атағымен майданға аттанады.

– Қазан айында Сталинград майданында соғысқа кіріп кеттік, – дейді Ғанибай ақсақал. – Сталинградтың батыс-шығысында немістердің бекінісі болды. Төбенің басына жаудың бақылау пункті орналасқан. Біздің әрбір қимылымызды аңдып отырады. Алма-кезек шабуыл нәтиже бермей жатты. Тек желтоқсанда ғана немістердің бақылау пункті талқандалды. Бекіністі алу жолында талай боздақ қыршынынан қиылды. Бір ротадан санаулы жауынгер қалған кездер де болды. Жаңа күшпен толықтырудың өзі оқ пен оттың арасында өтті.

Әлгі төбені кейін жергілікті халық «Лысая гора» деп атап кетіпті. Себебі талай адамның қаны төгілген бұл төбеге әлі күнге дейін қылтанақ шөп шықпайды екен. Оны 1982 жылы төбенің алынғанына 40 жыл толу мерекесіне барған Ғанибай аға да көріпті.

1943 жылы Сталинград толық азат етілді. Осы ұрыстар кезінде тұтқиылдан шабуыл жасау батальонының жауынгері ауыр жарақат алды. Құдай сақтаған. Оң жақ кеудеден кіріп, сол жақ қолтықтан шыққан оқ сол қолды қарынан талқандап жіберген. Содан Қазан қаласында госпитальда жатады.

– Қолымды екі рет гипстеп тастады, – дейді Ғанибай аға, – бірақ жазыла қоймады. Енді дәрігерлер ақылдаса келе сол қолды кесу керек деген ұсыныстар жасады. Алайда Ахмерова деген бас дәрігер бұған көнбеді. Жас сүйек тез бірігіп, жазылып кетеді деп тұрып алды. Басқалар оның айтқанына амалсыз көніп, тағы гипс салды. Міне, қақыраған қолдың сүйектері кірігіп, бітіп кетті. Сол кездері қырықтың үстіндегі Ахмерованың табанды шешімін мәңгі ұмытпаймын, – дейді ақсақал бірі бірінен қысқа қолдарын көрсетіп. Әлі де тың, ширақ аға қарымды қолдарын сермеп, ауаны осып-осып жіберді.

Кек қайтару

Хош. Не керек, госпитальдан соң майдангерді мүгедек ретінде босатып, елге жібереді. Келсе, туған ағасы Әбділмәжит Белорусь майданында мерт болғанын естиді. Жалғыз бауырынан айрылған жас жігіт қаһарланып, кек қайтаруды ойлаумен болады. Сөйтіп, әскери комиссариатқа келіп, майданға қайта сұранады. Алған бетінен қайтпайтын жас жігіттің ішкі сезімін түсінген әскери комиссариаттағылар оның өтінішін орындап, Белорусь майданына жібереді. Бұл 1944 жыл еді. Жарақатты қолымен ұрысқа кірген Ғанибай аға Белорусь даласындағы жеңісті жолмен 1945 жылы Польша жеріне жетеді. Варшаваны азат етуге қатысады. 2 ақпанда таңғы төрттің кезінде Германия шекарасына келеді. Біздің әскер Одер өзенінің бойында бекінеді. Берлиннен 60 шақырымдай ғана жер. 40 күннің ішінде тағы да әскермен толығады. Екі жақ бірін-бірі аңдысып, біраз тыныштық орнап қалады. Бас көтерсең, оқ борайды. Қашанғы аңдысуға болады. Мұндайға төзбеген Ғанибай аға қолына гранат алып, өре түрегеледі. Жүгіріп немістердің траншеясына 15-20 метрдей ғана қалады. Сол кезде немістер бұған қарсы гранат лақтырып жібереді. Қатты жарылыстың жарқыншағы сол аяқтың шыбығын сындырып жібереді. Артына қараса, біздің әскерлер уралап жүгіріп келеді екен. Арғы жағы есінде жоқ, ес-түссіз құлайды.

1945 жылдың 15 сәуірінде осындай ерлікке барған Ғанибай Аманғосов Одер өзені бойындағы тұтқиыл шабуылды көтергені үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталады. Бүкіл кеңес халқына және жалпы бейбітшілік сүйетін адамзатқа қастерлі мереке – алғашқы Ұлы Жеңіс күнін Мәскеуде госпитальда қарсы алуға тура келді.

Жарақатынан айығып, елге де жетті. Бейбіт өмірдің ізгілікті мамандығы мұғалімдігімен айналысты. Сол кездегі Гурьев облысының Маңғыстау ауданында В.Сталин атындағы мектептің директоры болып жұмыс істейді. 1963 жылдан 1994 жылға дейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау педагогикалық институтының тарих факультетінде ұстаздық етеді.1994 жылы туған жері Ақтөбеге көшіп келеді. Қаланың қақ ортасынан пәтер алды. Әлі де жүрісі ширақ майдангердің 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына байланысты Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысқанын, Владимир Путинмен суретке түскенін де айта кету керек.

Майдангердің 60 жылға жуық отасып отырған зайыбы Нұржамал апаның да өмірі соқпақты жол болыпты. «Халық жауының» қызы ретінде қуғын-сүргінде жүрген.

– Тағдырдың тәлкегімен жүргенде талай достар таптым. Сол достықтың арқасында қазақ, орыс, неміс тілдерінде еркін сөйлеп, сауатты жаза білдім, – дейді апай. – Сонымен бірге шешен, эстон тілдерінде сөйлей алдым. Қазір ғой, кемпір болғасын ұмытып қалдым, – деп күледі Нұржамал апа.

«Елу жылда ел жаңа» деген, қазір Ғанибай және Нұржамал Амандосовтар ұл-қыз өсіріп, немерелерінің тәтті қылықтарына бөленіп жүр. Бүгінгі қызықты өмір жүректе қалған жараға дәрі болғандай. Ерте тартқан кермек дәмнің уытын қайтарғандай…

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button