Әлеумет

Бұқара

Қуаныш

Нұрсұлтан мен Айсұлтан

Тәуелсіздік мерекесі күні Қаратал селосындағы Мәмбетовтер отбасы күтпеген жерден қуанышқа кенелді. Нұрбектің зайыбы Жазира егіз ұл туып, бөбектердің есімін Нұрсұлтан, Айсұлтан деп қойды.

16 желтоқсан — бұл отбасы үшін ерекше күн. Себебі осыдан тура он жыл бұрын Нұрбек пен Жазира шаңырақ көтерген еді. Енді, міне, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында «қос батыр» Нұрсұлтан мен Айсұлтан өмірге келді.

Ауылдағы үлгілі отбасылардың қатарынан көрінетін бұл шаңырақта егіз сәбиден бөлек төрт бөбек өсіп келеді. Жеке шаруашылықпен айналысатын Нұрбек те, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп қызмет ететін Жазира да бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. «Бала — біздің болашағымыз. Сондықтан балаларымызға жақсы тәрбие беруіміз керек», — дейді олар.

Еліміздің мерекесі күні шекесі торсықтай екі ұлдың әкесі болғанына Нұрбек шексіз қуанды. Тіпті, ол алғаш жарының құрсағында егіз бала барын естігенде қатты қобалжығанын да айтады. Ауылдағы дәрігерлер де жас анаға облыс орталығындағы ауруханада жатып күтінуге кеңес береді. Бірақ Жазира енесі Орыншаның қасында қалған төрт баласының жайын ойлап, облыстық ауруханада тексерілген соң ауылына қайта келеді. Босанар күн таянған кезде ғана облыс орталығына келіп, «қос батырды» дүниеге әкеледі.

Нұрсұлтан мен Айсұлтанның есімін қойған жиен апасы Перизат та егіздің сыңары екен. Нағашысының отбасында дүниеге келген қос сәбидің есімін қойғанына ол қуанып жүр.

А.ҚАРАКЕСЕК,

Ақтөбе қаласы.


О, несі-ай!

Қызыммен соттасып жүрмін…

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің…» деуші еді. Шүкір, ұлым да, қызым да бар. Балаларымның қадірін білгеніммен, жетпіс бес жасқа келгенде қызым маған қызық емес, қиындық көрсетіп отыр…

Мен Темір ауданы Шұбарши ауылының тұрғынымын. Жолдасым жас кезінде мұнай бұрғылау саласында ұзақ жыл еңбек еткендіктен төрт бөлмелі үй алды. 1974 жылға дейін осы үйде тұрып, балаларымызды өсірдік. Кейін кең үйге қоныс аударғанымызбен, қуанышымыз ұзаққа бармады. 1975 жылы отбасымның тірегі жолдасым көз жұмып, алты баламен жесір қалдым.

Өмірдің ауыр жүгі мойныма артылып, қиындықтың шырмауына ілінсем де балаларыма жоқшылық көрсетпедім. Барлығын оқыттым-тоқыттым, қатарынан кем қылмадым. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым. Енді келін жұмсап, қолымды жылы суға маламын, қыздың өрісін көріп, көңілім бірленеді, немерелерімді бағамын деп жүргенімде қызым өзіме жау болды. Ақ сүтімді, өмір өрнек салған жүзімді, ақ шалған шашымды сыйламай, жарты жолда жылатып кетті.

