Мәдениет

Естен кетпес күндер еді

Жадығұл Исаұлы Құлмағамбетов 1922 жылы дүниеге келген. 1941 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдасқан №101 дербес ұлттық атқыштар бригадасында болып, Ұлы Отан соғысына   қатысып, 1946 жылдың наурыз айында елге қайтты.

Кейін кеңес-партия ұйымдарында жұмыс жасады. Осы еңбектері үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталды.

Ардагер аға 1999 жылы 11 мамырда дүниеден өтті.

Бүгін біз майдангердің артында қалған жазбаларынан үзінді беріп отырмыз.

1941 жылдың күзінде Ақтөбе қаласында құрылған 101-қазақстандық дербес атқыштар бригадасының кейбір ерлік жолдарын еске түсіргім келеді.

Бұл құраманың негізгі жауынгерлері Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының қазақ жастары еді. Мен осы бригаданың дербес артиллерия дивизионына жай қатардағы өскер болып, сол жылдың қараша айында келдім. Артдивизионның басқару взводының барлаушысы болдым.

Бригада Ақтөбеде бір жылға жақын әскери дайындық, оқу-үйрену ісімен шұғылданып, 1942 жылдың тамыз айында эшелонмен Ақтөбеден аттандық. Москва түбіндегі Ногинск қаласында екі ай тұрып, Калинин майданы қарамағында 1942 жылы қараша айының басында соғысқа түстік.

Үш күн дайындық жүргізіп, бақылау пункттерін жабдықтап, ату позициясын дайындадық, бақылау – барлау жұмысын күшейте отырып жаудың нысаналарын зерттедік. Артиллеристер бригаданың жаяу әскер шабуылын қолдайтын болды.

Мишуково деревнясы үшін сұрапыл қан төгіс болды. Осы соғыста артдивизион командирі капитан Кулаков еменнің басына шығып, дүрбімен дивизион зеңбіректерінің оғына рация арқылы нұсқау беріп тұрғанда жарылған снаряд жаңқасы тиіп, бір аяғын кесіп түсті. Соғысқа келе бере командирдің мұндай жағдайға ұшырағаны өте аянышты еді.

Дивизион басқаруын бұрын соғыс-теңіз флотының артиллерия командирі, келбеті келген кішіпейіл сауыққой, солдаттардың жаны болар абзал адам, флоттың формасын киген аға лейтенант Сәлім Бегімбетов өз қолына алды.

Бригада шабуылды үдете жүргізе келіп, бірнеше елді мекендерді босатып, алдымызда түрған «Орта» деп аталатын өскери тобының 16-армиясының бетін басқа жаққа бұрғызбау міндетін абыроймен орындап шықты.

Мишуково деревнясынан ілгері қарай жылжуға мүмкіндік болмай қойды.

Орнымызды жаңа келген тың бөлімдерге бердік те, кейінге шығып күш жинауға кірістік. Майдандас аға ұстаздарды, қатар жолдастарды еске алғанда, батарея командирлері капитан Ыбырай Шоқанов, Рашид Ғалимуллин, батареяның саяси жетекшісі, капитан Сужиков, дивизион комиссары майор Сүлеймен Сейітовтар ойда тұрады.

Менің міндетім – зеңбіректердің оғын ату үшін есеп арқылы нақты сандарын алдын ала дайындап беру. Снарядтар жерге жарылып түскенде, оның дұрыс нысанаға түскенін бақылап, командирге баяндап, зеңбіректердің жауға, нысанаға дұрыс атуына түзету кіргізу.

1943 жылдың жазы. Бригада майдан шебінен қорғанысқа тұруға бұйрық алды. Бұл арада өзімнің тікелей бастығым болған дивизионның басқарушы взводының командирі Әбдірасыл Досжанов туралы айтпай кетуге болмайды. Мінезге бай, өте сыпайы жігіт еді. Бірқатар уақыт мен оның жәрдемшісі болдым. Артиллерия дегеніміз – математика. Ол аспай-саспай есебін қатесіз шығаратын. Жас лейтенант бүкіл дивизионның тактикалық саясатын басқаратын орынға көтерілді.

1943 жылдың 17 қыркүйегі күні ертемен барлық зеңбіректерден бір мезгілде белгілі нысаналар бойынша оқ атуға бұйрық алдық. Зеңбіректер үзбестен минут сайын аузынан от алып тұрды.

