Әлеумет

Ел жаңалықтары

Шетелдерде қосымша сайлау учаскелері ашылды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетелдерде қосымша сайлау учаскелерін ашты.

«Шетелдегі Қазақстан азаматтарының сайлау науқаны барысында өз конституциялық құқықтарын іске асыру туралы өтініштеріне байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына тиесілі өтінім жасаған болатын. Осы уақытқа дейін Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің жанынан ашылған 35 сайлау учаскесі болатын. Бүгінде олардың саны тағы 21-ге арттырылып, 56-ға жеткізілді», — дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбиболлаев.

Мұндай сайлау учаскелері Қазақстанның барлық елшіліктерінде ашылады. Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, шетелдегі барлық сайлау учаскелері 15 қаңтардағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізуге толығымен дайын.

Зейнетақы мен жәрдемақы көбейді

Жаңа жылдың алғашқы жағымды жаңалығы. Үкіметтің арнайы шешімімен осы жылдың 1 қаңтарынан бастап, еліміздегі зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері көбейді. Мамандардың айтуынша, қаңтардың алғашқы күндерінен-ақ, зейнеткерлер 9 пайызға, ал жәрдемақы алып жүргендер 7 пайызға артық ақша алатын болды.
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнетақы 9 пайызға көбейді. Таратып айтсақ,

ең төменгі зейнетақы мөлшері 24 мың 47 теңгеден 26 мың 211 теңгеге дейін көтерілді. Орташа зейнетақы мөлшері 36 мың 685 теңгеден 39 мың 120 теңгеге, ал ең жоғарғы мөлшердегі зейнетақы 52 мың 226 теңгеден 56 мың 47 теңгеге дейін өсіп отыр.

«Еліміздегі әлеуметтік бағыттағы төлемдердің мөлшері, атап айтсақ, зейнетақы мөлшері Елбасымыздың 2007 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан бастап өсіп келеді. Мысалы, 2009 жылы 25 пайызға, оныншы жылы 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға көбейді. Экономикалық дағдарыстан кейінгі кезеңді алар болсақ, зейнетақысын осыншаға көбейтіп отырған ел — біз ғана. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан зейнеткерлер жаңаша есептелген, қосымшасы бар зейнетақыларын ала бастады. Ол үшін бәрі де дайын», — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітова.
Бұған қоса, биылғы жылдан бастап, әлеуметтік жәрдемақы көлемі де өсіп отыр. Мүгедектер, асыраушысынан айрылғандар мен бала бағып отырғандар және тағы да басқа әлеуметтік жәрдемге мұқтаж азаматтардың алатын жәрдемақы мөлшері 7 пайызға артты. Мүгедек баланың ата-аналары, оларды бағып-қағып отырған қамқоршылар енді 17 мың 439 теңгеден алатын болады. Бұл сома өз кезегінде еліміздегі ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейіне сәйкес келеді.

Саяси партиялардың пікірсайыстары өтеді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының мүшелері кезекті отырыс барысында «Бесінші шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының сайлауында партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың саяси пікірсайысын ұйымдастыру туралы» қаулысын қабылдады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменованың айтуынша, қаулы талаптары бойынша партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың саяси пікірсайысы 12 қаңтарда өтеді.

«Сондай-ақ, қаулы талаптарына сәйкес, пікірсайысты теледидар арқылы өткізудің тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындады. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы бағдарламалары мәселелері жөніндегі саяси пікірсайыс олардың келісімен өткізіледі. Телепікірсайыста сөз сөйлеу реті ОСК-ның партиялық тізімдерді тіркеу кезегіне сәйкес болады. Пікірсайысты ОСК-ның тапсырысымен қазақ және орыс тілдерінде «Хабар» республикалық телеарнасы түсіріп,  сайлаушылардың назарына ұсынады», —  деді ОСК мүшесі.

Л.Сүлейменованың айтуынша, пікірсайысқа партиялық тізімін ұсынған әрбір саяси партиядан бір-бір өкілден шақырылады. Пікірсайыс «Экономика еліміздің жетістігінің негізі» және «Қазақстанда адамзаттық капиталды дамыту» тақырыптары бойынша, осыған дейінгі Парламент сайлауларындағы тәртіппен өтеді.

ЖСН алу 2013 жылға дейін ұзартылды

үй кітапшасы электронды жүйеге енгізілуде

Жаңа жылдың тағы бір жаңалығы — үй кітапшасы айналымнан алынып, ӘЖК (СИК) мен СТН-нің (РНН) керегі болмайды.

«2012 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған ЖСН/БСН-ге көшу халық арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгеніне байланысты 2013 жылдың 1 қаңтарынан басталатын болады», — деп мәлім етті ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев.
Бұл нөмір әлеуметтік жеке кодты (СИК) және салық төлеушінің тіркеу нөмірін (РНН) алмастыратын болады. Ең бастысы, бұл —  қандай да бір мемлекеттік қызметке жүгінуде жинақтайтын құжаттар санын қысқартумен тығыз байланысты шара.
Сондай-ақ жеке әлеуметтік коды және салық төлеушінің нөмірі секілді үй кітапшасы да қолданыстан шығып отыр. Яғни, тұрғындардың нақты мекенжайы электронды жүйеге енгізілуде. Бұл жаңа мемлекеттік қызмет түрі әрбір қазақстандық үшін қолайлы. Өйткені жеке куәлік алу үшін өтінішті электрондық қызмет арқылы Қазақстанның кез келген жерінен беруге болады. Тек мемлекеттік порталдан мекенжайын іздегенде, оны растайтын анықтамасы болса болғаны. Ал ол ортақ базаға ену үшін азамат осы бастан халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігімен қайта тіркеуден өтіп қойғаны дұрыс. Бұл — ақысыз әрі жылдам жүргізілетін қызмет түрі.  Мекенжай анықтамасын кез келген уақытта кедергісіз алғыңыз келсе, өзіңіз туралы ақпаратты осы бастан тіркетуге асығыңыз.

Дін істері агенттігінің сайты іске қосылды

Дүйсенбіден  бастап ҚР Дін істері агенттігінің www.din.gov.kz ресми сайты өз қызметін бастады.

Агенттіктің ақпараттық порталында Қазақстан Республикасы аумағында қызметтеріне тыйым салынған террористік, экстремистік және оккультті-мистикалық ұйымдардың тізімдері, сонымен қатар, сот шешіміне сәйкес тыйым салынған діни әдебиеттерге қатысты ақпараттар берілген. Сондай-ақ сайттан республиканың барлық облыстары мен қалаларындағы діни ахуал жөнінде мағлұматтар алуға болады.
Сайтта агенттік қарамағындағы аумақтық департаменттер мен ұйымдардың байланыс мәліметтері берілген. Бұған қоса сайттың арнайы бетінде тұрғындардан келіп түскен сауалдар мен оларға берілген жауаптар орналастырылған. Агенттік пен азаматтардың өзара байланысын күшейту мақсатында құрылған сенім телефоны мен азаматтарды қабылдау кестесі  сайтта көрсетілген.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button