Қызым 1978 жылы Ақтөбенің жігітіне тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеріп еді. Дәм-тұздары жараспаған соң ұзамай ауылға ажырасып қайтып келді. 1981 жылы Алға ауданының азаматына екінші рет тұрмысқа шығып, үш баланың анасы атанды. Жылдар өте келе қызым ақыл тоқтатар, ана болудың жайын ұғар деуші едім. Мұным қате болды. 1997 жылы ол отбасымен бірге ауылға көшіп келді. Бала —бауыр етің ғой, қызымның үй-жайсыз жүргені жаныма батып, баспана сатып алып бердім. Өзі әкімшілікке хатшы болып жұмысқа орналасты. 2000 жылы тұңғыш баласы мектеп бітіріп, Ақтөбеге оқуға түсті. Жыл артына жыл салып, жиендерім кезек-кезек мектеп бітіріп, қалаға оқуға аттанды. Бала оқыту оңай емес. Оның үстіне үш баланы жоғары оқу орнында оқыту үшін көп қаражат керек. Осы қиындықтан шығу үшін қызымның үйін сатып, өздерін балам Жалғастың үйіне көшіріп алып келдім. Туған қызымның қатыгез екенін білгенімде, оған жанашырлық танытпас едім ғой. Әттең, мұны кеш білдім. Отыз жыл отырған үйімді қызым үш жылға жуық уақыт ішінде өз атына жаздырып алыпты. Біз мұнан бейхабармыз. Өзі қалаға көшіп кетті.

2010 жылы үйдің құжатын іздеп, қызыма сан мәрте келдім. «Үй менің атымда. Құжаттарды бермеймін, сотқа бере бер», — деп шығарып салды. Бар амалым таусылған соң өткен жылдың шілдесінде сотқа арыз бердім. Міне, қызым екеуміз бір-бірімізді жеңе алмай жүргенімізге бір жарым жылдан асты. Жастығымда жардан жесір қалып, қорлық көрсем, қартайғанда баладан қызық көрмей қапаландым.

Құрметті редакция! Қызымның қылығына ішім күйеді, жүрегім ауырады. Бірақ амалым қанша? Балапанымның басынан сипап, қиын күндерде жанынан табылып ақыл айтқаныммен, еш дәнеңе шығара алмадым. Жасым жетпістен асқанда мұндай халге душар боламын деп ойладым ба?..

Сұлушаш НАЗАРБАЕВА,

Темір ауданы.


Сағыныш

Суретіңе ғана қараймын…

«Ақтөбе» газетінің өткен жылғы 30 маусымда шыққан санында журналист Нұрмұхамбет Дияровтың ұлағаты мол ұстаз Орда Дайрабаев туралы жазған «Тозбас тағылым иесі» атты мақаласы жарық көрді. Сол бетте мақалаға сәйкес 1957 жылы сәуір айында Алматы қаласында өткен қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың І республикалық кеңесіне қатысқан бір топ ақтөбелік делегаттардың суреті басылыпты. Қазақтың әйгілі жазушылары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен бірге суретке түскен ұстаз Кәрима Саламатинаны көргенде, қуанышымыз қойнымызға сыймады.

Өмірлік серігім болған Кәрима Нағымқызы облыстың білім саласында ұзақ жыл ұстаздық етті. Егер тірі жүрсе биыл 90 жасқа толатын оның шәкірт тәрбиелеу, білім саласына қосқан елеулі еңбегі ел есінде. Бүгінде жүздеген шәкірттері өмірдің әр саласынан өз орындарын тауып, қоғамға қызмет етіп жатыр.

Өмір жолы өзіндік өнегеге айналған Кәрима Нағымқызы  еңбек жолын Ақтөбе педагогикалық училищесінен бастап, бастауыш сынып оқытушыларын даярлауда үлкен еңбек етті.  Қазақ, орыс және шетел жазушыларының шығармаларын негізге алып, сол арқылы адамға тән кісілік қасиеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуге тырысатын.

Кәрима Нағымқызы еңбек еткен жылдарының ішінде әртүрлі тақырыптарда әдістемелік материалдар әзірлеп, шәкірттеріне ұсынудан жалықпайтын.

