Әлеумет

Сізде ЖСН бар ма?

Осы жылдың 1 қаңтарына жоспарланған ЖСН/БСН-ге (жеке сәйкестендіру нөмірі мен бизнес сәйкестендіру нөмірі) көшу мекенжайлар бойынша мәліметтер базасын өзектендіруге және халық арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгеніне байланысты 2013 жылдың 1 қаңтарынан басталатын болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Болат Жәмішев Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында мәлім етті. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, қазір елімізде ЖСН/БСН-ге көшуге дайындық өте жоғары. Өйткені салық комитетінің мәліметтер қоры сәйкестендіру нөмірлеріне көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық мәліметтер базасы, банк саласы да жаңа жүйеге көшуге дайын.

Қазір облыста 4808 адамның жеке куәлігінде ЖСН жоқ. Құзырлы мекеме мамандары бұл шаруаны жыл аяғына жеткізбей орындайтындарын айтады.

 

4808 адам — ЖСН-і жоқ тұрғындар

Қадірбек АМАНБАЕВ, облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары:

Тұрғындардың көпшілігіне жеке сәйкестендіру нөмірі әлдеқашан берілген және құжатына енгізілген. Төлқұжаттарын 1997 жылдың тамыз айына дейін алған азаматтарда ғана 12 саннан құралған нөмір жоқ. Егер тұрғындар белгіленген мерзімге дейін ЖСН алып үлгермесе, онда мемлекеттік қызметтер порталына кіруге мүмкіндік болмайды, сондай-ақ жалақы немесе банктік несие де ала алмайды. Себебі, мемлекетте ЖСН енген күннен бастап, әлеуметтік жеке код пен салық төлеушінің нөмірі өз күшін жояды. Тұрғындардан жалғыз ғана сәйкестендіру нөмірі — ЖСН ғана талап етілетін болады.

Атап өту керек, сәйкестендіру нөмірінсіз тіпті Үкіметтің www.egov «электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық және интерактивтік қызметтеріне қол жеткізе алмайды.

Оның үстіне айыппұл мен коммуналдық төлемдерді, азаматтық жағдайда актілерді тіркеу секілді өзге шаруалар да жүзеге асырылмайды.

Бүгінгі күні ЖСН алу үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардың халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіліп жатыр. Әзірге азаматтардың бұл істе жауапкершілікке тартылуына ешқандай негіз жоқ.

Өткен жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, облыста 16421 адамның жеке куәлігінде ЖСН болған жоқ. Дегенмен, олардың арасында 6 мыңға жуық адамның  қайтыс болғаны анықталды.  Қазір 4808 адамның ғана жеке куәлігін қайта құжаттандыру қажет. Әрине, бұл іс мұнымен шектелмейді. Қазір көші-қон полициясы өкілдері азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінде қайтыс болған адамдарды тізімнен анықтап жатыр. Сол себепті ЖСН алмаған азаматтар санының көрсеткіші әлі де азаюы  мүмкін.

 

Бір терезе қызмет үстеліне ауысты

Бүгінде тұрғындарды халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы мен ондағы орын алған жаңалықтар ерекше қызықтыруда. Өйткені жаңа заманғы құралдармен жабдықталған Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының 0-қабатындағы кең залда тұтынушыларды қабылдап, оларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратқа кіре берістегі кезекшілер келген адамдарға жөн сілтеп,  мамандарға бағыттайды. Электронды түрде кезекке тұратын тұтынушылардың мамандармен бетпе-бет сөйлесуіне мүмкіндік бар. Қазір бұрынғыдай емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарында халықтың бір терезеге телміріп,  ұзын-сонар кезекте тұрғанын көрмейсің.

Ақтөбе облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Еркінбай Жүсіпұлының айтуынша, бүгінгі таңда алыс елді мекендердің тұрғындары үшін ЖСН бойынша қайта құжаттандыру ісі жалғасып жатыр. Ол үшін қалада және аудандарда мобильді топтар жұмыс жасайды.

— Құжаттандыру бөлімі көші-қон полициясы басқармасының құзіреттілігіне өтті. Дегенмен, құжаттандыру ісінде халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының да атқаратын өз  міндеті бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен кейбір жасы ұлғайған қариялардың құжаттарына ЖСН енгізу  жұмыстары олардың үйінде жүргізіледі. Бүгінгі күні бірқатар аудандарда жергілікті әкімдер мен  көші-қон полициясы өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде  бұл шаруа толық аяқталды. Қазір Ақтөбе қаласында әлі де болса бірнеше мобильді бригадалар ерекше топтағы азаматтардың үйлерін аралап жүр, — дейді Еркінбай Жүсіпұлы.

