Білімге құштарлықты арттырады
Аида КАДЫН,
студент.
Мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Heriot Watt халықаралық кампусының II курс студентімін. Мамандығым – мұнай инженериясы және энергоменеджмент. 2023 жылы осы мамандыққа мемлекеттік грант арқылы түстім. Ол кезде шәкіртақы мөлшері 41898 теңге болған.
Әр жаңа оқу жылында шәкіртақы көлемі өсіп отырды: 2024 жылы қыркүйек айында техникалық мамандықтар үшін 47135 теңгеге дейін артса, қазіргі 2025 жылы шәкіртақы 52372 теңгеге жетті. Бұл өсім – студенттер үшін үлкен қолдау және ынталандыру.
Бұған қоса, университетімізде жоғары академиялық көрсеткішке ие студенттерге арнайы жоғары шәкіртақы тағайындалады. Оның мөлшері студенттің GPA балына байланысты. Соңғы екі жылда оқу үлгерімімді жоғары деңгейде ұстап, осы жоғары шәкіртақыға ие болып келемін.
Шәкіртақы – тек қаржылық қолдау ғана емес, сонымен қатар үлкен мотивация. Ол студенттерді үздік оқуға ынталандырып, білімге деген құштарлықты арттырады. Өзім сияқты жастарды арманына жетуге шабыттандырады және білімнің құнды екенін көрсетеді.