1995 жылдың 1 маусымында «Ақтөбе» газетінде Кәрима Нағымқызы туралы шәкірті Аққымбат Теңізбаеваның «Сол бір Абай сабағы» атты мақаласы жарық көрді. Онда: «Көркем сөз дегеннің шын мәнін педучилище қабырғасында оқып жүргенде түсіндік. Бұған арнайы пән «Мәнерлеп оқу» сабағы мен сол сабақты жүргізген Кәрима Саламатинаның тигізген ықпалы зор…», — деп ұстазға айрықша баға беріпті. Кейін баспасөз беттерінде шәкірті Клара Әлішеваның да ұстаз туралы айтқан  естелігі жарық көрді.

Сүйікті жар, аяулы ана, қадірлі ұстаз бола білген Кәрима Нағымқызының өмірден озғанына да бес жылдан асып барады. Дарынды  ұстаздың жолын қазір қызы Фатима мен ұлы Ұлықбек жалғастыруда.

Борандық ДОСМЫРЗАЕВ.

Ақтөбе қаласы.


Отбасы

Жолдасым ақша бермейді

Күйеуімнен ажырасқаныма үш жылға жуықтады. Балаларым әлі кішкентай болғандықтан, анамның зейнетақысымен күн көріп отырмын. Жолдасым әлі күнге жұмыс істемейтіндігін сылтауратып, алимент төлемейді. Ал сот орындаушылары баланы бағып отырған мені емес, ақша бермей отырған жолдасымды жақтайды.

Біз 2006 жылдың қазан айында шаңырақ көтердік. Жолдасым Дінмұхамбет Ізтілеуов сол уақытта Батыс Қазақстан облысы Ақсай ауданында қызмет ететін-ді. Кейін екі сәбиім өмірге келген тұста ол жұмыс жасауды доғарды. Мен де кішкентай баламен отырғандықтан, жұмыс жасай алмадым. Үйге табыс кірмеген соң, тұрмысымыз нашарлап, берекеміз қаша бастады. Біздің ажырасуымыздың себебі де — осы.

Баламның үлкені — үш жаста, екіншісі — тоғыз айлық. Кішкентайымның денсаулығы әлсіз болғандықтан, жиі-жиі дәрігерге қаралуға тура келеді. Бірақ қаражаттың жоқтығынан көп қиындық көріп жүрмін.

Біздің ісімізді үш сот орындаушылары қарады. Алғашқы сот отырысында ол балаларға алимент төлеуге келісім берді. Бірақ сол ақ­ша­ны ала алмай жүрмін. Екі жарым жылда төлегені — не бары сексен мың теңге. Ал оның бережағы бес жүз мың теңгеден асады. Жолдасымнан алимент алмай жүргенімді, ақшамның жоқтығынан қиындық көріп жүргенімді сот орындаушыларына айтсам: «Ол жұмыссыз ғой. Біз не істей аламыз?», ─ дейді.

Жолдасым — тепсе темір үзетіндей азамат. Оның жұмыссыз жүргеніне қарным ашады. Егер құзырлы органның мамандары талап етсе, ол алиментті төлеуге талпынар еді. Сот орындаушыларының салғырт қарағандығынан, күйеуім жалқаулыққа салынып, бізден қашып жүр. Менің балаларымды аш қалдырмауым, суықта тоңдырмауым керек. Бөбектерімді асырауым керек, мен де анамын ғой. Ал балаларыма тірек болар әке ата-анасын жағалап қашып жүр. Мен алиментті қалай өндіре аламын?

Рысгүл САТУБАЛДИНОВА,

Ақтөбе қаласы.


Акция

Кітапханаға кітап сыйлаңыз!..

Кітап — кітапханашылар үшін киелі, қасиетті дүние. Кітапханашылар әрбір кітапты мәпелеп сақтап, олардың неғұрлым оқырман қолынан көбірек  өткенін қалайды. Егер сіз кітапханаға кітап сыйға тартсаңыз, бұл — ұжым қызметкерлері үшін ғана емес, күллі оқырман үшін бағалы сыйлық…

Жарқамыс ауыл кітапханасы 2008 жылдың қазан айынан бастап жаңа үлгідегі кітапхана болып құрылып, оқырмандарына қызмет көрсетіп келеді. Қазір бұл кітапхананың қорында 15 833 дана кітап бар. «Рабис» бағдарламасы арқылы жұмыс жасайтын кітапхана ұжымы оқырмандарына қажетті кітаптарды енді электронды нұсқа арқылы тауып бере алады. Бұл — кітапханашылар үшін де, қалың оқырман үшін де тиімді бағдарлама.

