Жасөспірімдер тәртібі — бақылауда

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте полиция департаментінің өкілдері кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары жөнінде айтты.
Нақты тіркелгенін айтсақ, биыл кәмелетке толмағандар23 қылмыс жасапты. Оның 19-ы — облыс орталығында, 2-еуі — Темір ауданында, ал Алға және Хромтау аудандарында бір-бірден тіркелген. Аталған қылмыстар бойынша 20 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Облыстық полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Суентаевтың айтуынша, бірінші тоқсанда жүргізілген рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде ішкі істер бөлімшелеріне 1832 жасөспірім жеткізілген. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде жүрген 1492 жағдайы анықталса, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында ата-анасыз жүрген 112 жасөспірім тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін 49 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар мен мекемелердің, ата-аналар қоғамдастығының өзара әрекеттестігі маңызды. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қылмыс деңгейін төмендетіп, балаларға қауіпсіз орта құруға болады.
Алдын алу жұмыстарының маңызды бір бөлігі — ата-аналармен жұмыс. Жыл басынан бері ата-аналық міндеттерін орындамағаны және балаларды жеткілікті деңгейде бақыламағаны үшін 153 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған 39 бала «Аяла» балалар үйіне орналастырылды, — деді Нұрлыбек Суентаев.
Тәрбие шараларын қолдану мақсатында кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер мен ата-аналар бойынша комиссияға 92 материал жолданған, 8 ата-ана сот шешімімен өздерінің құқығынан айырылған.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.