Заң мен тәртіп

Заң мен тәртіп бар жерде әділетті қоғам орнайды

Әділетті Қазақстан құру—Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсаттарының бірі. Осы орайда М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында  Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында түрлі іс-шара жүргізіледі. Полиция қызметі ең қиын мамандықтардың бірі, біздің оқу орнының қызметкерлері әрдайым өз мамандықтарына адал екенін дәлелдеп келеді.

Әділдік—адам бойындағы ең асыл қасиет. Ата-бабаларымыздан «Тура биде туған жоқ туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөз қалған. Қазақ халқының әділдік пен турашылдықты ту еткен қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және де басқа  би- шешендердің болғанын тарихтан жақсы білеміз. Сондай-ақ белгілі ақын Шәкәрім жастарға білімдіден ғибрат алуға, ақылмен ойлап іс қылуға, «құлқынның құлы болмай», «адамдық борыш — ар үшін қызмет ет» деп өсиет қалдырған.

Әділетті Қазақстанды адал да әділ адамдар ғана құра алады. Адамдар құқық пен заң алдында тең және бірдей мүмкіндікке ие. Заңды мүлтіксіз сақтау, баршаның заң алдында тең болуы, ең бастысы,тәртіп бұзған адамның қалайда жазасын алуы — қоғамда әділдікті орнықтырудың басты шарты. Осының бәрін іс жүзінде орындау өте маңызды. Бұл, әсіресе тұрмыстықзорлық-зомбылыққа, жемқорлыққа қарсы күреске қатысты дүниелерде айқын көрінеді.Қылмыс жасаған адамның лайықты жазалануы — әділ сот төрелігі қағидатының көрінісі ғана емес, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне тұтас мемлекетке деген сенімінің көрсеткіші. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету — баршамызға ортақ міндет. «Заң және тәртіп» қағидатының орнығуына барлық азамат ұдайы атсалысуға тиіс. Әр адамға бала кезінен бастап әділдік қасиеттерін бойына сіңіру — әрбір ата-ананың, білім ошақтарының, құқық қорғау органдарының, жалпы қоғамның басты міндеті.Әділет салтанат құрғанына көзі жеткен сәттен бастап халықтың өмір сүруге деген құлшынысы артып, халықтың билік органдарына толық сенімі орнайды, еңбек өнімділігі, кәсіпкерлік, шығармашылық дамиды. Әділетті ел болу,ең алдымен, жалпы қазақстандықтардың ұлттық идеясы және ата-бабаларымыздың асыл мұрасы десек те болады.Сондықтан ел жастары әділдікке құштар, әрбір полицей өз ісіне адал, патриот болғаны жөн.

Алуа ЖЕТЕСОВА,

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе

 заң институтының ғылыми-зерттеу және

баспа жұмысы бөлімінің редакторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button