Біздің кітапханада түрлі мәдени іс-шаралар, акциялар жиі ұйымдастырылады. Әсіресе, кітап қорын көбейту мақсатында өтетін «Кітапханаға — кітап» акциясын ерекше атап өтуге болады. Осы шара барысында көптеген азаматтар қолұшын берді. Соның ішінде акцияға атсалысқан, кітапхана қорына көптеген кітаптар тапсырған азамат Еркін Құрманбековті ерекше атағым келеді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай кітапханамызға тарту жасап, кітап қорының көбеюіне себепкер болған жанашыр азамат Еркін ағайға оқырмандар атынан, өз атымнан айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта да осындай кітапхана жанашырлары көп болса екен дейміз.

Сіз де кітапханаға кітап сыйлаңыз!

Мейрамгүл СЕЙІЛХАНОВА,

кітапхана меңгерушісі.

Жарқамыс ауылы.

Байғанин ауданы.

 

Наз

Көшені қардан тазаласа екен…

Мен Тілеу батыр көшесінде тұрамын. Біздің көше жазда қоқыстан, қыста қардан тазартылмайды. Жылдың қай мезгілінде де қиындық көріп жүрміз…

Менің жасым — сексен жетіде. Осы жасқа жеткенше көп еңбек еттім. Қызым да, ұлым да бөлек тұратындықтан үй шаруасын әлі өзім реттеймін. Күніне бір рет  көшеге шығып, дүкеннен азық-түлік, дүңгіршектен газет-журнал сатып аламын. Ал апта сайын мешітке барамын.

Мені қинайтыны — біздің көшеде тазалықтың жоқтығы. Жазда қоқыстан көз аша алмасақ, қыста қалың омбы қардан жүре алмаймыз. Үйіміздің алдын айтпағанда, көшенің өзі қарға толы. Өзім сияқты қарт әрі жалғызбасты адамдарға қыстың көзі қырауда қалың қарда жүру өте қиын. Оның үстіне біздер аяғымызға кеуіш-мәсі киетіндіктен қонышымыз қарға толады. Ал ұзынқонышты етік кисек, мұзда тайғанақтап жүре алмаймыз. Сондықтан көшені тазартатын мекеменің қызметкерлері қаланы қардан тазартқан кезде біздің көшені естен шығармаса екен. Бұл көшеде де қарттар мен жалғызбасты аналар тұрады…

Қаламқас ӘЛЖАНОВА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

Пікір

Шыршаның шырқын бұзба!

Жаңа жыл — жақсылықтың нышаны. Келер жылға жақсы үмітпен қарап, бақытын, байлығын берсін деп тілек тілеп жатамыз. Бұл дұрыс та шығар.

Бірақ біздің бір күндік мереке үшін орман-тоғайды кезіп, қарағай, шырша ағаштарын түбінен шауып алып, біріміз баюдың, екіншіміз сол ағашты сәндеп көңіліміздің көтеріңкі болғанын қалағанымыз дұрыс па? Жаңа жылды шыршамен, небір керемет от шашулармен қарсы алып жатқанда қайғы мен қасіретке толы табиғат ананың жанарындағы жасты кім сүртеді?