Немістер де аздан соң біздің жаққа қарай зеңбіректен, минометтен оқты жаудыра бастады. Біздің блиндажды байқап қалған болу керек, тікелей көздеп зеңбіректен оқ жаудырды. Екінші атқан снаряды блиндаждың амбразурасына дәл тиіп, ұзындығы төрт метрлік жуан бөренеден бес қабат етіп қаланған блиндаждың төбесін ұшырып түсіріп, жарып құлатып кетті.

Әбдірасыл өте жақсы көретін, өзі салдырған бақылау пунктінен нысаналарды жою үшін дәл есептелінген команданы телефон арқылы байланыс командиріне беріп жатты. Мен топографиялық жұмыспен блиндаждың есік жағында отырғанмын, тағы бірер адамдар болды.

Блиндаждың амбразурасына ауыр снаряд дәл тигенде Әбдірасыл дүрбімен бақылап қарап тұрған, бір кезде зеңбірек түсіп, блиндаждың іші ештеңе көрінбейтін шаң болып кетті. Бірімізді белшеден, енді біреулерді мойнына дейін топырақ кеміп тастады. Әрең дегенде екі-үш адам суырылып шығып, топырақ астында қалғандарды іздей бастадық. Қадірлі азаматымыз тік тұрған қалпында жан тапсырған екен. Әбдірасыл Досжановты сол араға жерледік.

Дивизион басқару взводының командирлік қызметін атқаруды маған жүктеді. Мен ол уақытта аға сержант едім.

1943 жылдың 7 қазанында екі аптаға созылған қан төгіс ұрыстардан кейін біздің 4 екпінді армиямыз, оның ішінде 101-бригада жаудың ірі тірек пункті және оперативтік үлкен маңызы бар коммуникациялық торабы болған Невель қаласын тартып алды. Біздің соққыларымыз батысқа қарай бұрынғыдан да күшейе түсті.

Немістер кейін шегінбеудің барлық амалын жасауда. Жолдарды, қалдырған блиндаждарын миналап, әдейі уланған тамақтарды қалдырды. Бірақ 101-атқыштар бригадасы жауды өкшелеп қуып, Смоленск облысының жүздеген елді пункттерін босатып, Белоруссия мен Прибалтика жеріне де аяқ басты.

1944 жылдың қысының бір мезгіл уақытында екінші қатардағы эшелонда тұрдық. Жаңадан келген солдат қатарын толықтырушылармен қызу жаттығу жұмысы жүріп жатты. Белоруссия жерінің ерекшілігіне орай зеңбірек расчеттары мен телефон байланыс жасайтын бөлімшелердің солдаттарын нақты қимыл-әрекет жасауға жаттықтыру жұмысы қызу жүріп жатты.

Бір күні біздің взводтың барлаушысы Зейнулла Танкаев келіп: «Сені комиссар шақырып жатыр», – деді. «Не болып қалды?» деп асығып барсам,   комиссар жер қазбасында күтіп отыр екен.

– Отыр, бір сағаттан кейін машина жүреді. Бригада саяси бөліміне барасың. Парткомиссияның отырысы болады, – деді. Парткомиссия мүшелері кезекпен сұрақ беріп, мені жан-жақты байқап болып, «мүшелікке алынсын» деген қаулыға келді. Суретке түсіп, бірер сағаттан кейін саяси бөлім бастығы толықша келген ұзын бойлы, жылы шырайлы, асқан сабырлы кісі Нұғыман Оразалин оң қолымды қатты қысып, құттықтап, партия билетін қолыма берді.

Бірқатар дайындықтан кейін 1944 жылдың жазында үлкен шабуылға дайындық жүріп жатты. Жазғы операциялар біз үшін қолайлы жағдайға өрістеп бара жатты. Бір күні Прибалтика майданы, оның ішінде 101-атқыштар бригадасы Шяуляй бағытына бет бұрды. Қатты соққыны бере отыра, Шяуляйды 27 шілде күні жаудан тазартып алуға қол жетті. Коммуникацияның негізгі торабының бірі Елгава 31 шілдеде қиян-кесті ұрыстардан кейін тартып алынды.

1944 жылы тамыз айында Жоғарғы бас командованияның бұйрығы бойынша, әскери стратегиялық тұрғыдан қарай отыра өзінің алдына қойған күрделі әскери тапсырмаларды бұлжытпай орындап, қазақстандық 101-дербес атқыштар бригадасы өз ісін аяқтады.

