Құқық

Бастысы — сотқа деген сенім

Ата заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жарияланды. Мемлекетіміз Президент басқаруында үш билік тармағынан құралып, оның бір тармағы тәуелсіз сот билігі болып бекітілді.

Соттың қызметі мен мәртебесі осылайша заңды түрде бекітілгеннен кейін, сот қызметкерлері өздеріне артылған орасан жауапкершілікті айқын сезінуде

Елбасымыз судьялар съезінде: «Ел тәуелсіздігі тек реформалар кезеңі ғана емес, кең мағынасында алғанда, әділеттіліктің қалыптасып-бекуінің жылдары болды. Ұзақ жылдарға созылған заңсыздық, телефон арқылы және басқа да заңнан тыс нысанда жүзеге асырылған «құқық» түрлерінен кейін адам сот билігінің күші мен беделін сезінді» деп көрсетті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сотқа деген сенімді қалыптастыру мен судьялардың беделін арттыруға қоғам болып атсалысуға шақырды.

Сот жұмысына қандай да болсын араласу, сот актілерін орындамау сотқа құрметтемеушілік болып есептеліп, ондай әрекеттері үшін лауазымды тұлғаларды қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тарту жазалары кодекстерге  рет-ретімен енгізілді.

Қазақстан Судьялар Одағының ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Халықаралық Судьялар қауымдастығына толық мүше болып қабылдануы  егемендіктің баянды болуы үшін аянбай тер төккен судьялардың толыққанды ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

Азаматтардың бұзылған құқығы мен бостандықтарын дереу қалпына келтіру мақсатында сот жұмысында кезең-кезеңімен жаңалықтар енгізу үрдісі әр жыл сайын орынды шешімін табуда.

Судьяларды кәсібилендіру нақтылы қолға алынып, олардың білімін жетілдіру, соған сәйкес соттарды мамандандыру тетіктері нақтылы жүзеге асып, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, аса ауыр қылмыстар қарайтын, әкімшілік істер қарайтын соттар және қаржылық соттар құрылып, қазіргі таңда жасөспірімдер істерін қарайтын арнаулы мамандандырылған сот /ювеналды/ құру қолға алынуда.

Қазақстандық сот жүйесінің осындай өзіндік озық  тәжірибесін басқа елдер оқып үйреніп, өз елдерінде жетістік ретінде қолдануда.

Сонымен қатар, егемендік жылдарында Конституция талаптарына сай  қамау санкциясы сотқа беріліп, азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды сот жұмысына көптеп араластыру және сот жұмысына халықтық сипат беру мақсатында аса ауыр істерді алқа билер қатысуымен қарау нақтылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ билер сотының алғашқы белгілерін қамтитын медиация институты өмірге енгізілуде.

Халықтың шағымдары мен өтініштерін дер кезінде қарап, әрі қарай ақырғы шешімін алу, ұзақ уақытқа созбаламай ыждағатты түрде шешілу үшін үш буынды сот жүйесі қалыптасуда.

Келешекте барлық санкцияны (мүлікке, хат-хабарларға тоқтам салу) сот құзырына беру жайлы заң жобалары қаралуда.

Судьялар ел егемендігінің мызғымастығын қорғау мен елімізде демократиялық принциптер орнату және мемлекеттік қарым-қатынастарды реттеуде, шиеленісі мол дауласушы тұлғалар арасындағы күрделі мәселелерді ел бірлігін сақтау ұстанымына сай қарап, мәселені әрі қарай ушықтырмай, байыптылық танытып бар ар-ожданымен  әділ шешіп, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында бар күш-жігерін  аямай, заң талаптарына сай  еңбек ете отырып сот әділдігін әрі қарай дамыта жүргізе береді.

Айтуған МАХАНБЕТОВ,

Шалқар аудандық сотының төрағасы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button