Бабаларымыз «Бір тал кессең, он тал ек» деген. Біздер керісінше, бір күндік мереке үшін табиғатқа қаншама залал әкеліп жүрміз. Сондықтан табиғатқа сән беріп тұрған жасыл алаңдағы шыршаны жұлмай, базар, дүкендердегі жасанды шыршаларды пайдалансақ игі болар еді. Табиғаттың сұлулығын сақтағанымыз өз денсаулығымызға қарағанымызбен бірдей. Үлкендер айтатын әр нәрсенің киесі бар деп. Сондықтан табиғат ананы аялайық.

…Әрине, мерекені қуанышпен, күлкімен көңілді қарсы алған дұрыс. Тек күлеміз деп  жүріп, ертеңгі күні күлкіге қалмайық…

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

айтыс ақыны.


Тағылым

Ізгі істердің ізі

Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары жоғары білім алғандар аса көп болмағаны белгілі. Көптеген талапты ұл-қыздар бір-екі жылдық арнаулы курстарды бітірген соң-ақ ортан қолдай маман болып шыға келетін.

1909 жылы Ырғыз өңірінде дүниеге келген Абдулла Сарыбеков те 1928 жылы педагогикалық курсты бітірген соң мұғалім болды. Бірақ сол кезеңде шаруашылықты ілгері бастыруға тиіс мамандар қажет болды да, екі жылдан соң ол Орынбор қаласындағы ірі қара және ветеринария институтының даярлық бөліміне жіберіліп, кейін сол институттың Ульянов атындағы жұмысшы факультетіне қабылданды. Одан соң Шалқар аудандық партия комитетінде қызмет істеді. Бірақ оқуды одан әрі жалғастыру қажет болды да, сол талпынысын нәтижелі ұштаған ол жиырма жасында Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және жер суландыру институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Одан соң оңтүстіктегі Манкент, Мақтаарал өңірлерінде 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін қызмет істеді. Ал майданда әскери училищеден білім алып шыққан жас офицерді НКВД қарамағындағы «Смерш» қарсы бақылау бөліміне жіберді. Сөйтіп 1946 жылы әскерден босағанға дейінгі өмір әрқилы жердің дәм-тұзын татқызды.

Әскерден келген, білімі тыңғылықты Абдулла Сарыбеков бірден республикамыздың Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі механикаландыру басқармасының бастығы болып іске кірісті. Ал 1955 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі алқасының мүшесі болып бекітілді.

А.Сарыбековтің 30 жылдан астамғы саналы ғұмыры, міне, осы саланы көркейтуге жұмсалды. Ол соғыстан кейінгі қиын кезеңде су шаруашылығы өндірісін механикаландыруға мол үлес қосты. Әсіресе, жер қазу және бетондау, тиеу-түсіру жұмыстарына қатты көңіл бөлді. Себебі сол кезде жұмысшылар мен қызметкерлерді ауыр қол жұмыстарынан босату міндеті алқымнан алып тұрған еді. Ал бұдан кейін республика көлемінде көптеген автобазалар, МТС-тер, шеберханалар мен автожөндеу зауыттары салынды, кәсіби механикаландыру мамандары даярланды.

А.Сарыбеков республикадағы барлық техникалар мен транспорттық құралдарға жауапты тұлға болып еді. Осы жауапкершілікті зор ынтамен атқарып, нормативті өнімдердің орындалуын қатаң бақылады, техниканы мерзімінен бұрын тоздыруға тыйым салып, есептен ерте шығарылуына жол бермеді. Осындай іскерліктің арқасында су шаруашылығы қарқынды дамыды. Ірі бөгеттер, каналдар, суармалы массивтер, су құбырлары мен өндірістік базалар салынды. Су шаруашылығы жүйесі сексенінші жылдардың басында орасан зор жұмыстарды атқара алатын жер қазатын техникамен, жүк көтергіш автокөліктермен жабдықталды. Оның кеудесіне тағылған ордендер мен медальдар — сол еселі еңбектің жемісі еді.

Абдолла аға істе әділетті, ортада жанашыр адам болатын, жас мамандарды үнемі қолдайтын және жұмысқа, кәсіпке қалай қарау керектігі жөнінде ұғымды кеңестер беріп отырудан жалықпайтын.

