Басты жаңалықтарЗаң мен тәртіпМәселе

Заңсыз жүргеннің жазасы бар…

Елімізде мопед жүргізушілеріне талап күшейді. Енді олар көлік жүргізушілерімен теңесіп, жүргізуші куәлігін алып, тіркеуден өтуге тиіс. Заңнамалық өзгерістерге бағынбағандардың мопедтері айып тұрағына қойылады. Бұл қатаң талаптарға жаяу жүретіндер қуанып жатыр. Себебі былтыр өңірде мопедтің қатысуымен 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 50-ден астам адам әртүрлі дене жарақатын алған. Пайдасы мен зияны қатар жүретін механикалық көлік жүргізушілеріне қандай талап қойылады? Заңнамалық өзгерістер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға сеп бола ма? Осы және басқа да сұрақтарды облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегеновке қойған едік…

Қанша мопед тіркелді?

Оның айтуынша, бүгінде 1000-нан астам мопед тіркеуден өтіп, техникалық құжаттарын алған. 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады.

Заңнамалық өзгерістерге байланысты мопедтер механикалық көлік құралына теңестірілді. Биыл 5 сәуірден бастап заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Яғни аталған күннен бастап мопедтерді пайдалану тек полицияда тіркеуден өткен,

A, A1 және B санатындағы жүргізуші куәлігі, техникалық тексеруден өткен және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мопедтерді тіркеу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Жеке куәлік (электронды түрде көрсетуге болады), техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтермен қатар, өтініш толтырылады. Мемлекеттік баж салығы төленеді. Мопедті тіркеу үшін 0,25 айлық есептік көрсеткіш (983 теңге) мөлшерінде, тіркеу куәлігін беру үшін 1,25 айлық есептік көрсеткіш (4 915 теңге) және мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 айлық есептік көрсеткіш (5 505 теңге) төленеді. Мопедті тізгіндеу үшін А немесе А1, В санатты категория болуы керек. А1 категориясы 16 жастан асқандарға беріледі. Ал мопедтерді тек 18 жасқа толғандар ғана тіркете алады. Сондықтан жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға мопед жүргізу құқығын алу үшін автокөлік мектептерінде оқу қажет, — дейді Еркін Өтегенов.

Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасарының айтуынша, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады. Олар велосипед жолдары мен жол жиектерінде жүре алады.    

— Электр самокаттар жүргізушілеріне тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Тротуардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін маңызды. Электр самокатпен жүкпен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. 

Самокат мінген адам жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. Өкінішке қарай, біздің қалада самокат жүргізетіндерге арналған орындар өте аз. Әбілқайыр хан даңғылында ғана жаяу жүргіншілер жолының бойында велосипедтер мен скутер жүргізушілеріне арналған қызыл жолақ бар. Дегенмен ол жерден балаларын серуендетіп жүрген аналар мен зейнеткерлерді жиі көруге болады. Сондықтан барынша қауіпсіздік ережелерін сақтап жүру керек, — дейді ол.

Талап пен тәртіп

 Еркін Өтегеновтің айтуынша, 5 сәуірден бері айыппұл тұрағына 10 мопед қойылып,  мас күйінде тізгіндеген бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Енді ережеге бағынбай, тіркеусіз жүрген жүргізушілерге 10 АЕК (40 мың теңге) көлемінде айыппұл салынып, мопеді айыппұл тұрағына қойылады.

Енді мопедті басқаратындар көлік жүргізушілеріне теңестірілді. Жаңа өзгерістерге сәйкес мопедшілерге мынадай талап қарастырылған: велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолмен жүруге болмайды. Рөлді бір қолмен ұстауға, жолаушы тасуға, ауыр жүк тасуға тыйым салынады, мопедшілердің басында шлем киюі, қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын затты тағып жүруі міндетті. Мопедті басқару құқығы он алты жасқа толғандарға беріледі. Жоғарыда көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабына (жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуы) сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Шағын көлік жүргізушілеріне жолаушылар мен жүкті тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге тыйым салынады. Елімізде жылдамдықты арттыру салдарынан мопед жүргізушілері жол-көлік оқиғасына жиі ұшырап жатады. Осыған  байланысты жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды сұраймыз. Ата-аналарға біздің ұсыныстарымызды тыңдауға, балаларына мопед сатып алмауға шақырамыз, — дейді басқарма бастығының орынбасары.

Жүргізушілер пікірі

Қала тұрғындарының арасында мопедтер мен электр самокаттарды әртүрлі мақсатта пайдаланатындар бар. Самғат Саяхатов мопедті тіркеу көп уақыт алмайтындығын айтады.

Мопед жүргізушілеріне қатысты талаптың күшейтілетінін естіп, бірден көлігімді тіркетуге асықтым. Халыққа қызмет көрсету орталығына ерте келіп, түске дейін көлігімді тіркеттім. Заңнамалық өзгеріс дер кезінде қабылданған оң шешім деп ойлаймын. Себебі мопедті тізгіндеген жастардың қатысуымен болатын жол апаттарының көптігі алаңдатады. Өзім бұл техниканы курьер болып жасағанда сатып алдым. Қазір тек мопедті қажет кезінде ғана пайдаланамын. Жүргізушілерге айтарым, мопед жүргізгенде сақтық шараларын қатаң сақтаңыз. Әсіресе кішкентай балалар жүретін жерлерде электр самокат пен мопедтің жылдамдығын азайтып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау міндетті, — дейді Самғат Саяхатов.

Ал қала тұрғыны Нұрсұлтан Бүркіт болса мопед жүргізуді 16 жасында үйренгендігін айтады. Ол мопед пен самокатты діттеген жеріне тез жету үшін пайдаланады.

Күн жылыса, қала көшелерінде мопедтер мен электр самокаттар қаздай тізіліп тұрады. Әрине, жетер жерге тез апаратын мұндай да көліктің болғаны жақсы-ау, бірақ оның пайдасымен бірге, зияны да бар. Достарымызбен электр самокатты күн сайын бір-екі сағатқа жалға алып тебеміз. Өзімнің жеке мопедім жоқ. Арасында ағамның тіркелген мопедін алып, қала көшелерін аралап шығамын. Жастармен бірге аталған көлік түрін тізгіндеп, түрлі мазмұнды бейнебаяндар түсіреміз. Заң бәріне ортақ. Сондықтан мопедшілер жаяу жүргіншілерге зиянын тигізбей, жол ережесін бұзбаса, жол апаттары азаяр еді, — дейді Нұрсұлтан Бүркіт.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button