Бригаданың негізгі кадрлары мен мүлкі екпінді 47-атқыштар дивизиясына берілді. Біз артиллеристер сол дивизияның артполкінің қарамағына ендік. Біз өз алдымызға сол барған батарея, взвод күйімізде қалдық. Біздің 101-атқыштар бригадасының ісін әрі қарай жалғастыра бердік.

1944 жылдың қыркүйек, қазан айларында Прибалтика үшін ірі ұрыстар болып жатты.

Алдында 40-50 км жер жүріп, жауды өкшелеп қуып келіп, қалың ағаштың шетінде алдын ала жасаған бекіністе жау біздерді қарсы алды да, дереу қарсы шабуылға шықты. Екі жақтан да танктер бір-біріне кездесіп, сұрапыл қатты ұрыстар болды.

Біздің плацдармда орман қалқалап тұрған бүркеніштер баршылық еді. Оның арқасында зеңбіректерді жасырын алдыңғы қатарға тікелей атуға қоюға мүмкіншілік алдық. Мен ол уақытта взвод командирі едім. Түн ішінде взводтың екі зеңбірегін қоятын позиция алып, өздерімізге түнімен блиндаж қазып үлгердік.

Айтқандай, жау ертеңіне ертесімен үлкен дайындықпен шабуылға шықты, зеңбірек, минометтің оғын жаңбырша жаудырды. Аспаннан авиация қатысты, іле танкілері де алға шықты. Біздің алдымыздан немістің алты танкісі көрінді.

Біздің зеңбіректердің расчеттарының көпшілігі 101-бригададан келе жатқан қазақ жігіттері, әсіресе, екі зеңбіректің екі наводчиктері ерліктері үшін үкімет наградасын алған азаматтар еді.

Алты танкіні екі зеңбірекпен қарсы алдық. Қосымша позиция да дайын болатын. Тек команда бергенде ғана атыңдар деген бұйрық бердім. Қара пәлелер үстіңе төніп келе жатқанда даусының гүрсілінің өзі де зәрені алғандай. Мүмкіндігі келгенше жақындатып жібердік, екеуі бөлініп алға шықты да, қалғандары жүре алмай келеді. Біз қалың ағаштың шетінде жасырынып отырмыз. Бір уақытта шамаға келді-ау дегенде: «Брон тескіш снаряды мен атыңдар», – деп команда бердім.

Екі зеңбірек бірдей атқанда алдыңғы екі танкіні жандырып жібердік. Түтінінен алдымыз көрінбей кетті. Қалған танкілер кейін бұрылған болды. Біздер түтінді пайдаланып бір зеңбіректі запас позицияға апаруға мүмкіндік алдық. Екінші кетіп бара жатқан танкіге екінші рет оқ атқанда, жау тұрған орнын көріп қалып, өзі жүретін зеңбіректен тікелей оқ атып, біздің зеңбірегімізді ұшырып жіберді. Зеңбіректің наводчигі Құлжанов Амангелді Оралдың жігіті еді, қаза болды және екі  зарядтаушылар жаралы болып санбатқа кетті. Қалған бір зеңбірекпен өте маңызды позицияны – кең алаңды бір тәулік ұстап тұрдық. Жау сол күні үлкен күшпен төрт рет шабуылға кетерілді. Бірақ бір адым да ілгері жылжи алмады. Сол күні взводтан екі адам қаза тауып, жандарын Отан үшін пида қылды, бес адам жаралы болды.

Мен өзім 1941 жылы 101-дербес атқыштар бригадасының құрылған күнінен бастап, 1944 жылы бригада ажырап кеткенінше сонда болдым. Екі рет жараландым.

Арада біраз уақыт өтсе де кешегі зор шайқас дүбірі біздің жүрегімізде әлі күнге дейін соғып тұрғандай. Біз үшін ол қайдағы бір алысқа кеткен, тарихи оқиғаға айналған нөрсе бола алмайды. Біз сол соғыста халқымыздың бақыты мен бостандығы үшін құрбанға ұшыраған, қаһарлы шайқаста қаймықпаған, сөйтіп жеңіске жеткен жауынгерлеріміздің өлмес рухын, өшпес бейнесін көңілімізден титтей де қағажу ете алмаймыз.

Жадығұл Құлмағанбетов.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button