Кезінде Абдулла Сарыбековтің тікелей жанашырлығымен  Ырғыз ауданында Ақши көлдетіп суару нысаны, Ойыл ауданында Тамдыкөл көлдетіп суару нысаны және Ақтөбе қаласының іргесінде Сазды су қоймасы пайда болған еді.

Міне, аяулы азаматтың ел-жұрт, мемлекет алдындағы  еңбегін ұмытпай, өзі өмірге келген Ырғыз ауданының Құмтоғай елді мекенінде сол ағамыздың есімі бір көшеге берілсе, жас ұрпаққа тағылымды өнеге болар еді.

Б.ЕРІШЕВ,

Ақтөбе су шаруашылығы мемкемесінің бас маманы.

 

Айтайын дегенім…

Шылым шегемін деп…

Бәлкім, осы хаттан соң сіз мені кінәларсіз, сөгерсіз. Менің ата-анам тәрізді «Қызым саған айтамын…» деп ақыл айтарсыз. Бірақ мен сіз ойлағандай, тәрбиесіз емес едім.

Жасым — 27-де. Мамандығым — экономист. Үйдің үлкені болғандықтан, ата-анама қолғабыс етіп, бауырларыма көмек көрсетемін. Қыз бала ананың көмекшісі ғой. Өзім жоғары оқу орнын бітірген соң, бауырларымды да оқытып, қызметке орналастырдым.

Ауылға барған сайын әжем «Қыз ─ өріс» деп ақыл айтады. Менің құтты жерге қонғанымды, басыма ақ желек салғанымды әжем де көргісі келетін болар. Мен жақсы келін, сүйікті жар болудан қашпаймын. Үй шаруасына да, өз жұмыстарыма да асқан жауапкершілікпен қарайтын қызбын. Тек… көбіне достарым менен шылым шеккенім үшін сырт айналады. Университет қабырғасында оқып жүргенімде құрбыларымның үгіттеуімен темекі шегіп үйренген едім. Кейіннен ол маған әдет болып кетті. Талай рет тастауға әрекет еткен едім, бірақ шыдай алар емеспін. Темекі шеккенім болмаса, менің басқадай жаман қылықтарым жоқ. Шарап ішпеймін, жеңілтек мінез көрсетпеймін. Бірақ сонда да өзім ұнатқан адамдарды темекі шеккендігім үшін жоғалтып ала беремін.

Білем, шылымды қойғызатын арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Қыз баланың шылымнан тартар азабының көп екенін де жақсы білем. Бірақ сонда да шылым шегуді қоя алар емеспін.

Аты-жөні көрсетілмеген.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Сарыбеков Абдулла жөнінде мақаланы оқып отырып, ол кісінің менің курстасым Сарыбеков Мәуленнің әкесі екенін түсіндім.
    Мәулен де біілімді бір тоға жігіт еді. Көп жыл Алматы архитектура-құрылыс институтында ұлағатты ұстаз болды.
    Өткен шақта айтып отырған себебім өткен жетіде қадірлі Мәуленіміз 64 жасында дүниеден өтті. 04.02.2012 күні жаназасында болдым.
    Жаны жәннәтта болсын!

  2. Жалғасы. Мен де сол кіші жүздің жігітімін. Шөмекей руынан (Темірбек Жүргеновке жақынбыз). Әкем айтып отырушы еді, еліміздің жаз жайлауы-Ырғыз, қысқыстауы-Сыр болған деп. Сондықтан Ырғыз десе құлағым елең қалады. Әттең Мәуленнің де елі Ырғыз екенін ертерек білсем ғой, біраз әңгімеге арқау болған болар еді.
    Өзім Сырда (Жалағаш ауданы) туып өскенмен оқудан кейін Алматыда тұрақтап қалғанмын. Оқу орнындарында, жобалау саласында қызмет еттім.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button