Мамандардың айтуынша, жеке куәлігінде 12 саннан тұратын ЖСН-і жоқ тұрғындардың халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш білдіріп, хабарласуына болады. Мамандар бұл істі тұрғындардың  жеке куәлігі мен үй кітапшасы арқылы жүзеге асырады. Ақтөбе қаласы тұрғындары үшін ЖСН мәселесіне байланысты толық ақпаратты 56-57-87 байланыс телефоны арқылы сұрап білуге болады.

 

Жылдамдық мерзімі — жеті күн

Қадірбек Қадырханұлының айтуынша, болашақта жеке құжаттардың барлығы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жеке тұлғалар мемлекеттік базасына енгізіледі. Ескі үлгідегі жеке куәліктер мерзімі аяқталғанша қолданыста қала береді. Мұндай құжаттар жаңа үлгідегі төлқұжатқа уақыты біткеннен кейін ауысады. Сол себепті көпшілік тұрғындардың ескі үлгідегі жеке куәліктерін жаңа үлгіге жаппай ауыстыруына еш мүдделілік жоқ. Бірақ ескі жеке куәліктерді ерікті түрде жаңасына ауыстырып жатқандар бар.

Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін ЖСН-і бар жеке куәлік алуда біздің жұмысымызға жергілікті атқарушы билік өкілдері мен учаскелік полицейлердің тигізер  көмегі зор.  Қазір  ЖСН енгізілген жаңа  үлгідегі жеке куәлік алуды жылдамдату мерзімі  3 категория бойынша жүргізіледі. Егер азамат төлқұжатын 7 жұмыс күні ішінде алуға өтініш білдірсе, онда банкке 1989 теңге көлемінде қаражат төлейді. Ал 10 жұмыс күні ішінде дайын болатын жеке құжатқа  904 теңге мөлшерінде қаражат жұмсалады. 15 жұмыс күні ішінде дайын болатын құжаттарға өтініш білдіруге болады. Ол үшін 563  теңге қажет. ЖСН алудың  ұзақ мерзімі —  45 күн. Бұл іс ақысыз негізде жүргізіледі, — деді Қадірбек Аманбаев.

 

44 оралманның мәселесі

Қазір «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Ақтөбе облыстық филиалының барлық құрылымдық бөлімшелері ЖСН-ге көшу үшін көптеген дайындық жұмыстарын жүргізуде. Өйткені белгіленген мерзімде зейнетақы және барлық әлеуметтік төлемдер зейнеткердің немесе жәрдемақы алушының ЖСН көрсетілген құжаты арқылы төленетін болады.

Бүгінде құрылымда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың базасы мен «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасында, сондай-ақ  екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйесінде зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың тегі, аты, әкесінің аты, туған күніне тексерулер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктер мен жинақтаушы зейнетақы қорлары, мекемелер арасындағы төлемдерді аудару жүйесіне де тестілеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Тексерулер нәтижесінде, зейнетақы және жәрдемақы алушылардың ішінде жеке куәліктерінде ЖСН-і жоқ  немесе аты-жөнінде айырмашылықтары бар азаматтар анықталыпты. Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіздіктер азаматшалардың тұрмысқа шығып немесе ұлттық ерекшеліктеріне байланысты аты-жөнін өзгертіп, зейнетақы төлеу орталығына және қызмет көрсететін екінші деңгейдегі банктерге хабарламауынан туындап отыр.

Бізге аймақтағы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық басшылығынан 44 оралманның төлқұжатына ЖСН енгізілмегендігі туралы ақпарат түсті. Десек те,  қандастарымыздың бүгінгі күнге дейін ЖСН-сіз жүруі мүмкін емес. Өйткені, көші-қон полициясы басқармасы мамандары Қазақстан Республикасы азаматтығын алған әрбір оралманға анықтама беріп, оларды құжаттандыру бөліміне жібереді. Бұл — оралмандардың салғырттығынан туындап отырған мәселе. Өйткені соңғы жылдары құжаттандыру бөлімінде рәсімделетін жеке куәліктердің барлығына ЖСН енгізілген, — дейді Қ.Аманбаев.

 

P.S. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда, азаматтардың жеке құжаттарына енген ЖСН көрсеткіші бойынша Ақтөбе облысы алдыңғы қатарда тұр. Дегенмен, төлқұжатына сәйкестендіру нөмірін әлі енгізбегендер  тізімінде облыс орталығында 2500, Мұғалжар ауданында 670, Мәртөкте 413, Хромтауда 329 адамның аты-жөні  бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button