Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Суррогат-ана заңдастырылған ба?

— Шетелдерде әрқилы себеппен балалы бола алмаған отбасылардың суррогат-ананың көмегін пайдаланатыны туралы ақпарат құралдарынан білеміз. Біздің елімізде осы мәселе заңдастырылған ба? Егер тыйым салынбаған болса, оны қалай рәсімдеуге болады?

Ә.

— Қазақстанда суррогат-ананың көмегіне жүгінуге заңды түрде рұқсат берілген. Сәбилі болуға тілек білдірген ерлі-зайыпты мен өзіне жасанды ұрықтандыру әдісін қолдануға немесе өскін ұрықты денесіне орналастыруға келісім берген әйелдің арасында сыйақы мөлшері көрсетілген (егер тегін жасалса, көрсетілмей-ақ) шарт рәсімделеді. Шарт жасасар алдында суррогат-ананың міндетін атқаруға келісім берген әйел қарсы тарапқа денсаулығының кінәратсыздығы, жүйкесінің саулығы, бала көтеруге қабілеттілігі туралы анықтамалар, сонымен бірге, дәрігерлік- генетикалық зерттеулер қорытындысын табыстауға міндетті.

 

Техникалық құжат ала алмай қойдым

— Үлестік қатысу жолымен пәтерге қол жеткізген едім. Онда алты айдан астам уақыттан бері тұрып жатқаныммен, өз атыма рәсімдетіп, құжаттарын ала алмай қойдым. Ғимаратты салушылардың айтуынша, әлі пайдалануға берілмеген екен. Көп пәтерлі тұрғын үйдің мемлекеттік қабылдаудан өтіп, ресми тіркелгені туралы қай мекемеден білуге болады?

Дариға

Мемлекеттік комиссияның тұрғын үйді қабылдап алған-алмағаны туралы мәліметті сәулет және қала құрылысы органдарынан біле аласыз.

 

Пәтеріме қожаңдап жүрмей ме?

— Тұрып жатқан пәтеріміздің иесі — жасы жеткен, қартайған әкем. Жиі-жиі ауыра береді. Бар күтімі менде. Әкем пәтерді нотариатта куәландырылған өсиетпен маған қалдырғысы келеді. Бірақ осы пәтерден үлес алуға (ақшалай) қайтыс болған ағамның әйелі, яғни, жеңгем мен ержеткен балалары да үмітті. Әкеміз марқұм болып кетсе, олардың соттасып, қалдырған өсиетін бұздыра алуы мүмкін бе?

Райса Ақжарқызы

Ақтөбе

Алдымен жеңгеңіз күйеуінің (сіздің ағаңыздың) әкесіне — қайынатасына мұрагер бола алмайды. Тіпті өсиет қалдырылмаған жағдайда да марқұмға заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, оның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Демек, ағаңыздың балалары (марқұмның немерелері) бірінші кезектегі мұрагер бола алмайды. Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер (яғни, өз балалары) болмаған, оларды мұрадан шеттеткен, олар мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда ғана мұрагерлiк құқығын алады. (ҚР Азаматтық кодексінің 1060, 1061 баптары). Өсиеттің күші сот арқылы әкеңіз көзі тірісінде оның рәсімделуі сәтінде ақыл-есінің ауытқушылығы себепті өз әрекетіне есеп бере алмағаны және оның салдарын түсінбегені дәлелденген жағдайда ғана бұзылуы мүмкін.

 

— Талап қою мерзімі өтіп кетті

Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында біздің ауылда тараған кеңшардың орнына ауылшаруашылық серіктестігі құрылып еді. Серіктестіктен шыққанымда қалып қойған пайымды ықтиярлы түрде ала алмайтыныма көзім жеткесін сотқа беріп едім. Сот ұйғарым шығарып, аудиторлық тексеруге жіберді. Жаңадан қоныстанған ауылым аудан орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, талап арызымның түбіне түсіп, сотқа қайта оралып, қуына алмадым. Ал, қазір жалғастырсам, нәтиже шыға ма?

Даниял Шүйіншәлі,

Ырғыз ауданы.

— Талап қою мерзімі өтіп кеткендіктен, нәтиже шығара алмайсыз. Талап арыз берудің үш жылдық мерзімі құқығыңыздың бұзылғанын білген немесе білуге тиісті болған сәттен басталады. Сіз пай иелену құқығыңыздың бұзылғанын сотқа алғашқы арызды түсіргенде білгенсіз. Бірақ осы әрекетіңізді аяғына дейін жеткізбегенсіз. Уақытыңызды өткізіп алғансыз.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 57-92-10; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button