Әлеумет

Жастардың сенімі

Сейсенбі күні Жастар сарайында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы алдағы сайлауға байланысты форум өткізді.  Шараға ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Ізбақ Өмірзақов, Балғали Ордабаев, Құралай Қаракен, Глеб Щегельский және облыстық, қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер, партия мүшелері мен студенттер қатысты.

Жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев партияның 2017 жылға арналған стратегиялық жоспары мен сайлауалды бағдарламасына тоқталды.

—  Партия алғашқы стратегиялық жоспарын 2007 жылы орындады. Кейін Елбасымыздың тікелей қолға алуымен 2017 жылға арналған бағдарлама бекітілді. Бұл бағдарламада біз алдымызға үлкен міндеттер қойдық. Еліміздің дамуы үшін әлі де қыруар жұмыс атқарылуы керек. Ал бұл шаруалардың барлығы сіз бен біздің күш біріктіріп, ынтымақта еңбек етуіміздің арқасында жүзеге асады. Біз бірлесіп жұмыс жүргізген кезде ғана биік белестерді бағындыра аламыз, — деді.

Сондай-ақ Балғали Ордабаев жиналғандарды алдағы сайлауға қатысуға және «Нұр Отан» партиясына дауыс беруге шақырды.

Бұдан кейін ҚР Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлер Құралай Қаракен, Глеб Щегельский, облыстық, қалалық  мәслихатқа үміткерлер Тәттігүл Талаева мен Алмагүл Бекеновалар өз пікірлерін білдіріп, жұртшылықты «Нұр Отан» партиясымен бірге болуға шақырды.

Шарада жастар да өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің 3-курс оқушысы, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі  Аман Убайшан сайлауға міндетті түрде баратынын айтты.

Себебі еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасауымыз керек. Біздің таңдаған кандидаттарымыз мемлекетіміздің дамуы үшін, жастарымыздың болашағы үшін  еңбек ететініне сенімдімін. Осы орайда барлық жастарды, сайлауға баруға шақырамын, —деді.

Шарада «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ербол Шыма, Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Надежда Березан жастарды «Нұр Отан» партиясына дауыс беруге үндеді.  Ал залда жиналған жастар «Алға Қазақстан», «Нұр Отан» деп жазылған жалаулар мен арнайы кермелерді көтеріп, ұрандатып тұрды.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button